«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазір тоқетерін айтатын әдебиет қажет

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы, «Үркер» әдеби журналының бас редакторы

0 51

Бас шаһарда Азия қаламгерлерінің бірінші форумы өтті. Оған Азия құрлығынан шыққан ақын-жазушылар жиналды. Сол форум барысында белгілі прозашы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбаймен кездесіп, әдебиет туралы әңгіме өрбіткен едік.

ЕРКІН ЖАЗУ ДЕГЕНДІ ТҮСІНГЕН ЖОҚПЫЗ

– Қуандық аға, алғашқы сөзімізді өзіңіз қатысқан форумнан бастасақ. Айтулы жиыннан не ой түйдіңіз, қандай әсер алдыңыз?
– Шын мәнінде, бұл көптен күткен форум болды. Қазақ әдебиетінің тарихында 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясының өткені бар. Одан бері де қаншама жылдар өтті. Әдебиет те алға дамыды. Бұл жиында бүгінгі көркемсөз өнерінің біраз проблемалары қозғалды. Пәкістаннан, Татарстаннан, Моңғолиядан, Әзербайжаннан келген жазушылар өз пікірлерін ашық айтты. Одан өзімізден қаламгерлер де кенже қалған жоқ. Қазақта «Адамның жүзін бір көрген олжа» деген сөз бар. Форумда қаншама ақын-жазушыларды көріп, олармен қауқылдасып, бір марқайып қалдым. Осының өзі маған үлкен әсер етті. Жазушылардың көп пікірлері: «Енді біз Кеңес одағының құрсауындағы ел емеспіз. Еркін жазайық, еркін сөйлейік, ешкімнен қорықпайық» дегенге тоқайласты.
– Сіз тар қыспақтан шығу керек дейсіз. Еліміз егемендік алғанымызға отыз жыл болып қалды. Содан бері қазақ әдебиеті қыспақтан шықпады ма?
– Қазір кітап шығару қиын шаруа емес. Ақшасы бардың бәрі кітап шығарады. Бірақ әдебиеттегі еркін жазу дегенді түсінген жоқпыз. Біз де баяғы соцрелизмнің қалдығы жетеді. Дулат Исабеков сөзінде «пост­модернизм деген бір ағым шықты» деді. «Модернизм, пост­модернизм» деген ағым бұрыннан бар. Қазақ жазушылары оны енді түсініп келе жатыр. Жазушы болғаннан кейін ол ағымнан құр қалмауымыз қажет. Бәрін игеруіміз керек. Мысалы, біз жапон әдебиетін жақсы білеміз. Олардың әдебиеті бізден мықты деп айта алмаймын. Олар да еркіндік бар. Өмірге еркін қарайды. Рю Муракамидің «Дети из камеры хранения» деген кітабын оқыдым. Телеграфтық стильмен жазады. Форумда бір шешен: «Қазір үш беттік роман, бір беттік әңгімелер» бар деді. Еуропада бары – бар. Бірақ біз құлаш-құлаш суреттеу­ді жақсы көреміз. Содан құтыла алмай келеміз. Қазір тоқетерін айтатын әдебиет қажет. Оған енді аяқ басып жатырмыз.

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТАЗА ТІЛІ ЖОҒАЛЫП БАРАДЫ

– Сонда бізге Еуропа әдебиетінің үрдісі енді келіп жатыр ма?
– Иә, солай. Біз негізі бата бергіш халықпыз. Көп сөйлейміз.
– Осы қағиданы өзіңіз ұстанасыз ба?
– Әдебиетті бір кісідей оқыдым. Адамның табиғаты әртүрлі. Өзім қысқа жазғанды жақсы көремін. Өмірімде «Бекеттегі бейкүнәлар» деген 200 беттік бір роман жаздым. Хикаят­тарымның да көлемі шағын. Чехов «қысқалық – талантты қарындасы» деп бекер айтпаған. Қазіргі оқырмандар ұзақ дүниені оқымайды.
– Әңгіме жанрыңызда өзгеше қолтаңбаңыз бар. Бүгінгі қазақ әңгімесі туралы не айтасыз?
– Қазір әңгімені жақсы жазып жүрген жігіттер бар. Әңгіме жазғанмен оның табиғатын, жанрлық ерекшелігін түсінбейтіндер де көбейді. Бірде Жазушылар одағының жиынында әңгіменің тақырыбы туралы сөз қозғадым. Мысалы, бүгінде әңгімеге «Лифт», «Бильярд», «Министр» деп тақырып қояды. Кезінде Сайын Мұратбековтың «Қылауы» шыққанда «Жұлдыз» журналынан кезектесіп оқыдық. Қазіргі жастарда халқымыздың шынайы, таза тілі жоғалып барады. Оның себебі: эпикалық шығармаларды емес, газеттік мақалаларды ғана оқиды. Қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлин, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Дидахмет Әшімханұлы секілді қаламгерлердің төрт аяғын тең басқан әңгімелері бар. Ертеде Дидахмет екеуміздің әңгімеміз студент күнімізде «Арман қанатында» деген жас жазушылардың жинағына енді. Бердібек Соқпақбаев сол кітапқа алғысөз жазып, екеумізді атап өткен. Оны айтып отырғаным: жастарды жазуға студент кезінен баулитын Бердібек ағамыз секілді ақылшы қажет. Қазір ондай жанашыр азаматтар аз. Әркім өз күнін өзі көріп жүр.
– Бердібек аға секілді жастарға қамқорлық жасадыңыз ба?
– Мен он жылдан бері жастарға арналған «Үркер» әдеби журналының редакторымын. «Үркер-үміт» деген байқау ұйымдастырып, талай талантты жастарды әдебиет бәйгесіне үкілеп қос­тық. Жылт еткен үміт оты барлардан көмегімді аяған емеспін.

КІТАП ЕШҚАШАН ӨЛМЕЙДІ

– Көркем шығармаларыңызда әйелдің табиғаты мен жанын шебер суреттейсіз. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал» пьесасын оқып таңғалдым. Иван Бунин де әйел жайында көп жазды. Достоевский де бұл тақырыпқа қалам тербеді. Орыс­тың данышпан жазушысы Лев Толстойдың Анна Каренинасын енді түсініп келе жатырмын. Әйел алдымен анаң мен өмірлік серігіңіз ғой. Әйтеуір, осы тақырып жаныма жақын.
– Әдебиеттің болашағы не болады деп ойлайсыз?
– «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген фильмде телеоператор «20 жылдан кейін театр да, кітап та болмайды, тек телевизор қалады» деп айтқанда, оған қыз қарсы шығатын еді ғой. Менің ойымша, кітап ешқашан өлмейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғанда ақын Любовь Шашкова екеу­міз Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Сонда Ресеймен шекаралас орналасқан Мамлют ауданында болдық. Оқырмандармен кездесуде олар бізге «Кітаптарыңызды неге жібермейсіздер?» деп сұрады. Мен оларға баспадан шыққан кітабымды өзім дүкеннен сатып алатынымды айттым. Бұрын кітап тарату мекемесі жұмыс істеді. Қазір оның бәрі жоқ. Өзім сайттан, компьютерден ешнәрсе оқи алмаймын. Кітаптың иісін иіскеп оқығанға не жетеді?!
Біраз кітаптарыңыз жарық көрді. Соның ішінде қайсысын ұнатасыз?
– 1982 жылы шыққан «Қайың сапты кетпен» деген алғашқы жинағымды ыстық көремін.
– Нұр-Сұлтан қаласына қонақ болып келіп отырсыз. Елорда туралы айтып өтсеңіз?
– Бұл қалаға 1978 жылы «Лениншіл жас» газетінің тапсырмасымен келіп едім. Күз айы болатын. Күн суық. Қазір бас қаламыз өзгеріп, көркейіп кеткен. Мәдени шаһарға айналған. Ауасы да таза, жанға жайлы. Елорданың болашағы зор деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды