Четверг, 29 Июнь 2017
-->

ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Астана қалалық мәслихатының депутаттары елордадағы медициналық нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен депутаттар Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына ат басын тіреді.

photo_186965

Бас дәрігер Сапарбек Дүйсеновтің айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жедел медициналық жәрдем станциясы сақадай сай. Өйткені ол көрме өткізу кезеңінде бригадалар саны 5 есеге дейін көбейгенін атап өтті.

– Әдетте, біздің диспетчерлер бір тәулікте мыңдаған адамның шақыруын қабылдап, телефон арқылы кеңес береді. Сондықтан да біз халықаралық көрме кезінде бригадалардың санын арттырып отырмыз. Өйткені ЭКСПО-ға шет елден келген қонақтар қазірдің өзінде қоңырау соғып, тіркеле бастады. Осы ретте бізге қоңырау шалған шет елдік қонақтар тіл мәселесіне тап болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі біздің диспетчерлер ағылшын, түрік, неміс, қытай, жапон және тағы да басқа тілдерде қызмет көрсетуге үйреніп қалған, – дейді ол.

Сондай-ақ, ол бұған дейін жедел жәрдем көлігінің жетіспеуінен туындаған мәселе шешімін тапқанын атап өтті. Алайда бас дәрігер қызметкерлеріне төленетін жалақы мөлшері 2011 жылдан бері өзгермегенін айтты. Мәселен, оқуын бітіріп келген фельдшерлер жедел медициналық жәрдем станциясында тәжірибе жинақтап, жалақысы жоғары жаққа кетіп қалатын көрінеді. Сондықтан да Сапарбек Дүйсенов мәслихат депутаттарынан еңбекақы мәселесін оңтайлы шешіп беруді өтінді. Бұдан бөлек, ол медбикелердің тұрғын үй мәселесіне назар аударды. Өйткені онсыз да аз жалақы алатын медбикелер ақшасының тең жартысынан астамын пәтер жалдауға жұмсап жатыр.

Сондай-ақ, мәслихат депутаттары 77 мың халық тіркелген №6 қалалық емханаға барды. Бас дәрігер Динара Байсеркинаның айтуынша, емханада ауыр дерттен зардап шегуші балаларға арналған аналар клубы жұмыс істейді. Бұдан кейін мәслихат депутаттары Үркер тұрғын алабында орналасқан №12 қалалық емхананың жұмысымен танысты. Қазіргі таңда аталған емханада 20 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Өкінішке қарай, емханада педиатрия саласында жұмыс істейтін мамандар жетіспей отыр. Ал депутаттар қордаланған мәселені мәслихат сессиясында көтеретінін айтып, уәде етті.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*