ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚЫСҚА ДАЙЫН

Бүгінде Астанада 1140-тан аса қоғамдық көлік қала ішіндегі жолаушыларға қызмет көрсетуде. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-турында мәлім болды.

ЖАҢА МАРШРУТТАР ҚОСЫЛДЫ
Тілшілер тобы баспасөз-тур барысында №1 және №3 автобус парктерінің көлік құралдарымен және техникалық инфрақұрылымдарының жағ­дайымен танысып, кәсіп­орын­дардың қысқы маусымға дайындықтарын бақылады.
БАҚ өкілдерін тасымалдаған автобус алдымен №1 автобус паркінің алаңына аял­дады. Меймандарды кеңсе сыртынан қарсы алған «№1 автобустық паркі» АҚ басқарма төрағасы Сәбит Болатов БАҚ өкілдеріне өздерінің жұмыстарын таныстырып өтті. Ал кәсіпорынның мәжіліс залындағы журналистермен кездесуге «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов пен IVECO Allur Auto Астана жобасының басшысы Антон Майер қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов Мемлекет басшысының «Астананың жолаушылар көлігін модернизациялау және жылжымалы құрамды жаңарту туралы» тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары заманауи автобус­тарды сатып алу бойынша тендерлердің ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, астаналық 9 жо­лаушы тасымалдаушы кәсіп­орынға тиесілі 1140-тан аса автобустың 738-і жетекші IVECO BUS еуропалық компаниясының заманауи автобустары екен. Жалпы, елордадағы қоғамдық көліктердің қысқы маусымға 100 пайыз дайын екенін айтқан Бейбіт Есжанов өз сөзінде атқарып жатқан жұмыстары жайлы да баяндап өтті.
– Қалаішілік рейстерге жаңа маршруттар қосылды. Мәселен, №47, 54 және 104 экспресс автобустары жолау­шыларға қызмет көрсете бастады. Ал №100 экспресс автобусы тек ЭКСПО кезінде ғана қолданысқа енгізілген еді. Бірақ жолаушылардың өтініші бойынша ол әрі қарай да қызметін жалғастыратын болады. Сол сияқты қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын автобустардың да қатары толықты. Мысалы, Астана – Қосшы бағытындағы №303 автобусының интервал уақыты 4 минут болса да, жолаушысы өте көп. Сондықтан «Лесная полянаға» дейін таңертең және кешкілік уақыттарда жүретін қосымша №301 автобусын қосуға тура келді. Өйткені, әсіресе, таңертеңгілік уақытта Қосшыдан шыққан жолаушы толы автобустар «Лесная полянаға» тоқтамай өтіп кетеді екен. Тұрғындардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, осындай шешім қабылдадық. Қазір жағдай реттелді, – дейді Б.Есжанов.

ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЖАЙЛЫ АВТОБУСТАР
Ал «№1 автобустық паркі» АҚ басқарма төрағасы Сәбит Болатов өзі басқарып отырған кәсіпорын жайлы кеңінен әңгімеледі.
– Елордадағы жолаушы та­сымалдаудың 40 пайызы – біздің еншімізде. Жалпы,
№1 автобустық парк 1974 жылы құрылған. Ол кездегі Целиноград қаласында жолаушы тасымалдаумен айналысатын екі кәсіпорын ғана болатын. Қазіргі уақытта біздің кәсіпорында 1500 адам жұмыспен қамтылған. Оның 1200-і – жүргізуші мен кондуктор. Шындығында, жүргізушілер жетіспейді. Өйткені жүргізу­шілерге жоғары талап қоямыз. Жұмысқа жасы 25-тен жоғары, тәжірибелі мамандарды ғана қабылдаймыз. Біз ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігіне мән беретіндіктен, жүргізушілерді қатаң сынақтан өткізіп барып аламыз. Мысалы, бізге жұмысқа орналасқысы келетіндердің барлығы ең бірінші кезекте психологиялық тест, одан кейін жол ережесі туралы емтихан тапсырады. Осылардан өткен соң екі апталық тәжірибесі тағы бар. Содан соң барып қана өз бетінше автобусты жүргізу құқығына ие болады, – деген Сәбит Болатов, – 5 жүргізушіміз Франциядан оқу курсын тәмамдап келді. Олар қазір инструктор болып қызмет атқаруда. Жалпы, күніне жолаушыларға қызмет көрсетуге 350-360 автобус жөнелтіледі. Әрине, жүргізушілер мен кондукторларға арыз-шағым жоқ емес. Шағымданушылар бұрын диспетчерге хабарласатын. Қазір арнайы call-орталық жұмыс істейді. Сол арқылы қандай арыз-шағымдар түсіп жатқанын анықтап, шара қолданып отырамыз, – дейді.
Мамандардың сөзіне сү­йенсек, елімізде құрастырылатын француз автобустары – жолаушылар үшін өте жайлы. Едені төмен орналасқан, кіріп-шығу да ыңғайлы. Әйнектері екі қабаттан болса, орындықтың жылытқышы тағы бар. Құдды бір спорттық автокөлік дерсің. Ауаны жылытқыш-салқындатқыш кондиционер мен 8 бейнекамера орнатылған. Сонымен қатар, автобус мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы етіп жасалған. Жолаушылар кіретін есігіне қолмен басқарылатын пандус қо­йылған. Әрі қажет болса, автобус аялдамаға қарай қисая алады екен. Жалпы, жоғары стандарттарға ие жаңа авто­бустарға ең ұзағы 8 жыл ке­ңейтілген кепілдік беріліпті.
– IVECO автобустары Қытай және Ресей өндірісіндегі көліктерге қарағанда біршама қымбат тұрады. Алайда еуропалық автобустар, оның ішінде IVECO автобустары, ұзағырақ пайдалануға жарамды. Мысалы, Ресей мен Қытай автобустарының ресурсы шамамен 150 мың шақырымдық жол жүруге, яғни екі-үш жылға ғана жарап, қазіргі уақытта пайдаланудан шығарылып тасталды. Ал IVECO автобустары – бұл бағалар мен еуропалық сапаның оңтайлы қатынасы, – дейді IVECO Allur Auto Астана жобасының басшысы Антон Майер.

ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН
№1 автобус паркінен соң журналистер тобы №3 автобус паркіне ат басын тіреді. Кәсіпорын басшысы Бауыржан Тілеубергенов БАҚ өкілдеріне өз жұмыстарын кеңінен таныстырды. Аталмыш кәсіпорында 450-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Күнделікті 120 автобус жо­лау­шыларды тасымалдайды. 85 автобус IVECO автобусымен жаңартылыпты. Оның 50-і қалаішілік авто­бустар болса, 35-і – экспресс автобус­тар. Жекеменшік кәсіпорын басшысы мамандарының біліктілігін арттыру үшін үнемі шетелдермен тәжірибе алмасып отыратынын айтады. Күнделікті май ауыс­тыру, жөндеу жұмыстары №3 автопарк базасында жүзеге асырылады. Мұндағы автобус жүргізушісінің жалақысы 350 мың теңге болса, кондуктордың орташа жалақысы 150 мың теңгеден кем болмайды екен.
– Қызметкерлерімнің жалақысын әлі де көбейткім келеді. Бірақ жанар-жағармай мен саймандардың бағасы қымбаттап барады. Осы мәселе біржақты болып, керісінше, жолақысын қымбаттатса, міндетті түрде мамандарымыздың жалақысы артатын болады. Яғни, жолақының электрондық төлеу жүйесі – 90 теңге, ал қолма-қол төлеу 150 теңге болса деген ұсынысымызды білдірдік. Бұл жүйе Алматы қаласының тәжірибесінде бар. Ал Еуропа елдерінде бұ­рыннан солай, – дейді Бауыржан Тілеубергенов.

Сонымен қатар

Діни тұжырымдама – құқықтық құжат

Қоғамдағы басты мәселенің бірі – діннің тым саясиланып, террорлық, экстремистік құралға айналуы. Мұндай заманауи үрдістер …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған