«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазыбек бидің шапаны

0 21

Елордадағы Ұлттық музейдің төрінде ұлт тарихындағы айтулы тұлғалардың көрнектісі, ұлы үш бидің бірі Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың иісі сіңген зерлі шапаны ілулі тұр.

Музей қызметкері Ләйла Ноғайбекқызының сөзіне зер салсақ, бұл жәдігерді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Едірей ауылында тұратын атақты бидің ұрпағы Алтын Қожахметов қария көзінің қарашығындай сақтап келген. Осындай құнды мұра бар екенін естіген белгілі әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков Алтын ақсақалдан аттай қалап, 2008 жылы Президенттік мәдениет орталығына алып келеді. Сонау қиын-қыс­тау жылдары бидің ұрпақтары біраз қуғын көреді. Сол кезде олар шапанға залалы тиер деп оны жерге де көмген.
Шапан алтын, күміс, мыс жіптер арқылы өсімдік тектес өрнектермен өрілген парша матадан тігілген. Алды ашық желбегей, қаусырмалы, қолтық астынан бастап етек жағына де­йін үшкілденіп қиылған. Шапанның тігінен ұзындығы – 135 см, жағасының ұзындығы – 122 см, жеңінің ұзындығы – 70 см. Бұл жәдігерге Тұрсынкүл апа мен оның қызы Назым Жайлау­баевалар қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Тұрсынкүл апа – жоғары санатты реставратор. Шебердің айтуынша, Қазыбек бидің шапаны басқа шапандарға мүлде ұқсамайды. Түсі де ерекше. Реставратор шапанды қалпына келтіруге екі жарым жылдай артық уақыт жұмсаған. Шапанның астарының матасын елімізден таба алмай, Өзбекстанның Бұқара аймағынан әкеліпті.
Қорыта келгенде, әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болған, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар ел билеген кезеңде мемлекеттің басқару ісіне араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңес беріп отыр­ған қасиетті бабамыздың үш ғасыр бойы сақталған зерлі шапанын бас мұражайдан көре аласыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды