«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әжелер әлдилей ме немересін?

0 15

Жақында белгілі журналист Зарина Москау өз парақшасында: «Әже сатып аламын! Рас айтам. Сатылатын болса ғой, шіркін. Әттең! Бір кемпірдің қорлығы өтті-ау, деп анда-санда күрсінем де қоям. Өз анам алыста, денсаулығы да жарамайды.


Өз апасы қайтпас сапарға мына бұзық туылмай тұрып аттанып кеткен. Екі жылдан бері орыс апамыз бар Галина Михайловна деген. Балаға қарайлап, бақшадан алып көмектеседі. Өте ұқыпты, таза, адал, педагог с 40 летним стажем. Қазақша білгенде тіпті керемет болушы еді…» деп жазыпты.
Құрметті Зарина замандас! Арманың өте орынды, балаңды бөтенге жәутеңдеткенше, өз әжесіне бақтыр­ғанға не жетсін?! Бірақ әженің де әжесі бар. Бір қалада болса да немересіне мейірімі аз, апталап бір кездескенде бетін бір сүйіп, қолына тәттісін ұстатумен ғана шектелетін әжелер аз емес. Бір дерек бойынша астаналық зейнеткерлердің тек 56 пайызы өз немерелеріне аптасына бір реттен артық қарауға құлықсыз. Соңғы кездері ауылдан арнайы келіп немересіне қарайтын әжелер аз емес. Бірақ тең жартысы қаламаса, онда әжелердің де бауыры суып бара жатқаны ғой. Себебі неде деп іздегенімізде, көп нәрсеге қанықтық.

Раушан әже, 67 жаста: Екі жиен немерем бар. Құдағайларым басқа қалада тұрады. Қызым балаға қарашы дегенде қуанып кетемін. Сол баланы баққанның өзі – бақыт. Алайда жиеннің аты жиен, алыстағы әжесі келгенде, қай әжең жақсы десе, өз әжесіне бұрылып, мені сатып кетеді-ау, тентек неме».
Гүлсім әже, 59 жаста: «Әкелерін баққаным аз ба, өз балаларына өздері ие болсын. Арасында қарап тұрамын ғой, бірақ, тез шаршаймын. Содан да өздері маған салмақ салмайды».
Шолпан әже, 55 жаста. «Мен өзім жұмыс істеймін. Бірақ келін екіншісіне аяғы ауыр болып, қиналғанда қарап отыра алмадым. Үлкенін алып, үйдің жанындағы ақылы бақшаға беріп, өзім апарып, алып келіп жүрдім. Қазір бәрі жақсы. Өз балаларына өздері қарайды. Аптасына үйге әкелгенде мәре-сәре болып қаламыз. Немеренің ата-әжесіне еркелеп өскені жақсы. Бірақ бар тірлікті тастап, бала бағып отыра алмаймыз ғой».

Қазіргі заманда көп түсі­ніктер өзгерген. Әжелерінің шылауышына оратылып өскен аға ұрпақтың әжелері келмеске кеткен. Заманы мен біліміне сай «сладикім», «жүрегім», тағы басқа сөздері бар әжелердің «айналайынға» тілі келмейді, бесік жырын білмейді. Егер ата-әжелері бір отбасында өмір сүрсе, бұл әрқайсысына да тиімді болар еді. Бірақ, тау халықтарында көптеп кездесетін бұл жайт қазақ отбасы институтында сақталмайды. Тіпті өзбек, тәжік халқында да енші алып шыққан балалары бір қораның ішінде үй салды. Бұл да – қазақ өміріне келмейтін жайт. Сонымен, ата мен баланың, немеренің арасы суиды. Қаланың баласын ауылға жіберу де оңай емес. Ата-­аналары безектеп өздерінен алысқа жібергісі жоқ, тіпті өздері өскен топырақты, баласының шаңдатқанын қалай бермейді.
Бала бағу да – құрбандық. Себебі қазіргі әжелер зейнетке шыққанда әлі де отбасы ошақ қасында ұрпағының тілеуін тілеп отыруға ықыласты болмайды. Олар әлі де өздерін жас көреді. Түздің қызықты думаны бала-шағаны жетілдірудің жауапкершілігін ойландырмайды. Оларды да түсіну керек. Бұдан басқа аптаның жеті күнінде үйінде қарап отыруға еш мүмкіндік жоқ. Біреудің туған күні, біреудің тойы дегендей, одан басқа зейнеткерлер өз денсау­лығын күтіп, өз өміріне көп алаңдайды. Одан қалды сериалдар үлкеннің зейінін басқаға бұрады. Бұл не жүріс, немереме тәрбие беріп жатырмын ба деп ойлануға да қол тимейтін сондықтан. Зейнетке шықса да өз қаражатын өзі тауып қалғандар баланың қолына қарап қалғысы келмейді. Бұл да немере бағып әже болуға асықтырмайды. Сайып келгенде, баласын бағып бергені аз емес дейтін әжелердің қатарын көбейтетін түрлі себептер жеткілікті.
«Немерені өлгенше» дейтін ұғым алдағы уақытта мүлдем жоғалатын болар. Ал тереңіне үңіле білсек, келінді өзім деп бауырына баспайтын енеден мейірімді әже шықпайтын сияқты. Бұрындары да келінге еміренбейтіндер болған. Бірақ, «пәлегі ащы, түйнегі тәтті» деп білдірмейтін еді. Ендігінің немересіне июі қиын-ау. Өйткені болмысымыз өзгеріп барады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды