«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғамдық көлік – қаланың күретамыры

0 19

Бас қаламыздағы маңызды мәселелерді тілге тиек ететін «Astana» телеарнасының «Elorda Live» бағдарламасында бұл жолы елордадағы қоғамдық көліктің қызметі туралы сөз болды. «Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» ЖШС бірлескен жобасы аясындағы сұхбаттың жазбаша нұсқасын газетке жариялап отырамыз. Бұл жолғы бағдарлама қонағы «Астана LRT» ЖШС көлік мамандары біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс ҚУАНДЫҚҰЛЫ.

Бір жүргізуші күніне 1000-ға жуық жолаушы тасиды

– Қала жұртшылығынан жолаушы көлігі тасымалына қатысты автобустардың жетіспеуі, жүргізушілердің дөрекілігі және олардың жол ережесін бұзуы сияқты көптеген наразылықтар айтылып жатады. Күнделікті жұмыс барысында туындайтын осындай сұрақтарды қалай шешесіздер?
– «Астана LRT» ЖШС және қалалық әкімшілік көлік қызметіне қатысты көптеген жұмыстарды атқарды. Соның ішіндегі ең негізгі жұмыс ретінде қалада көлік тапшылығының алдын алу үшін жаңа автобустарды сатып алғанымызды айтуға болады. Ал жүргізушілердің мәселесіне келсек, Олардың 80 пайызынан астамы – басқа өңірлерден келген жүргізушілер. Біз оларға еліміздің бас қаласында қатаң жауапкершілік жүктелетінін әрдайым ескертіп отырамыз. Мәселен, бір автобус жүргізушісі күніне 1000-ға жуық адам тасиды. Сондықтан бұл арада осыншама көп жолаушының іс-әрекеті, сөз-сөйлемі де біздің жүргізушілердің көңіл-күйіне әсер ететінін де ескерген жөн.
Адам саны бір миллионнан асатын Нұр-Сұлтан қаласында күніне 500 мыңнан 750 мың шамасындағы адам автобуспен жүреді. Бұл автобус тасымалы үшін оңай салмақ емес. Бір адамды тасу үшін қаншалық бизнес процесі жүреді, операторлар түнде қай жүргізуші, қай автобус, қай бағытта жолға шығады деген сияқты көлік қозғалысының жоспарын дайындайды, онан соң рейс алдындағы тексеру болады, механиктер автобусты тексерсе, дәрігерлер жүргізушінің денсаулығын қадағалайды… Демек, бұл – күрмеуі көп, жауапкершілігі күшті жұмыс. Оның үстіне, Көлік экономика дамуының ең негізгі бөлігі болып есептеледі.
– Елордадағы қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын 7 автобус паркінде қанша автобус бар? Жолаушылар үшін автобус жеткілікті ме?
– 1100-ден аса жылжымалы құрам бірлігі бар. Алайда мұның бәрі түгелдей жолға шықпайды. Жоспар бойынша күніне 90 пайыз, яғни 850 көліктің ішінде 790-нан аса автобус жолға шығады.
– Болашақта елордада электрлі автобустар жүргізіледі деген ақпарат рас па?
– Нұр-Сұлтан қаласы жаңа озық технологияларды пайдалану жағынан төңіректегі елдермен салыстырғанда бірінші орында. Болашақта 100 электр автобус­ты желіге шығаруды жоспарлап отыр­мыз. Мәселен, біз электронды төлем жүйесін енгіздік, көліктерді жаңарттық, енді қазір бүкіл әлем экологияға пайдалы, экономикаға тиімді көліктерді пайдалануға қарай бет алды. Міне, осы ауқымға байланысты біз де қауіп­сіздікті сақтауға, экологиялық ортаны қорғауға тиімді электрмен жүретін қоғамдық көліктерді іске қоспақшымыз.
– Соңғы кездері автобус апаттары жиілеп кетті. Қоғамдық көліктердің өртеніп кеткені жайлы ақпарттарды да естіп жатырмыз. Осы мәселелерге байланысты қауіпсіздікті арттыру мақсатында қандай шаралар қолданып жатырсыздар?
– Қауіпсіздік мәселесі көлік комитетіне және полиция қызметіне де қатысты жұмыс. Көлік басқармасы қоғамдық көліктерді инфрақұрылымдық жағынан дамытуды көздейді. Бұл жағында біздің атқарып жатқан жұмыстарымызға келсек, қаладағы «Bus Line» желісін бақылау, балалардың қауіпсіздігі үшін жылдамдықты төмендетуге қажетті арнаулы құрылғылар орнату. Қазір «Bus Line» линиясының ұзындығы 77 шақырымнан асты. Ал полиция тарапы өрттен сақтану, өрттің алдын алу жағын да қадағалайды.
– Қалада көлік көп болғандық­тан, жол апаттары болып тұрады. Қоғамдық көлікті бақылау департаменті немесе жол полициясы, өрт сөндірушілер сіздердің көліктерді үнемі тексеріп тұра ма?
– Иә, біздің қызметті арнайы тексеріп тұратын органдар бар. Олар біздің 7 тасымалдаушы компанияны жоспарлы, міндетті түрде тексеріп тұрады. Өйткені бұл саланың жауапкершілігі өте жоғары, күніне жоғарыда айтқанымыздай, 700 мың адаммен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
– Жақында автобустарда адамның бет-әлпетін тану арқылы төлем алу жүйесі енгізіледі деген сөз шықты…
– Автобустағы жолақысын төлеу­дің жолдары көп. Жалпы тұрғындарға қолайлы болуы үшін жолақысын төлеудің карточка арқылы төлеу, SMS арқылы төлеу сынды бірқанша түрлі әдісі ұсынылған. Сонымен қатар біз 20-бағдарда банк карточкасы арқылы жолақысын төлеуді сынақ ретінде жүзеге асыр­дық. Ал бет-әлпетін тану арқылы төлем алу жүйесін жөнінде қазір тестілеу жүріп жатыр. Қайткенде тұрғындарға қолайлы, тиімді болады? Осының бәрін әбден саралап болғаннан кейін барып енгіземіз.
– Өткен жылы тарифті әртараптандыру бойынша реформа жүргізілді. Бұл реформа қандай нәтиже берді?
– Аталған реформа қазір өз жемісін берді, өнімділігін көрдік. Барлық автобустарға валидаторлар орнатылып, ақшалай төлемнен біртіндеп бас тартудамыз. Қазір елорда тұрғындарының 94 пайызына жуығы карточкамен төлейді. Мұның бәрі орталықтандырылған айналымға түседі. Бұл көлеңкелі айналымның алдын алып қана қоймай, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де септігін тигізуде. Жүргізушілер де парктердің штатына кіріп, ресми түрде жалақысын ала алатын болды. Жүргізушілердің жолаушы тарту үшін жолдарда жарысатын жағдайы да түбегейлі өзгертілді.
– Келесі сұрағымыз да валидаторларға қатысты. Өткенде тіл жанашырлары валидаторлар тек ғана ресми тілде жұмыс істейді деп шағым айтқан еді. Осы мәселе қалай болды?
– Иә, біз валидаторларды, бүкіл құрылғыларды мемлекеттік тілге аудардық. Сонымен қатар, авто­буста айтылатын ақпараттар да екі тілде жүргізіледі.

Жүргізуші жетіспейді

– Автопарктерге мемлекет тарапынан жәрдемақша берілді. Сіздердің автопарктеріңіз осы қаражаттың игілігін қалай көріп отыр? Жыл сайын көбейтіп жатырсыздар ма әлде азайып бара ма?
– Біз жоспар бойынша биыл 15 миллиард теңге сұраған едік, бірақ әкімдік 5 миллиард теңге жәрдемақша беруді жоспарға алды. Бұл аз болып тұр. Өйткені жылжымалы құрамды тиісті деңгейінде сақтау және оны күтіп жақсы пайдалану, жүргізушілерді жұмысқа тартудың бәрі ақшаға келіп тіреледі. Қазір біз жүргізушілерден тапшылық көріп жатырмыз, жүргізуші жетіспейді. Бізде қазір 1700 жүргізуші жұмыс істегенімен, әлі 700 жүргізуші керек. Сондықтан біздіңжүргізушілердің көбі айына 160 сағаттан артық жұмыс істейді.
– «Астана LRT» ЖШС көлік мамандары біліктілігін арттыру орталығы қашан, қандай мақсатта құрылды?
– Орталық 2014 жылы құрылған. Оны құрудағы мақсат – көлік мамандарының біліктілігін арттыру. Сонымен қатар кеңесшілердің, көлік бақылаушылардың, қауіпсіздік инженерлерінің де біліктілігін арттыруға бағытталған. Көлік ағындарын есептеу, бағдаршамдарды басқару, жаңа автобус­тарды қалай жүргізу, қалай күтіп ұстау сияқтылардың барлығы осы орталықта үйретіледі.
– Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін азаматтар жағынан түскен шағымдар бұрынғыдан азайды ма?
– Бұл 21 ғасыр ғой. Шағымданудың жолы көп, әртүрлі әлеуметтік желілерді пайдаланып, шағым жасай берді. Әрине, түскен шағымдардың бәрін жауапсыз қалдырмай­мыз. Ұсыныстардан да тиісті қо­­­рытынды шығарып отырамыз.

Жылы аялдама – Нұр-Сұлтанның бастамасы

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қанша жылы аялдама бар? Ол халыққа жеткілікті ме? Болашақта тағы да салына ма?
– Жылы аялдама бүкіл респуб­ликада және ТМД көлемінде ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласында салынды. Былайша айтқанда, жылы аялдама салу бас қаламыз – Нұр-Сұлтанның бастамасы. Оны салуды жоспарлаған кезде «ойбай қымбат, ол кімге керек?» деп даурыққандар да болды. Бірақ қазір оның игілігін халық көруде. Қала бойынша 100-ден аса жылы аялдама салынды. Ал қала бойынша 1300-ге жуық аялдама бар. Енді соның 400-ге жуығына жылы аялдама салу қажет. Бірақ қала өсіп жатқандықтан, бұл көрсеткіш те болашақта көбейеді. Жылы аялдамалар инвесторлардың қаржысымен салынып жатыр, ал қалған аялдамалар мемлекет қаражатымен салынады.
– Қоғамдық көліктердің жағ­дайын бір жерден бақылап отыратын диспетчерлік орталықтарыңыздың қызметі жөнінде айта кетсеңіз?
– Диспетчерлік орталық ең озық технологияларды пайдалана отырып жұмыс істейді. Мәселен, тұрғындар 109 нөміріне хабарласу арқылы көліктің жағдайын білуіне болады. Ал бізде қай көліктің қай жерде келе жатқанын көрсетіп тұратын арнаулы жүйе бар. Соған қарап, тұрғындардың сұрауына жауап беріп отыратын, күндізгі кезекте 6 оператор бар. Олар жолда жүрген 700-800 автобустың қозғалысын бақылап отырады. Мәселен, жасыл жанып тұрса, қоғамдық көліктің уағында келе жатқанын, ал қызыл болса, оның асығып келе жатқанын, сары болса, кешігіп келе жатқанын білдіреді. Операторлар осы белгілерге қарай отырып, автобустың уақытынан ауытқуы 5 минуттан асса, дереу арнаулы құрылғы арқылы жүргізушіге хабарласып, кешігіп келе жатуының себебін анықтайды. Егер кептеліс себебінен кешігіп келе жатса, оператор диспетчерлік орталықта жұмыс істейтін полицияға хабарласып, жол жағдайын реттеуге күш салады. Бұл жүйе қазір Қазақстанның басқа өңірлеріне де тарала бастады.
– Диспетчерлік орталықтағы полиция қызметкерлері автобус ішіндегі камераларды да қарап отыра ма?
– Жоқ, қазірше ондай мүмкіндік жоқ. Мүмкін болашақта іске асырылатын шығар.
– Тұрғындар Ильинкаға уақытылы автобус жібермейді деп шағымданып жатады? Автобус уақытылы бармағандықтан жұрт кейде такси жалдауға мәжбүр болады екен.
– Қазір қала маңындағы бағдарлардың саны көбейді, яғни қазір қала маңына қатынайтын 22 бағдар бар. Ал Ильинкаға келсек, кейде кептеліс себебінен автобустар кешігіп қалуы мүмкін. Дегенмен бұл мәселені біз бүгіннен бастап қадағалайтын боламыз.
– Астанамыздың жолаушы тасымал жүйесін дамыту барысында қандай елдердің озық тәжірибесін пайдаландыңыздар?
– Еуропа елдерінің тәжірибесін қабылдадық. Өйткені олардың қоғамдық көлікті дамытып, бізбен аздап сәйкес келеді. Мысалы, ақылы автотұрақтарды енгізу, автобусқа арнайы линия беру жолдарын Еуропадан қабылдадық. Сонымен қатар көршілес Ресей, Қытай елдерінің де озық үлгілерін назарға алдық.
– Болашақта «Bus Line» желісі ұзартылуы мүмкін бе?
– Әрине, ондай жоспар бар. Біз бұл арада тек қана жолаушылар ағынын ғана емес, көлік ағынын да ескеріп жатырмыз. Жолдың бір шетін «Bus Line»-ға береміз деп, қалған көліктердің жолын бөгеп тастауға болмайды ғой, сондықтан жолдардағы көлік ағынын да назардан тыс қалдырмаймыз. Демек, бұл мәселе көп зерттеп, зерделеуді қажет етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды