«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қолөнер – ұлттық қазына

0 93

Ине сабақтап, кесте тігіп, кешегі өткен алтынқол әжелеріміздің жолын жалғап жүрген шеберлердің бірі – Перуза Ілиясова. Елордалық тігінші бүгінде өз қолынан шыққан түрлі ұлттық бұйымдарды саудалап, нәпақа тауып жүр.

 

Перуза апай елордаға алғаш келген күннен бастап қолөнердің қадірін арттыру үшін заманауи технологияны пайдаланып, қазіргі уақытқа сай икемдеп шығаруды мақсат еткен. «Ұлттық бұйымдарды бүгiнгi заманның тынысымен үндестiре білсек, өтімді болатынын ұқтым. Кезінде тек Наурыз мерекесінде ғана тапсырыс болатын болса, қазір ұлттық үлгідегі кез келген бұйымдарға сұраныс жоғары. Әсіресе, қыз жасауы, үкі жастық, құрақ көрпеше, перде, түрлі пішіндегі сырмақтар мен қоржын қалталардың түр-түрін тігіп, сатамыз. Мата мен таспаны арнайы техникамен және қолмен көмкеру арқылы тiгiлген кез келген бұйым ерекше әдемі шығады» дейді іскер жан.
Бүгінде Перуза апайдың «Сырмақ» атты қолөнер үйі бар. Ұлттық құндылығымызды паш ететін небір әйбат дүниелері көздің жауын алады. Мәселен, ұлттық қамзолдар мен балабақша ұландарына арнап тігілген «Қара жорға» би киімдерін сатып алушылар көп. Ал үйін қазақы үлгімен безендіретін келіншектер орындықтардың тысын оюлатып, арнайы тапсырыспен жасатады. Астанада алғаш ашылған «Halykmart» сауда үйінде ұлттық бұйымдар сататын сөредегі дүниелердің барлығы Перуза апайдың қолынан шыққан. Аталмыш дүкен қолөнер шеберімен тікелей байланыста жұмыс істейді.
– Қазақтың қазынасы – қолөнері. Кезінде қолөнер шеберлері ою-өрнектерді, табиғи шикізатты пайдалана отырып, тұрмыстық заттарды да жасаған. Тек үй тұрмысына қажетті бұйымдарды жасап қоймай, оларды әшекейлеуді, безендіруді, нақышты өрнектер салуды шебер меңгерген. Ісмерлер ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы халқымыздың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет. Сол үшін қолым қалт ете қалған жағдайды қөлөнер бұйымдарына қызығатын қыз-келіншектер үшін шеберлік дәрістер ұйымдастырамын, – дейді Перуза Ілиясова.
Шебердің қолынан шыққан дүниелердің бағасына келсек, ең арзаны сырмақ 1500-2000 теңгеден басталса, авторлық құрақ көрпе мен көрпешелердің тұтас коллекциясы 300 мыңға дейін барады. Айта кетейік, Перуза апай қазақтың дәстүрін жаңа қырынан танытып жүрген танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзададан дәріс алған. Яғни «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінен білім алып, шеберлігін шыңдаған. Бүгінде өзі де шәкірт дайындап, ұлттық бұйымдарымызды ұлықтап жүрген санаулы шеберлердің қатарын толықтырып келеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды