«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету – абыройлы міндет

0 34

Ел тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбегі зор екені анық.

Жақында өткен Министрлер кабинетінің кеңейтілген алқа жиналысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: «Полиция жұмысы – қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Полиция ашық болуы тиіс. Ол үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта Елбасы бастаған құқық қорғау жүйе­сін жалғастырамыз. Негізгі міндет – қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ету» деп атап өткен болатын. Осынау жауапты міндетті абыроймен атқарып еселі еңбегімен ерекшеленіп жүрген елордалық полиция қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, полицейлерге жанқиярлық қыз­меті үшін алғысын білдірді.


– Бүгін антына берік, рухы мықты, қоғамдық тәртіпті жіті қадағалап, қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында кездесіп отырмыз, – деп бастады өз сөзін елорда басшысы.
«Елордамыздағы полиция қызметкерлеріне артылған жауапкершілік те, қойылатын талап та жоғары. Тұрғындар саны күн сайын көбейіп келе жатқан мегаполистің тыныштығын кірпік қақпай қамтамасыз етіп келесіздер. Нұр-Сұлтан қаласы – отанымыздың жүрегі. Кез келген елдің бас қаласы – барлық сала бойынша өзгелерге үлгі. Біздің жаңа астанамыз да аз уақыттың ішінде тұрғындар үшін қолайлы, жайлы және инфрақұрылымы дамыған қалаға айналды. Қанша жерден қала үлкейсе де, оның қоғамдық қауіпсіздігі ақсап жатса, тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудыратыны жасырын емес. Демек, полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық жағдайына мейлінше мән беру керек. Бұл ретте адам факторын бірінші кезекке қойып, полиция жұмысын жеңілдету үшін цифрландыру жүйесін жетілдіре түсу қажет. Қалай айтсақ та, қоғамдық тәртіпті бақылау оңай жұмыс емес. Сондықтан елорданың дамуы мен гүлденуіне сіздердің қосып жатқан үлестеріңіз орасан зор деп бағалаймын» деген қала басшысы А.Көлгінов полиция қыз­меткерлерін төл мерекесімен құттықтап, жауапкершілігі басым жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ағымдағы жылда бас қала бойынша қылмыс көрсеткіші 21 пайызға азайыпты. Жыл басынан бері астаналық полицейлер 2 мыңға жуық қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Заң бұзушылыққа, тәртіпсіздікке жол берілмеді. Бұдан шығар қорытынды қоғамдық тәртіпті қалыптастыруда полицейлердің қаншама ұйқысыз түндерді өткізген қажырлы еңбегі жатқанын аңғару қиын емес.
Кездесу барысында бірқатар полиция қызметкерлеріне наградалар мен сыйлықтар табыс­талды. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Бейбіт ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды