«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚОҒАММЕН ЖҰМЫС МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАЛАНДЫ

0 67

Ата-аналар мен ұстаздар Астанадағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясы маңайын жарықтандыруды, ал №8 орта мектептің маңына қауіпсіздік мақсатында бағдаршам орнатуды сұрап отыр. Кеше бұл мәселелер қалалық мәслихаттың Заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында көтерілді.

bagdarsham

Жиында Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев елордада қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдары қабылдаған шаралар жөнінде баяндады. Мектептер жөніндегі мәселеге қатысты ол: «Таңертең №8 орта мектептің жанында полицияның жол реттеуші қызметкерінің тұратынын күнде көремін. Бағдаршам қою жа­йынан да хабардармыз. Бұл жағы қаржыландыруға тіреліп отыр. Ал №7 мектеп-гимназиясы мәселесін аудан әкімдігімен бірлесіп қараймыз. Қорытындысы туралы білетін боласыздар» деп жауап берді.
Сондай-ақ, баяндамашы кадр тапшылығы мәселесін қозғады. Оның айтуынша, Жергілікті полиция қызметінде кадр тұрақ­тамайды. Жалақының азды­ғы­нан, баспананың жоқты­ғынан қызметкерлердің көбі басқа жұмысқа ауысып жатыр. Бұл қызметке адамдар көбінесе басқа аймақтардан келіп орналасады екен. «Қызметкер­леріміздің 15 пайызы ғана Астананың немесе онымен көршілес орналасқан Ақмола облысының тумалары. Полицияға қызметке негізінен елордаға алыс өңірлерден келетіндер орналасуда. Әрине, баспана мәселесі туындайды. Қызметкерлерімізге 10 пәтер берілген болатын. Алайда ол аздық етіп тұр. 60-70 мың теңге жалақыға пәтер жалдау қиын» деген ол аталған мәселелерді шешіп беруін сұрады.
Сондай-ақ, отырыста Астана қаласының аумағында құ­ры­лыс салу мәселелеріндегі түйткілді қалалық прокуратура өкілі жеткізді. Көтерілген мәселелердің қатарында мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін немесе өзге мүліктерді сатып алу шарттардың жобаларын келісу болды. Бұған қатысты жағдаймен Астана қаласының Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов пен қалалық Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин таныстырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды