Вторник, 25 Июль 2017
-->

ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛАНЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Елорда төрінде Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблея­сының ХХV сессиясы өтті. 28 қаланың 100-ге жуық өкілі қатысқан шарада «Жаһандық мәселелерге жауап ретінде қалаларды тұрақты дамытудың жаңа бағдарламасы» талқыланды. Ауқымды басқосуда қала әкімі Әсет Исекешев Мэрлер кеңесін құру бастамасын көтеріп, елорданы тұрақты дамыту тәжірибесімен бөлісті.

– Астана қаласы төртінші рет ассамблеяның маңызды шарасын өткізіп отыр. Биылғы сессия жұмысы баламалы энергия тақырыбын арқау еткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесімен тұспа-тұс келді. «Жасыл экономикаға» көшу – адамзат алдындағы экологиялық ахуалды жақсартудың бірден-бір жолы. Ендеше, аталмыш міндет экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейді, – деді қала әкімі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, пленарлық отырыста қаралатын тақырыптар көрме мазмұнымен үндес. Оның бірі – қаланың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу болса, екіншісі заманауи урбанизация жағдайында көлік жүйесін басқару.

Басқосуға 28 қаланың 100-ге жуық өкілдері, 5 халық­аралық бірлестік пен бірқатар ғылыми және сараптамалық ұйымдардың мүшелері қатысты. Басты мәселе – қалалардың кешенді тұрақты дамуын қаматамасыз ету үшін инновациялық шешімдер іздеу. Жиында сөз алған «ТМД-ның экономикалық даму іскерлік орталығы» коммерциялық емес серіктестігінің бас директоры Владимир Савченко алдымен еліміздің халықаралық аренадағы беделін сөз етті. «Тура 25 жыл бұрын дәл осы елде Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы шартқа қол қо­йылған еді. Енді, міне, бой көтергеніне 19 ғана жыл болған қалада бас қосып отырмыз.

Президент бастамасымен салынған қала аз уақыттың ішінде әйгілі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды жыл сайын ядролық қарусыздану күні ретінде атап өтеді, бұл да Қазақстан Президентінің еңбегі. Жақын арада мұнда ТМД елдерінің зиянды қалдықтарды жою мәселелеріне арналған сессия­сы өтеді. Ал бүгін қалаларды басқарудың тиімді жолдарын құруды талқыламақпыз» деді ол. Сондай-ақ Владимир Савченко елорда әкімі Әсет Исекешевтің жаңа технологияларды енгізудегі жұмыстарына ерекше тоқталды. Осы саладағы ерен еңбегін ескере отырып, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына – 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.

Ирек ЯЛАЛОВ,
Астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассамблеясының президенті:

– Урбанистика ғылымы әлемдегі ірі қалаларды дамытуда нақты болжамға сүйенеді. Мәселен, алдағы 25-30 жылда әлемдік ЖІӨ-нің 50 пайызы 600 қала есебінен болатыны анықталған. Әрине, біз ассамблея мүшелері осы тізімнің қатарына кіруді көздейміз. Астана және Мәскеу қалаларының бұл тізімге кіретіні заңдылық, дегенмен басқа да қалалардың алға қарай дамуы маңызды.

Эрнис ЗАРЛЫКОВ,
Бішкек қаласының бірінші вице-мэрі:

– Шағын және ірі қалаларды дамытуда ақылды технологияларды қолданысқа енгізу маңызды қадам болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды алға қарай жылжытуда халықаралық деңгейдегі ассамблеяның жұмысы серпін береді. Түрлі саланың жетекші сарапшылары бас қосқан отырыста мегаполистерді тұрақты дамытудың жолдары кеңінен қарастырылды.

Мэрлер кеңесі бастамасы

Сессия барысында Астана әкімі Әсет Исекешев 2020 жылға дейін қаланы дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін айтып, онда тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен қалалық ортаның сапасын көтеру және халықтың табысын арттыруға негізделген бағыттарды ерекшеледі.

«Астана айтулы шаралардың алаңына айналуы тиіс. Түрлі форумдар, іскерлік конференциялар, саммиттер, мәдени-спорттық шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Әуежай, вокзал, қонақүйлер, кең көшелер мен дамыған инфрақұрылым – соның дәлелі. Біз шетелдік туристердің жыл сайын келуін 1 млн-ға, отандастарымызды 2 млн-ға жеткізуді көздейміз. Бұл көрсеткіш туристердің саны үш есеге артатынын білдіреді. Британдық The Telegraph танымал басылымы елордамызды туристерді тартуға мүмкіндігі бар қала деп бекер жазбаса керек-ті» деді қала әкімі Әсет Исекешев. Сонымен қатар шаһар басшысы Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына мүше елдердің Мэрлер кеңесін құру бастамасын да көтерді.

Ірі қалалар мен астаналардың халықаралық ассамблеясы – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлесіп әрекет етуді ұйымдастыру үшін 1998 жылы құрылған қоғамдық ұйым. Қазіргі уақытта оның құрамына ТМД-ға кіретін 9 елдің 87 шаһары бар. Біздің еліміздің 9 қаласы мүше. Бұған дейін 2001, 2005 және 2008 жылдары өткізілген жиын елордада биыл 4-інші рет ұйымдастырылып отыр.

«Мэрлер кеңесі прагматикалық алаңға айналуы тиіс. Жалпы ШЫҰ құрылымында Үкімет басшыларының, Сырт­қы істер министрлерінің, әр министрлік пен ведомстволардың арнайы кеңестері құрылған. Демек, Мэрлер кеңесін құру бастамамыз да бүгінгі күні барынша өзекті болып отыр. Мақсаты – сауда саласындағы ынтымақтастықты арттыру, қала құрылысы, энергия тиімділігі, смарт-технология, қоғамдық көліктер, электронды коммерцияны дамыту және университеттер арасындағы байланыстарды нығайту. Ағымдағы жылдың күзінде жұмысын бастауға дайынбыз. Бұл бастамаға қолдау білдірсеңіздер, оны Астанада ұйымдастыра аламыз» деді Әсет Исекешев.

Инновациялық тәжірибелер

Басқосуда ассамблеяға мүше қалалардың басшылары қаланы дамытудағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірі жасыл технология саласында жеткен жетістіктерін айтса, енді бірі қаланы басқарудағы жаңаша ойларын ортаға салды. Ақылды қалалардың қатарына кіру жолындағы сәтті қадамдарын айтқандар да болды. Осылайша, қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайында қаланың кешенді тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық жетістіктерін таныстырып, тәжірибе алмасты.

Халықаралық ассоциация сессиясының қарауына 2016-2017 жылдар аралығындағы Ассамблеяның қызметі жөніндегі есебі тыңдалып, болашақтағы қызмет аясының басым салалары айқындалды. Одан кейін сессия бағдарламасы пленарлық отырысқа ұласты. Әр аймақтан келген сарапшылар қаланың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу мен заманауи урбанизация жағдайында көлік жүйесін басқару мәселелерін талқылады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*