«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоңырқұлжаға ескерткіш тақта қойылды

0 125

Өткен сенбі күні бас шаһарда тағылымды бір іс-шара өтті. Ақмола округінің алғашқы аға сұлтаны, Орта жүздің ханы Сәмекенің шөбересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлына арнап, 1842 жылы өз қаржысына салдырған мешіттің орнына тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды.

Бұл Алланың ақ үйі қа­зіргі Амангелді Иманов көшесіндегі №2 үйдің орнында болған. Мешіт жанынан медресе ашы­лып, қазақ балалары одан ал­ғаш діни сауатын ашқан. Бұл медресені елордадағы алғашқы мектеп деп айтуға болады. Алайда киелі орын кеңес өкіметі орнағаннан кейін, яғни 1920 жылы өртеніп кеткен.
Бүгінгі астананың тарихы осы өңірге билік жүргізген Тәуке ханның ұрпақтарымен тығыз байланысты. Ақмола округінің ашылуына да тікелей Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы себепкер бол­ған. Патшаның алдында беделі зор сұлтан өзі көшіп-қонып жүрген өлкеден жаңа округ ашып беру туралы өтініш жазады. Бұл өтініш ескеріліп, 1832 жылы Ақмола бекінісінің алғашқы қазығы қағылды.
Тағылымды шараға қатысқан ел ақсақалдары Қоңырқұлжаның патшаға дейін барып, қазақтан әскер алмауын талап етіп, қолхат жаздыртып алғандығын сөз етті.
Тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов аға сұлтанның Ақмоладан мешіт салу үшін аянбағандығын айтты.
«Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы патшаға дейін барып, жаңа ашылған округтен мешіт салуға рұқсат алды. Оның құрылысы 1838 жылы басталып, 1842 жылы аяқталды. Сол кезде мешітке мың­даған адамдар келіп, намаз оқыған. Бүгінгі бас қаламыз – көреген басшы, реформатор Тәуке ханның ордасы болды. Қоңырқұлжа да – осы айбынды бабамыздың ұрпағы» деді ол.
Қарағанды облысынан келген аға сұлтанның ұрпағы Асылбек Алтынов алдағы таңда бабасының есіміне көше беріп, ескерткіш орнатуды қолға алып отырғанын жеткізді.
Ескерткіш тақта ашыл­ғаннан кейін жұртшылық елорданың іргесіндегі Ахмет төре ауылындағы Қоңырқұлжаның кесенесіне барып, дұға бағыштады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды