«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қолды болған құндылықтар

0 83

Соңғы мыңжылдықтар шамасында Ұлы дала ұландарының ашқан жаңалықтары мен адамзат өркениетіне қосқан үлестері сансыз. Бірақ бұлардың кейбіреуі ескерусіз қалса, енді біразы қолды болып кеткендері жасырын емес. Сол құндылықтарды бабаларымыздың ақыл-ойларының нәтижесі десек, бүгінде ешкім сене де қоймас.

Сондықтан қазақ жерінде пайда болып, басқалар иемденіп жүрген құндылықтардың біразына тоқталып өтсем деймін. Олардың ең алғашқысы – осыдан бірнеше мыңжылдық бұрын тастан қашалып жасалған «Тобыл ойшылы» мүсіні. Бұл мүсінді өткен ғасырдың аяғында (1995 ж.) Тобыл өзенінің сол жақ жағалауында жер жыртып жүрген механизаторлар тауып алып, Қостанай облыстық өлкетану музейіне тапсырады. Сол кездегі облыс басшылары бұл кереметке үлкен мамандар ғылыми түрде баға берсін деген оймен көмекке көршілес жатқан Челябі мемлекеттік университетінен ғалымдар шақырады. Бұл жаңалықты естіген ғалымдар, солардың ішінде тарих ғылымдарының докторы Г.Зданович бір топ маманмен Қостанайға келіп, мүсінді көргенде таңғалады. Бір-екі күн оны әрлі-берлі зерттеген ғалымдар міндетті түрде осы мүсіннің көшірмесін алу үшін Челябі қаласынан арнайы шеберлер шақырып, олар «Тобыл ойшылының» бірнеше көшірмесін жасатады. Сол кездегі облыс басшылары бұл шаруаға неге Қазақстан ғалымдарын шақырмады? Ол жағы маған белгісіз. Білетіндердің айтуына сенсек, біз оларды да шақырдық, бірақ қазақстандық ғалымдар біздің шақыруымызға көңіл бөлмеді ғой дейді. Солай болса, болған шығар. Қазақстан археологтары бұл жаққа (Қостанай жаққа) ат іздерін салмағандарына жиырма-отыз жылдан астам уақыт, тіпті одан да көп мерзім өтті. Сол жолы олар келіп, өзіміздің жерден табылған тарихи жәдігерді (мүсінді) өздері зерттеп, бұл феноменге өздері баға бергенде, «Тобыл ойшылының» мәні мен мағынасына берілген баға да, көзқарас та басқаша болар ма еді. Егер сол жолы Қостанайға көрші ел ғалымдары емес, қазақ ғалымдары келгенде бұл мүсіннің аты «Тобыл ойшылы» емес, «Тұран ойшылы» болар еді. Себебі мына мүсін жасалған кезде (бұдан төрт-бес мың жыл бұрын) біздің өзенімізге «Тобыл» деп ат беретін халық бұл маңда болған жоқ.
Қолды болған екінші құндылық – бұл Арқайым. Олай дейтініміз, Арқайымның тұрған жері о баста қазақ жері болатын. Сонау 16-17-ғасырлардан Жайық өзенінің бергі беті қалың қазаққа тиесілі еді. Тек қазақтар бодан болғаннан кейін ғана, нақтылап айт­қанда, Орынбор генерал-губернаторы И.Неп­люев ылғи да қырғи-қабақ, бірімен-бірі соғысып жүрген башқұрттар мен қазақтардың арасын айырамыз – екеуінің арасына тыныштық орнатамыз деген желеумен алдымен башқұрттар мен қазақтарды Жайық­тың ең шұрайлы деген екі жақ бетінен далаға қарай қуып шықса, кейін И.Неплюевтің орнына келген граф Т.Сухтелен (1812 жылғы орыс-француз соғысының батыры) Александр бірінші патшаға «…бұл маңдағы қазақ-орыс шекарасы тым ұзын, сондықтан да оны ұстап тұру бізге өте қымбатқа түсуде. Егер бұл маңдағы жаңа шекара шебін Ор қаласынан Троицкке тура тартсақ, онда оның ұзындығы біраз қысқарып, шекараны ұстау­ға кететін шығынымыз да бірталай азаяр еді» деген ұсынысы патшадан қолдау табады.
Біздің елге айта алмай, насихаттай алмай жүрген тағы бір байлығымыз – бұл «буана». Иә, бұл – кәдімгі монша. Ертеде халқымыз моншаға түсіп, әбден рахаттанғанда «анам­нан жаңа туғандай болдым» дейтіні бар. Сол адамды буға бөлеп рахаттандыратын, тынысын кеңейтіп, тәнін ғана емес, жанын да, ішкі дүниесін де тазартатын жерді бабаларымыз «буана» деген екен. Біздер бұл сөзді ұмытқалы қашан…
1956 жылдың жазында Жітіқара ауданындағы Қондыбай ауылында тұратын апа-жездемнің үйіне қыдырып бардым. Оларға көрші, бізге туыс Кенжебай деген ағай тұрады екен. Бірде сол кісі: «Ауылда балалармен жүгіріп, шаң жұтқанша, бірге буанаға барып келейік. Қасиетті жер. Көргенің артық болмас, маған серік бол» деп ертіп кетіп, сол жерді маған көрсетіп еді.
1990 жылы менің қолыма әп-әдемі етіп қызыл матамен тысталған «Хрестоматия по истории СССР» деген кітап түсті. Оны оқып таңғалдым. Осы кітаптың 11-бетінде скифтердің мәдениеті туралы былайша жазылған: «… скифы… для очищения тела ставят три шеста, наклоненных один к другому. Натягивают на них войлоки, плотно между собой связанные; посреди шатра ставится ванна, в которую бросают до карасна раскаленные камни… В скифии произрастает конопля, очень похожая на лень, только гораздо толще и выше его… С семенами конопли в руках скифы входят под войлок шатра и там бросают семена на раскаленные камни; от этого поднимается такой пар, что никакая эллинская баня не превзойдет в этом отношений скифской. Скифы наслаждаются такой баней и вопят от удовольствия…» (Хрестоматия по истории СССР. Составитель профессор П.Епифанов, М. «Просвещение. 1980-271).
Міне, ғажап! Менің бала кезімде Қондыбай көлінің жағасынан көрген «буанам» мына профессордың «скифтердің моншасы» деп отырғаны емес пе?! Тіпті скиф­тердің құрып жүргендері уақытша буана болса, менің Жітіқара ауданы Қондыбай көлінің жағасында көргенім тастан қаланған тұрақты буана ғой. Сонда өзге ұлт өкілдерінің «баня» деп жүргендері – біздің «буанамыздың» жай ғана қарапайым түрі болғаны. Иә, солай. Араб, иран халықтарының «монша» деп жүргендері де жай ғана сумен жуынатын, ыстық сумен шайынатын жер болса, біздің «буанамыз» (скифтердің моншасы) бумен-буға түсетін, будың қызуымен тазарып, кендір дәнінің иісімен ішкі тынысын да тазартып, жан рахатына бөлейтін, денеге сіңген суықты шығарады. Сондықтан бабаларымыз ашқан жаңалықты қайтадан жаңғыртайық. Ол біздің мақтанышымыз болуы керек.

Қуанышбай ОРМАНОВ,
журналист-зерттеуші

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды