Понедельник, 26 Июнь 2017
-->

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК – ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ

erm_4332-asli

Астанада қаланың ең өзекті тақырыптарын талқылайтын «Astana Expert Club» клубы ашылды. Сарапшылардың, билік және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосатын пікірталас алаңының құрылуына «Elorda Aqparat» медиа-ресурсы мен «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мұрындық болды. Алқалы топтың алғашқы отырысында шаһардағы көлік инфра­құрылымын дамыту мәселелері көтерілді.

Жол көрсеткіштер айқындалады

Сарапшылардың бірінші басқосуына қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы басшысының орынбасары Бақыт Сапаров және «Астана LRT» ЖШС-нің өкілдері қатысты.
Жиында алдымен сөз бастаған Бақыт Сапаров «Astana Expert Club» алаңы елорда әкімінің тапсырмасымен құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталмыш клуб талқыланған мәселелердің барлығын жан-жақты талдап, сол бойынша жұмыстардың іске асырылуын ұдайы назарда ұстау үшін арнайы бақылау жүйесін енгізеді. Бұл алаңды құру идеясы қалабасының қатысуымен өткен Астананың көлік кешенін дамытуға арналған қоғамдық тыңдаудан кейін туындаған. Сол кезде біраз мәселелер қозға­лып, нақты ұсыныстар айтыл­ғанымен, көбі аяқсыз қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сарапшылар клубы жұмысын бастады.
Күн тәртібіндегі негізгі тақы­рып жөнінде қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов баяндама жасап, ағымдағы жылы жүзеге асырылатын жұ­мыстардан хабардар етті.
– Қоғамдық көлікті дамыту – жолаушыларды қауіпсіз әрі жайлы тасымалдаудың басым бағыты. Биыл әкімдіктің тапсырмасымен бірнеше ауқымды жобалар қолға алынбақ. Бұл елорданың қоғамдық көлік кешеніне оң ықпалын тигізіп, одан әрі ілгерілеуге сеп болады. Бүгінде автобустардың кедергісіз қозғалысы үшін жасалып жатқан «Bus Lane» жолақтарын енгізу кезең-кезеңімен жалғасуда. Мұндай жолақтар 2015 жылы 6 көшеде пайда болды. Соның әсерінен автобустардың орташа жылдамдығы 12-15%-ға артты. 2016 жылы белгіленген жолақтар 5 көшеге енгізілді. Ал осы жылы «ЭКСПО» бастал­ғанға дейін «Bus Lane» 13 учас­кеге сызылады. Нәтижесінде қоғамдық көліктердің қозғалысы екі еселеніп, маршруттардың арақашықтығы 10-15 минуттан 5-7 минутқа қысқаруы тиіс, – деді Бекмырза Игенбердинов.
Елордалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы өз сөзінде жол көрсеткіштердің анық еместігіне, дұрыс оқылмай­тынына тоқталып, осы мәсе­ле­лердің жөнге келтірілетінін айтты. Осы мақсатта биыл жаңа ақпараттық-тақталы жол көрсет­кіштерін енгізу көзделіп отыр.
Ақпараттық жол көрсеткіш­терінен аэропорт, вокзалдар, ЭКСПО өтетін аймақ, стадиондар, СОО және басқа да белгілі орындардың атауы тайға таңда басқандай айқын көрінеді. Биыл осындай 152 тақта орнатылмақ. Оның 78-і ЭКСПО-ға дейін, 74-і ЭКСПО-дан кейін енгізеді.

Автотұрақтар ретке келтіріледі

Халықаралық сарапшылардың қолдауымен «Астана қаласының автотұрақ кеңістігін басқару» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл бастама көлік құралдарының айналымын 30-40%-ға, қоғамдық көлікке сұранысты 15-20%-ға арттырып, жол қозғалысына түсе­­тін салмақты 20-30%-ға, жол-көлік апат­тарын 70-80%-ға және авто­тұрақтардағы орын жетіспеу­шілікті 40-50%-ға азайтады.
Биыл 10 қаңтардан бастап вокзал алдындағы алаңда ақылы автотұрақ іске қосылды. Жалпы 2017 жылы 422 орынға шақ­талған ақылы автотұрақтың бірін­ші кезеңі жүзеге асырылмақ. Оған қоса, тағы екі аймақта қо­сым­ша көлік тұрақтары жаса­лады. Бірінші аймақ Тұран, Са­райшық, Орынбор, Сығанақ көшелерінің қиылы­сында орналасса, екіншісі Сарыарқа, Бөгенбай батыр, Республика көшелері мен Жағалаудың тоғысқан тұсын қамтиды. Бұл орындарда енгізілетін тариф бойынша 1 сағатқа 100 теңге төлеуі керек.

Автобустар 70 пайыз жаңарады

Көлік кешенін жаңғыр­тудың негізгі бағыттарының бірі – автобустарды жаңарту. Осы мақсатта 2014-2015 жыл­дары «Iveco» маркалы 358 жаңа автобус әкелінді. Енді биыл «ЭКСПО» бастал­­ғанша тағы 380 автобус жеткізіледі. Осылайша, елорда­ның қоғамдық көліктері 70%-ға жаңарады.
Биыл елордада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңбе­рінде 250-ге жуық жылы аялдамалар орнату ойластыруда. Жобаға 15-20 мың доллар қаражат жұм­салуы мүмкін.
Аталмыш саланы жетілдіру үшін қалалық жолаушылар кө­лі­гіне жаңа технологияларды енгізу қарқынды жүргізі­ліп жатыр. Диспетчерлік басқару жүйесі автобустардың арақа­шық­­­­­тығын, аялдамаларға тоқта­уын және жүргізушілердің ауы­сы­мын бақылап, қоғамдық көлік жұмысына сараптама жасайды. Бүгінде 728 автобусқа орна­тылған «Flash net» диспетчерлеу бағдарламасы іске қосылуда.
Сондай-ақ, Астанадағы 628 автобусқа «Astra Plat» электронды төлем жүйесі енгізілді. 60 мыңнан астам жеңілдікті көлік карталары мен 90 мыңнан астам мектеп картасы үлестірілді. Енді осы жылдың шілде айында қоғамдық көліктер түгелдей электронды төлем жүйесімен жабдықталады. Бұл жоба қоғам­дық көлік саласындағы көлеңкелі экономиканы жояды.

Мектеп тасымалына 43 автобус бөлінеді

Биыл мектеп тасымалы жүйе­сін енгізуге ерекше мән берілуде. Бұның балалардың жол-көлік апатына тап болуын азайтуға септігі тиеді. Сондай-ақ, ата-аналарға балаларын оқуға жеке көлігімен апарудың қажеттілігі болмайды. Осы бағытта мектеп тасымалының жаңа желісін құру үшін 43 автобус сатып алу көзделіп отыр. Мұндай автобустар ең алдымен қатынауы қиын қаланың шет аймақтарына бөлінбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ағымдағы жылы қалалық такси қызметі жұмысын бастайды. Осы қызмет арқылы заңсыз таксилерден арылып, «Bus Lane» жолақтарымен жолаушыларды тез жеткізуге болады. Мамыр айына дейін 80 такси тұрағын ұйымдастыру ойластырылып отыр. Содан соң ақырындап 256 тұраққа жеткізілмек.

Көлік орталығы іске қосылады

Астанада 2014 жылдан бастап Көлік мамандарының біліктілік орталығы жұмыс істейді. Осы орталықта биыл 2 мыңға жуық қызметкердің білігін арттыру жоспарлануда. Сол үшін көлік жүргізушілеріне, кондукторларға ЖТЭЖ кеңесшілеріне, диспетчерлерге, операторларға және көліктік бақылау қызметінің инспекторларына арналған бағдарлама әзірленді.
Сонымен қатар, қалаға кіретін негізгі жолдарда көлік орталықтары жүйесін дамыту жағы қарастырылып жатыр. Көлік орталықтарында жолаушыларды түсіру және отырғызу аймағы, күту залы, кассалық аймақтар және ана мен бала бөлмелері болады. «ЭСКПО» басталғанға дейін екі көлік орталығы іске қосылады. Бірінші кезең Павлодар, екіншісі Қарағанды бағытында болмақ.

Мүмкіндігі шектеулілердің мүддесі үшін…

Басқосуда Жол қозға­лысы қауіпсіздігі қауымдас­тығының басшысы Арсен Шәкуов сөз алып, «Мектеп пен үйге қауіпсіз жету», «Қоғам – көлік қауіпсіздігі үшін», «Жасыл қозғалыс. Экокөлік» секілді жобаларды ұсынды. Сондай-ақ, көліктік логистика саласының сарапшысы Ерхат Есқалиев жол салу мен жөндеу жұмыстарындағы тың идеяларын ортаға салды.
Жиын барысында қала тұрғыны Зият Әбдікәрімов қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін айтты. Мысалы, зағиптарға «Astra bus» қосымшасын толыққанды қолдана алмай жүр екен. Осында мәліметтердің дыбысталуына мән берілу керек.
Оған қоса, бірнеше азамат кейбір автобустарда аялдамалардың дұрыс хабарланбайтынын айтып қынжылыс білдірді. Осы тұрғыда әр қоғамдық көліктің ішінде аялдамаларды экраннан жазбаша хабарлау туралы ұсыныс айтылды. «Астана LRT» компаниясының өкілдері жиналған қауымның көтерген сын ескертпелерінің барлығы назардан тыс қалмайтынын, алдағы уақытта сол бойынша жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.

Биыл жаңа ақпараттық-тақталы жол көрсеткіштерін енгізу көзделіп отыр.
Ақпараттық жол көрсеткіштерінен аэропорт, вокзалдар, ЭКСПО өтетін аймақ, стадиондар, СОО және басқа да белгілі орындардың атауы тайға таңда басқандай айқын көрінеді. Биыл осындай 152 тақта орнатылмақ. Оның 78-і ЭКСПО-ға дейін, 74-і ЭКСПО-дан кейін енгізеді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*