«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қимылы ширақтың өмірі ұзарады

0 95

Орта ғасырдың ұлы ойшылы Әбу Әли ибн Сина «Қимыл көптеген дәрінің орнын басу мүмкін, бірақ бірде-бір дәрі қимылдың орнын баса алмайды» деген екен. Бірінші байлық – денсаулық екенін ескерсек, әр адамның аман-сау болуы – әуелі өз қолында, одан кейін ғана дәрігерлерге байланысты. Саламатты өмір салтын насихаттайтын, оны жүзеге асыруға жұмылдыратын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас директоры Уәлихан Ахметов еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа көзқарастардың орнығуы тұрғысындағы пікірімен бөлісті.

Ауырып ем іздегенше…

– Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты біздің орталықтың жұмысы, ең алдымен, қоғам денсаулығын сақтауға, жақсартуға және сауықтыруға бағытталған.
Денсаулыққа адамның өмір сүру салты, тұтынатын тағамы, дене белсенділігі, зиянды әдеттері тікелей әсер етеді. Сондықтан қоғамдық денсаулықты нығайту үшін барлық мүдделі органдар мен ұйымдардың күштерін біріктіру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті аясында денсаулыққа әсер ететін факторларға назар аударуы тиіс.
Біз өз тарапымыздан мүдделі (мемле­кеттік, мемлекеттік емес, жекеменшік, қоғамдық) органдар мен мекемелермен бірлесіп, халықтың саламатты өмір салтын ұстану қағидасын күшейтуге, дұрыс тамақтануды ұйымдастыруға, жалпы жұртшылықтың дене белсенділігін арт­тыруға атсалысу және т.б. көптеген жұмыстарды қамтимыз.
– Азаматтардың денсаулығына көп факторлар әсер етеді ғой. Осы ретте ауыр­маудың жолын іздеу, аурудың алдын алу тұрғысында қандай тиімді қадамдар бар?
– Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі қоршаған ортаны жақсарту арқылы адам денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға, шылым шегу, алкоголь, қант, тұз, майлы тағамдарды шектен тыс тұтыну сияқты залалды факторларды тоқтату шараларына бағытталған. Біздің орталықтың міндеті – аймақтарда қоғамдық денсаулық сақтау саясатын жүргізу. Денсаулық сақтау басқармаларында вакцинациямен қамтамасыз ету, жастар орталықтарының жұмысын үйлестіру және т.б. айналысатын бөлімдер құрылды. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің департаменттері жұқпалы ауруларға эпидемиологиялық бақылау жүргізеді, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, биологиялық қоспалар қауіпсіздігінің ғылыми негіздемесін жасайды, шикізаттың жаңа түрлерін өндіру ісінде, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті деп танылған жағдайда, өнімдер мен химиялық заттарды, технологиялық құрал-жабдықтарды өндірісте пайдалануға тыйым салады.
Ауырмаудың жолын іздеп, аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанумен, дене белсенділігімен, зиянды әдеттерден аулақ болумен қатар, уақытылы скринингтен – профилактикалық тексерулерден де өтіп тұру қажеттігін атап өткім келеді.

Жақсы үрдіс жалғасады

– Саламаттылыққа тәрбиелейтін бұл бағыттың мәнін балабақша, мектепте қалыптастыру керек болар. Сіздің пікіріңіз…
– Біздің тарапымыздан балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына қамқор болу бағытында жұқпалы емес ауруларды сауықтыру, дұрыс тамақтану, скрининг, темекі, тұз, майлы өнімдерді тұтынуды төмендетудің заңды бастамаларын қолдау жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ішкі туризмді дамыту және фитнес-орталықтар мен спорттық секциялардың, бассейндердің, құнарлы тағамды жеткізу қызметі мен белсенді демалыс орындарының санын арттыруға бағытталған жұмыстардың жүргізілуі көптеген адамдарға осы қызмет түрлерін алуға мүмкіндік береді.

Көптеген елдерде азаматтардың өмірін құтқару дағдысын білу тек медицина мамандары мен парамедиктерге ғана емес, жұмысы адам өмірін құтқару және қорғау қызметімен тығыз байланысты жеке адамдарға, мысалы төтенше жағдай қызметкерлеріне де міндеттеледі. Курс бағдарламасынан полиция қызметкерлері, педагогтар, күзетшілер мен қоғамдық көлік жүргізушілері де өтуге міндетті.

Өлімді 2-4 есе азайтуда және жүрек талмасынан, жол-көлік оқиғаларынан, жазатайым жағдайдан жарақат алып, мүгедек болып қалмас үшін шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетудің өмірлік маңызы өлшеусіз.
Астанада және барлық өңірлерде оқу-клиникалық орталықтары жұмыс істейді. Олар тек медицина қызметкерлерін ғана емес, қарапайым тұрғындарды өзіне, жанындағы адамдарды денсаулығына, өміріне қауіп төнген жағдайларда көмек көрсетуді үйретуді қолға алып жатыр.
Әлемнің өзгеруі, қоғамның, дәстүрлер мен әдет-дағдылардың дамуы – барлығы да ауру құрылымдарына әсер етіп отыр. Егер ертеректе жұқпалы ауруларға мән берілсе, қазіргі уақытта дамыған елдердегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы емес аурулардың: жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті, онкология және олардың таралуына әсер ететін факторлардың алдын алуға айрықша назар аудару қажет.
Мысалы, 2017 жылы Ұлыбританияда күндізгі уақытта зиянды өнімдердің жарнамасына тыйым салу, Финляндияда 2010 жылы алкоголь мен тәттілерге салықты көбейту, тұзды тағамдарға тыйым салу жұқпалы емес ауруларды 80 пайызға төмендетті. Үкімет мәліметтері бойынша физикалық белсенділік жыл сайын 5,5 млрд еуро үнемдеуге, жалпы адам өмірін 10 жылға ұзартуға әсер етті.
90-жылдардың ортасында Исландияның жасөспірімдері Еуропада темекіні ең көп тартатын, алкогольді ең көп ішетін топтарға жатқан екен. Тәуелділікті тудыратын мұндай биохимиялық процестерге балама ретінде мектеп бағдарламасына өнер және спортпен шұғылдану бойынша мастер клас­тар енгізілген. Қосымша сабақтарды мемлекет қаржыландырған. Сонымен қатар, темекіні, спирттік ішімдікті жарнамалауға тыйым салынған. Нәтижесінде 20 жыл ішінде жасөспірімдер арасында темекі тарту 42 па­йыздан 5 пайызға дейін, алкоголь ішу 23 па­йыздан 3 пайызға дейін төмендеген. Канада мен Австралияда темекі өнімдерінің акцизін 80 пайызға көтеру жұқпалы емес ауруларды 4 есеге төмендетті, ал темекі тарту 2001-2011 жылдар аралығында 23,6-дан 17,3 пайызға төмендеген. Бүгінде Германия нарығының 11 пайызын «сау» тағамдар алмастырған. Табыс көрсеткішін дәлелдейтін мысалдар өте көп. Рас, бұл – қиын әрі ұзақ жол. Біз де бұл бағытта табанды түрде әрекет етеміз.
Бір мысал келтірейін, көліктерді азайту есебінен жаяу жүргінші жолын, веложолдарды көбейту қоршаған ортаның ластануын бәсеңдетеді, демек жоғарғы тыныс жолдары, аллергия, демікпе ауруларының қаупін едәуір сейілтеді. Автокөлік аз болса, жол-көлік оқиғалары мен жарақаттану, мүгедектік пен өлім де азаяды. Жаяу жүру және дене белсенділігі кезінде денсаулық жақсарады, иммундық жүйе күшейеді, буын, жүрек, өкпе, мұнымен қоса өмірді ұзарту сапасы артады.

Саламатты әдеттер…

– Астана қаласы бірінші болып «Са­ламатты әдеттер марафоны» респу­б­ликалық акциясын өткізген болатын. Бұл қаншалықты тиімді шара? Профи­лактикалық шаралардың нәти­желері қандай болды?
– Елорда тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен өткен Сау әдеттер марафоны аясында акцияға қатысушылар достарын, туған-туысқандарын, әріптестерін, таныстарын фастфудтан, газды сусындардан, тәтті тағамдардан бас тартуға, жеміс-жидектер таңдауға, күнделікті 10000 қадам жүруге және эстафетаны әрі қарай «Ал Сіздің қолыңыздан келе ме?» ұранымен жалғастыруға шақырғанын білесіздер. Бүгінгі күні марафон форматында өтіп, жалғасуда. Өңірлерде физикалық белсенділік сағаттары өтуде.
Әрине, мұндай шаралардың пайдасы мол. Егер еліміздің азаматтары эстафетаны қабылдап, денсаулыққа зиян тағам, сусындардан бас тартып, «Денсаулық – өмір, өмір – қимыл» принциптерін ұстанса, мұндай принциптерді оз ортасында әрі қарай жалғастырса, профилактикалық шаралардың тиімділігі арта түсетіні сөзсіз.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды