«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамдық көлік қауіпсіз бе?

0 47

Жақында бас қаламызда автобус апаты болып, қайғылы оқиға орын алды. Онсыз да жұртшылық тарапынан сынға ілігіп жүрген қоғамдық көлік жүйесінің тәртібі енді тіптен жіті назарға алынды. Жақында Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов арнайы жиын өткізіп, онда жол қозғалысының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын мәлім еткен болатын. Бүгін осы мәселеге жан-жақты тоқталып өтіп әрі жолаушыларға ыңғайсыздық тудыратын мәселелерді қозғауды жөн көрдік.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғұмбаев бір сұхбатында елімізде жыл сайын орташа есеппен автобус жүргізушілерінің кесірінен 500-ге тарта жол апаты болатынын, соның салдарынан шамамен 60 адам қаза болып, 800-ге жуығы түрлі деңгейде жарақат алатынын мәлім еткен. Көрсеткіш деңгейі көңілге селкем түсіріп тұр. Енді мұндай жайттың алдын алу үшін қандай қадамдар жасалады?

Автобус жылдамдығы – 30-40 км/сағ

Жол апатына көп жағдайда жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы себеп болып жататыны жасырын емес. Ал көлік иелері үшін жылдамдық нормасы қала ішінде негізінен 60 км/сағ-ты, ал жұрт көп жүретін кей тұстарда 40-50 км/сағ-ты құрайды. Мұндай шектеулер жасалғанмен, қаза болғандар саны азаймай тұр. Мәселен, былтыр қазан айының соңына таман 15 жастағы колледж оқушысы ешбір белгісі жоқ тұстан жүгіріп өтпек болып, автобус астында тапталып тқалды. Жүргізуші жылдамдығын 50 км/сағ-тан асырмауы керек тұстан 53 км/сағ-пен өтіпті.
Наурыздың соңына қарай орын алған үлкен апаттан соң қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылатын талап арта түсті. Әкімдікте өткен жиында Bus Lane жолақшаларында жылдамдықты 40 км/сағ-тан, ал қарама-қарсы бетте жүретін автобус жолдарында 30 км/сағ-тан асырмау туралы мәселе қозғалды.
«Автобус жылдамдығын өзгерту үшін біраз жайт қарастырылуы керек. Нақтырақ айтқанда, барлық бағдардың жүру кестесіне талдау жасап, қажет өзгерістер енгізілгеннен кейін, сондай-ақ bus lane жолақтарына жылдамдықты шектеу белгілері орнатылған соң іске қосылады» деді «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Қоғамдық көліктердің жылдамдығы азаятыны белгілі, алайда №60 секілді сирек жүретін автобустардың саны арта қояр ма екен? Бұған жұртшылық тарапынан сұраныс болған жағдайда ғана автопарктер  автобустарды қажетінше толықтырады .

Жүргізушілер денсаулығы қатаң тексеріледі

Автобус апаттарына жүргізу­шінің кенеттен жүрегі ұстап, есінен танып қалуы да себеп болып жатады. Мәселен, жақында ғана елордада болған апатқа дәл осы мәселе себеп болыпты. Таңертең жұмысына кірісердің алдында ғана медициналық тексерістен өткенмен, жолда кетіп бара жатқан шақта жүрегі сыр беріп, талып қалған. Мұндай оқиғаның осыған дейін де бірнеше мәрте болғаны анық.
Енді жүргізушілердің денсаулығына деген бақылау бұрынғыдан да күшейе түсетін болады. Күн сайын ауысым алдында автобус жүргізушілері медициналық куәландырудан өтеді. Жүргізушілердің қан қысымы, дене қызуын, ішімдік ішкен-ішпегенін тексереді. Әрбір паркте кемінде 5-6 фельдшер жұмыс істейді. Соңғы бір өзгеріс, енді тексеру бөлмелерінде камералар орнатылып, жағдай тұрақты бақылауда болмақ.

Жалақы мен жұмыс тәртібі қандай?

– Барлық автопаркте жалақы көлемі орташа есеппен 250 мың теңгені құрайды. Ал консультантсыз жұмыс істейтін жүргізушіге қосымша төлем жасалады. Сол сияқты валидацияны жоспардан тыс толтырғандарға қосымша бонус та қарастырылған. Ең төменгі жалақы 200 мың теңгеден басталса, 400 мың теңгеге дейін барады, – деді «Астана LRT» көлік бақылау департаментінің директоры Сама Шәймерденов.
Ол автопарктерде арнайы құрмет тақтасы барын айтып, онда жүргізушілер батыр, қаһарман деп бөлінетінін айтқан болатын. Яғни, өз жұмысына адал, ешбір апатқа ұшырамаған, тиісті талаптар мен шарттарды толық орындайтын жүргізушілер суперқаһарман деген атауға ие болады. Міне, дәл осы жандардың жалақысы – 400 мың теңге. Айлық табысы көңілге қонымды.
Ал жұмыс уақыты – таңғы 06:00-23:00-ге дейін. Екі күн жұмыс істеп, бір күн демалады немесе бір күн жұмысқа шықса, жағдайына байланысты келесі бір күнін отбасымен өткізуіне болады. Бұл да – қауіпсіздік үшін жасалып отырған шара.

Қолайсыздық тудыратын жағдайлар

Бас қаламызда электронды төлем жүйелері іске қосылғалы бері қоғамдық көліктің алдыңғы есігінен кіріп, артқы жағынан шығу тәртібі қоса енгізілді. Бұл, негізінен, жалақысын көбірек табу үшін консультантсыз шығатын автобустарда кездесіп жатады. Бұл олқылық абыр-сабыр уақытта ыңғайсыздық тудыратыны сөзсіз. Жүргізуші алдыңғы тұстан кірген жолаушылардың валидация жасағанын тексеріп, шығар есікті ашуды ұмытып жатады. Соның салдарынан автобус ішінде айқай-шу орнайды. Өз кезегінде «Астана LRT» бұл тәжірибе АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Германия елдерінен алынғанын хабарлап, бізде өзгермейтінін хабарлады.
Нұр-Сұлтанда қазір бас-аяғы 25719 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Ал олардың 1200-і ғана тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Жұмысы мен үйінің арасына қатынау үшін бәріне дерлік әлеуметтік такси қызметі жетпейді. Сондықтан бір бөлігі қоғамдық көлікке мінгенді жөн көреді. Ал арбаға таңылған жандар үшін автобусқа мініп, түскен қаншалықты ыңғайлы? Бірер ай бұрын «Нұр Отан» партиясының жетекшілігімен «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша жарымжан жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында біраз іс-шара қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында қаладағы 1106 автобустың 628-і, яғни тең жартысы ғана мүгедек кісілерге қолайлы екені анықталды. Өз кезегінде «Астана LRT»-ы біліктілікті арттыру департаментінің директоры Жеңіс Жалбыр алдағы уақытта бұл проблемалар шешіліп, барлық қоғамдық көлік мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы етіп жабдықталатынын мәлім етті.
Бұрын кондуктор деп аталатын, ал электронды төлем карталары іске қосылғалы бері консультант деген лауазымға ие болған мамандардың қатары азайып барады. Кісі көп мінген шақта жүргізушілер үшін консультанттың көмегі ауадай қажет. Ал жүргізушінің басты міндеті – жолаушылардың валидация жасағанын тексеру емес, қайта оларды тиісті тұсына аман-есен, дер уақытында жеткізу. Міне, осы істің ара-жігін біраз автобус паркі шеше алмай келеді. Былайша айтқанда, консультант жүргізушінің тікелей көмекшісі болып есептеледі. Мәселен, бірер апта бұрынғы ірі апатта жүргізуші жалғыз жұмыс істеген екен. Қасында көмекшісі болғанда бәлкім, жағдай мұндай болмас па еді!?

«Қоян» жолаушылар да жоқ емес

Абыр-сабыр уақытта жолақысын төлеуден жалтаратындар жоқ емес. Ал оларды көліктік бақылау департаментінің (КДБ) қызметкерлері қанша аялдамада бір рет тексереді? Осыны білмек мақсатында консультанты жоқ 40-бағыттағы автобусқа ЕҰУ аялдамасынан мініп, Министрліктер үйіне дейін жеткенімізде тексерген ешкім болмады. Арасы он шақты аялдама. Әлбетте аяғын аңдап басып, заңды «қоян» болып аттайтын жолаушылар мұны тиімді пайдаланады. Сондықтан «Астана LRT» басшылығы КДБ қызметкерлеріне тексерісті екі-үш аялдамада бір рет жүргізуді тапсырғаны жөн. Сонда жолаушылар да теріс әрекетке баруын тоқтатады.
Ал жолақысын төлемеген жолаушыға айыппұл қандай көлемде салынады? «Астана LRT» былтыр, он ай ішінде, яғни 1 қаңтардан 31 қазанға дейін 5806 адамға бас-аяғы 27 926 860 теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатын. Яғни, әр адамға – 2 АЕК – 4810 теңге. Айыппұл көлемі белгіленгенмен, заңды аттайтын жолаушылар азаймай тұр. Не істемек керек? «Астана LRT» басшылығы осы мәселені де қаперінде ұстағаны жөн болар.
Сөз соңында айтарымыз, жол қозғалысын қауіпсіз ету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бұл мәселелер толығымен жүзеге асу үшін біршама уақытты қажет етеді. Біздегі басты мақсат – бас қаламызды қауіпсіз әрі ыңғайлы ету. Ал өз кезегінде «Астана LRT» басшылығы әлемнің алпауыт елдеріндегі тәжірибені енгізбес бұрын қала тұрғындарының жайлылығын басты назарға алса екен дейміз…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды