«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қиын жасөспірімдер «Жасыл ел» жұмысына тартылды

0 21

Елорданың қоғамдық ­орын­дарындағы қылмыстар өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда 29,6 пайызға төмендеген. Жасөспірімдер құқық бұзушылығы да 41 па­йызға азайған. Алайда биыл­ғы алты ай ішінде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары көбейген.

 Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осылай деп мәлімдеген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қараусыз қалуы мен қаңғыбастықты болдырмау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.
Оның айтуынша, осы бағытта өткізілген әртүрлі шаралар барысында 200-ден аса ата-ананың қатысуымен жиналыстар және 1500-ден астам жасөспіріммен әңгімелесу жүргізілген. Түрлі жұмыстардың арасында жасөспірімдердің бос уақытын дұрыс ұйымдастыру және оларды қоғамдық жұмыстарға тартуға баса мән берілді. Қала мектептерінде жас инспекторлардың 78 жасағы құрылды. Әр жасаққа 10 жасөспірімнен енгізілген. Яғни 780 жасөспірім оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін насиxаттайды.
– Балалардың тәрбиесіне жауапсыз­дықпен қарайтын ата-аналармен жұмыс барысында жыл басынан бері 2 мыңға жуық ата-анаға шара қолданып, 171 жасөспірім департамент есебіне қойылды. Кәмелетке толмағандарды жұмысқа алу бойынша заңға қайшы әрекеттерді де анықтадық. Кезекті рейд барысында қаладағы түнгі клубтардың бірінде 2003 жылы туған жасөспірім бармен болып жұмыс істеген. Оқиға анықталған соң жасөспірім жұмыстан шығарылып, оның ата-анасы мен клуб әкімшілігі жауапкершілікке тартылды, – дейді С.Жүсіпбеков.
Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің мәлімдеуінше, бас қалада кәмелетке толмаған 32 мыңнан астам жасөспірімнің психологиялық жағдайына диагностика жүргізілді. Қорытындысында психологиялық жағдайы күмән туғызған 680 жасөспірім, соның ішінде өзіне-өзі қол жұмсауға баруға ықтимал 389 бала анықталды. Бүгінде олармен арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Басқарма басшысының пікірінше, бұл іске мектеп психологтарынан бөлек Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандарын тарту қажет. Қала мектептерінде псиxологтардың тапшылығы болмаса да, аталмыш мамандар жұмысы белгіленген шамадан асып тұр. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі әр псиxолог маманға 300-500 оқушыдан келу керек деген мәселені қолға алып жатыр. Егер тиісті құжат бекітілсе, үлкен мектептер мен колледждерде псиxологтардың санын арттыру қажеттілігі туындайды.
Қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия xатшысы Римма Иманғазинованың мәліметінше, қазіргі таңда елордада үш жүз мыңнан астам жасөспірім бар. Осы күндері Полиция департаментінің есебінде кәмелетке толмаған 221 бала тұр. Осы жылы алғаш рет оларды «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа тарту қолға алынды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды