«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қажылық серуен емес, сауапты сапар…

0 95

Бүгінде елімізде діни рәсімдерді орындауда ешбір кедергі жоқ. Соның бірі Қасиетті Мекке мен Мәдинаға қажылыққа баруға еркін жол ашылды. 1991 жылы тұңғыш рет Қазақстаннан қажылыққа небәрі 21 адам аттанса, биыл 3000 адамға квота бөлініп отыр.

Құндылығы басым құлшылық

Қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаевтың айтуынша, Мекке, Мәдинаға сапар шегiп, қажылық парыздарын өтеу бақытына ие болған бауырларымыздың қатарында елімiзде тұратын 26 ұлттың өкілі түгел қамтылған екен.
«Жалпы, қажылық деген – сән-салтанатымен серуендеу, қызықтап қыдыру емес, қиындығы мен машақаты қы­руар, орындалуы ауыр, әрбір мұсылманның жауапкершілігі жоғары парызы әрі Жаратқан Алланың сынағы. Сондықтан қажылық – адамды сабырлылық пен төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кішіпейілдік пен ізгілікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімі» дейді ол.

Квота қалай бөлінді?

Өткен аптада қажылыққа баратын азаматтардың алғашқы легі жолға шықты. Айта кетейік, биыл Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі еліміз үшін 3000 адамға квота бөлген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 500 квотаға артық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталмыш 3000 квотаны 18 туристік фирмаға бөліп берген.
«Елімізде қажылыққа кез келген азамат кезексіз және бірнеше мәрте бара алады. Мәселен, 210 млн мұсылман тұратын Индонезияда азаматтар қажылыққа бару кезегін 6 жылға жуық күтеді екен. Ал Түркияда кезекте жүз мыңдай мұсылмандар тұрса, Өзбекстанда бұл кезекті бес жыл, Тәжікстан мен Қырғызстанда 2-3 жыл күтуде. Тіпті Сауд Арабиясының өзінде Меккеден басқа қалалардан қажылыққа бес жылда бір рет келуге ғана рұқсат етіледі екен. Қазірдің өзінде әлемде алғашқы қажылар легі Сауд Арабиясына бара бастады» дейді Балғабек Мырзаев.

Қажылық миссиясы қадағалайды

Бұған дейін елімізден Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейс болмады. Осыған байланысты қажылыққа баратын азаматтар Түркияның немесе Біріккен Араб әмірліктері әуежайларында біраз уақытын жоғалтатын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Себебі, Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейс ұйымдастырылды. Небәрі 5 жарым сағат ішінде жол ауыртпалығын сезінбестен жетуге мүмкіндік бар.
Жалпы, қажылық – Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының тікелей ұйымдас­тыратын сапары. Сондықтан басқарма жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын Қажылық миссиясы жұмыс істейді. Оның құрамында уағыз-насихат және дәрігерлер тобы қамтылған.

Міндетті вакцина – 22 мың теңге

Қажылыққа барудың өзіндік талаптары мен тәртібі бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық бөлімі референті Нұрқанат Байзақовтың айтуынша, биыл 18 туристік компания қажылық сапарды қамтамасыз етуге қабілетті деп танылып, аккредитациядан өткен.
Ал Сауд Арабияның Денсаулық сақтау министрлігінің талабы бойынша, қажылыққа баратын азаматтар менингитке қарсы екпе салдыруы керек. Егер екпе салынғаны туралы арнайы сертификат болмаса, виза берілмейді.
«Әлемнің 160 мемлекетінен 2 миллионға жуық халық жиналған аймақта халықтың тығыздығы артып, адамдарда қолайсыздық туындайды. Бұл қажылардың денсаулығына алаңдағандықтан туындаған талап» дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин. Менингококк инфекциясына қарсы екпені Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана қалаларында алуға болады. Міндетті вакцина құны – 22 мың теңге. Ал жекеменшік клиникаларда 30-35 мың теңгеге дейін барады.

Бірыңғай форма бекітілді

Биылдан бастап қажыларға әр түрлі киіммен жолға шығуға тыйым салынды.
Бекітілген бірыңғай киімге сәйкес, олардың киімі негізінен ақ түсті болады. Ал әйел адамдардың көк түсті күртешесі бар. Киімнің арқа жағында «Қазақстан» деп жазылған. Сонымен қатар жанына ҚМДБ логотипі мен әр турфирма өз белгісін қоя алады. Оң жақ иығында Қазақстан туының суреті бейнеленген. Сонымен, 2018 жылғы қажылық маусымында ел азаматтары 9-15 тамыз аралығында сапарға аттанып, 27 тамыз – 1 қыркүйек аралығында елге оралатын болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды