ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК МӘДЕНИЕТІ ҚАЙДА?

Қалалық жолаушылар тасымалдау көлігінің қызметінсіз көпшілігіміздің күніміз қараң. Ертемен көлікке мініп жұмыс орнына жетсек, кешкісін сол көлікпен үйімізге қайтамыз. Бірде кешігіп, жол көлікке кептеліп қалмаса, ертелетіп жетіп қаламыз. Кондукторлардың жұмысына да етіміз үйренді. Бірі елгезек, бірі безбүйрек. Беттен жұлып, ұрысуға дайын тұратындары да бар, көбіне кешкісін, елдің бәрі шаршаған кезде мінез көрсетеді. Есесін жібермейтін жолаушылар да бар. Олар ашуға басқанда көк өрімдей кондуктордың әкесінен қалған құл емес екенін де ұмытып кетеді. Жалпы, екі қазақтың аузына келгенін айтып, салғыласып тұрғанын автобустарда жиі кездестіретін болдық.

Байқағанымыз, жанжал билет алғысы келмей қолда бар куәліктерін көрсеткен жолаушыларға жөн айтқан кондуктор мен жолаушының арасында басталады. Амалы құрыған жолаушы ақырында, «мә, садақа!» деп теңгесін лақтырып кетеді. Жолақысын жеген жанға не дауа?! Ұят-ау деген ешкім жоқ.

Енді бірде көліктің жүрісі баяу­лап, аялдама сайын 2-3 минут ентігін басқан кезде жолаушылардан шыдам кетеді. Түсінікті, жүргізушінің уақыты бар, жолаушы асығыс. Жолаушы би­лет сатушыға шүйлігеді… Өкініштісі, «Аузыңды жап! Сен кімсің?» деп басталатын сөз түйдектері бер жағы ғана, әрі қарай жеке басына тіл тигізу, сөгу түкке тұрмайтын іс болды. Бейпіл ауыздылардың «боқтығы» қоғамдық көліктердегі қолданыстағы сөзге айналып, екі жаманның ұрысы үрдіс болып бара жатыр. Мәдениетті түрде түсіндіру, кешірім сұрау, кейде ұрысты үдетпей тоқтай қалу деген жоқ. Бірі қызмет орнында тұрғанын, екіншісінің қоғамдық көлікте келе жатқаны естерінен шығарып алып жатады.

Бұрындары қоғамдық көлікте жолаушылар өздерін қалай ұстауы жөнінде Ереже, қалалық мәслихаттың шешімі ілулі тұрушы еді. Ондағы басты қағидат – өзгеге кедергі келтірмеу, қасыңдағы дәл өзіңдей жолаушыны құрметтеу болатын. Ол бұзылса, әкімшілік жауапқа тартылатын. «Мас күйінде көлікке отырғызылмайды» деп тайға таңба басқандай жазып қоятын. Дауыстап әңгімелесу де ретсіз көрінетін. Қазір екі адамның еркін әңгімесі ғана емес, ұялы телефонмен айғайлап, ұзақ сөйлесу әдетке айналды.

Көпке топырақ шашуға болмас. Жоқ жерден шыққан ашудың «өртін» басатын амалды қарастырған жөн. Ал жолаушыларға қызмет ететін қалалық автокөлік парк басшылары қызметкері үшін арнайы тренинг өткізіп, қызметкерлерін арнайы дайындықтан өткізу керек. Ең бастысы, қоғамдық көлікте жүру тәртібінің этикетін қалыптастыру қажет.

Айгүл УАЙСОВА 

Сонымен қатар

ЖАНҒА ШИПАЛЫ «ШАРАПАТ»

Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2016 жылдың 9 қарашасында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілген …

One comment

  1. Беттен жұлып сөзінің мағынасын түсіндіріңізші

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған