«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақтың қараша үйі, қош бол деме!

0 115

Сіздерді қайдам, елордадағы мәдени шаралардың арасында асығыс тұрғызылған «Этноауылға» жол түскенде, бұрынғы ата-бабаларымның алдында кінәлі болғандай, алға басқан аяғым кері кетіп, мазасыз хал кешемін. Бергіде өткен әке-шешем жайлы естеліктерім көмескі тартып, ортамызға алынбас қамал түсіп, ол биіктей бергендей болады. Өзге тілдіге оңтайлы, өзіме жайсыз естілетін «этноауыл» өзімнің өткенімнің арасында кес-кестеп, қазақы қалпымды сезінуге кедергі болып тұрғандай.

«Саржайлау» деп айтсақ болмай ма?

Ішімнен апырай, екі аяғым салбырап, аспаннан түскенім жоқ. Осы қаздай тізілген қа­раша үйлердің көлеңке­сінде өсіп едім ғой. Енді неге балалығымыздың, қаза­қы­лы­ғы­мыздың белгісіне ойқас­тап қарап, этноауыл деп мұрны­мызды шүйіреміз. «Этно­­-ауыл» атамай-ақ, «Саржайлау», «Ауылым», тағы бас­қа­дай қазақы атауын бер­сек, өз төрімізге келгендей болып қайт­пайтын ба едік?
Анда-санда мерекеге құ­рылмаса, қарапайым адамға қазақтың киіз үйі көзден бұл-бұл ұшып барады. Алайда Ас­танада өзіңіз қалап, екі-үш күнге киіз үй тіксеңіз, онда 50 мыңнан 70 мыңға дейін ақшасын төлейсіз.
Ел тәуелсіздігіне ширек ғасыр толғанда қасиетті дүние­мізге қолымызды жеткізіп, оны күнделікті тұрмысымыз­дан ажыратпауға күш салып жүргенді көрмедік.
Бұрындары көктем шықса, әжеміз жиюлы тұрған үйдің сүйегін күннің көзіне жайып, киізін ақ қаппен жамап отыратын. Ертеңнен кешке дейінгі әжемнің күйбең тірлігі – біз үшін қуаныштың нышаны. Демек, әжеміз киізін жамап болғаннан кейін жабылып үй тігеміз. Бұл да біз үшін қызық болатын. Әкелеріміз бәріміздің қолымызға бір-бір уық ұстатып, оны керегенің ашасына қалай байлауды үйрететін. Күз түсіп, үйді жық­қанға дейін біз шаншы­ған сол уықтың қисаймай, түзу тұруы біздің назарымызда еді. Уығымыз нық болса, іш­тей мақтанушы едік.
Алайда әжем дүниеден кө­шіп, ізінен әкелеріміз аттанып кеткеннен кейін артында қалған ұрпағы киіз үйдің қадірін білген жоқ. Жаз болса есік алдына орнатып, күндіз самалдап, жаздың ыстық түнінде қоңыр салқын жерде демалғанды қалаған жоқ. Кесектен соғылған үйіне желдеткіш орнатып, соған үйренді. Жылдар өте бере ала жаздай күн қақпаған үйдің киізі күйелеп тесілді, жосамен боялған қараша үйдің сүйегі де аяқасты қалды…
Этноауылға жол түскенде осы жайт еске түсіп, марқұм болғандардың алдында ұятты іс істегендей кібіртіктейтінім де, міне, сондықтан.

Киіз үйді кәсіпке айналдырғандар бар

Бір жылдары ерлі-зайыпты ағылшындардың оңтүстіктен үш киіз үй ала кетіп, Англияның ортасында қаз-қатар тіккенін әлеуметтік желілерден оқыған едік. Өте қолайлы, көркем безендірілген қазақтың киіз үйі ағылшындардың қазынасын тасытып жатыр екен.
Сол киіз үйдің қадірін біліп жүрміз бе? Жоқ. Өйткені балаларымыз бен немерелеріміз бұл үйдің көлеңкесінде өскен жоқ. Керегелеріне өрмелеуді білген жоқ, түңлікті ашамын деп әжесінің қолындағы бауына жармасып өспеді.
Орта буынның салғыртты­ғынан киіз үй көзден бұл-бұл ұшты. Шығасыға иесі басшы. Тіпті кеңес кезінде де көптеген шопандардың басына қалқа болған киіз үйдің өндірісі болатын. Ондай отаулар Талдықорғанда арнайы фабрикада шығарылушы еді. Тал иіп, бұтақтан уық жонып, қолдан соққан үйлерден айырмашылығы – тез тозатын, керегелерін қайыспен емес, пластмасса шегемен бекітетін. Әжемдерден қалған үйлердей сүйегін қынамен емес, сары түсті сырмен бояйтын. Бірақ киіз үй аты бар. Жоқтан жақсы. Бүгінге ел тәуелсіздігін
алдық деп көкірегімізге нан пісіп жүргенде, қазақтың қараша үйін ойлайтын ешкім қалмаған сияқты. Осы өнді­рісті жандандырып, сәнімізді келтірейін деген біреу бола ма? «Рухани жаңғыру» аясындағы еліміз осы мәселені неге қолға алмайды?
Көрші Қытайдан көшіп келген ағайындарға рақмет. Ондағы жұрттың келіндері үйдің киізін құртқа жегізген жеңгелерімізден пысығырақ екен. Ал азаматтары әкелерінің киіз үйінің уығын шашау шығармай, шаңырағын сындырмай сақтай алмаған ағаларымыз­дан ақылды екен. Сол ағайын­дар киіз үйін Наурызда, үлкен астарда пайдалануға беріп пайда табады. Бастысы, көзден бұл-бұл ұшқан қазақы ауылдың сән-салтанатын бүгінге жеткізіп отыр. Бәлкім, Астананың төрінде киіз үйге не қажеттілік бар деп айтарсыз. Оны көптеп шығарып не істемексіз дерсіз.
Өте қажет. Ұрпағымыздың ұлттық тамыры кесіліп, қа­­зақы атынан жеріп бара жат­қаны жаныма батпаса, үндемес едім. Балаларымыз­дың баласының бір сәтке болса да қазақы үйдің төрінде аунап, асыр салып ойнағанын қалайтындар да жоқ емес.

Есіл бойына жағалай үй тігілсе…

Жаз болса қалалық саябақ­та кісі аяғы басылмайды. Осын­да түрлі аттракциондар – күллі сәбидің жақсы ермегі. Соның арасында киіз үй құрылса. Ойын керек десеңіз, асық апарып қойсын. Сонда киіз үй көз алдымыздан таса болмай, жақсы естелігімізді айтып, жас ұрпақтың санасын жаңғыртар едік.
Осы үйді кәсіпке айналдыр­ғысы келгендер қымызын апарсын, қазанын асып ба­уырсақ пісірсін. Сонда қа­­­зақ­тың балаларының жү­­ре­­­гінде әріде өткен баба­лары­­мен тыл­сым байланыс ор­нап, қазақы қаны бойында ой­нар еді. Бұл этноауылдың сыртынан жүргендей әсер емес екенін түсініңіз.
Қаланың бір шетінде жасыл орман-бағымыз бар. Был­­тыр­дан бері веложол салып, Құдай қаласа, салт атпен серуен­деуге мүмкіндік қарастырамыз деп жатыр. Дұрыс-ақ, алайда күн мен жел­­ден қалқа болатын ағаш «бе­седкаларға» қыруар ақша шығарғанша неге киіз үй тік­песке? Тиімді әрі жанға жайлы, жексенбілік демалыс­тың да шырайын келтірер.
Сосын бұл үрдіс бірте-бірте әдетке еніп, қазақтың киіз үйіне тосырқап қарағанды тоқтатып, есігін итеріп ашып, именбей кіретін болар едік. Тіпті жапондардың сакура гүлдегенін тойлайтын сияқ­ты мамырлаған мамырда қазақтың киіз үйінің тігілу үрдісін де бір шаңырақ астындағы көпұлтты еліміздің ортақ мерекесіне неге айнал­дырмасқа? Неге сол күні той-думан өтпеске? Міне, «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алатын бір шаруа осы сияқты.
Әрине, ол үшін киіз үй шы­ғаратын зауыт ашылса, нұр үстіне нұр. Одан кейін киіз үй шеберлерінің мұрасын жаңғыр­татын, ескі үйлерді қал­пына келтіретін маман керек. Олардың қолынан шық­қан киіз үйін сатып алып, тұр­мысқа ендіретін жанашыр қажет. Өкінішке қарай, жергілікті органдардың қазақы қаны мен патриоттық бастамасы қасқалдақтың қанындай қат болып тұр. Әйтпегенде, бәрі басқаша болар ма еді рухани жаңғырған қоғамда…

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды