«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақтың ниеті

(Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының ізімен)

0 25

«Хан айтқан сөзді қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» демекші, көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан жетістіктері туралы бұған дейін де талай ғалымдар, тарихшылар айтқанымен, оған бейжай қоғам жөндеп көңіл қоя қоймады. Ешнәрсенің байыбына бойламайтын кеңкелес сана мұндай пайымдарды тіпті келеке еткісі келді. Ал Н.Назарбаевтың аталған мақаласынан кейін ас­тамшыл пиғылдар сап тыйылды десе де болады.

Келіссек те, келіспесек те, қазақ үшін дамудың «батысшылдық» үлгісі жарамайды. Өйткені Қазақстан – өзінің байырғы халқының құрамы бойынша да, өмірге деген көзқарасы бойынша да айрықша мемлекет. Біріншіден, тұрғылықты халық өзінің тұрмыстық ерекшелігіне сай адам баласы өмірінің бастау басында болатын туыстық сабақтастығын үзген жоқ. Екіншіден, көшпенділер барлық замандарда да табиғаттың заңымен өмір сүріп, өзінің ата-тегін сонау Адам ата мен Хауа анадан таратады. Тек Ұлы даланың көшпенділері ғана өз ұлы бабаларының есімін мәңгілікке сақтап, өздерін Адам деп атауы тегіннен-тегін емес. Үшіншіден, өткен тарихтың түрлі жағдаяттарына қарамастан, халқымыз ата-баба дәстүріне берік, көсемдеріне адал болып келді.
Кейінгі күндерге дейін көш­пенділердің «өмірбаянын» оты­рықшы жұрттардың «оқымыс­тылары» жазып келді. Көп жағ­­­дайда жалған тарихшылар мен әпербақан идеологтардың оты­­рықшы жұрттардың мәдение­ті көшпенділерден жоғары тұрды дегенге саяды. Әсіресе, тарихтану ісінде бұрмалаушы­лық­тар көп. Көшпенділердің шынайы тарихын, оның жалпы жер бетіндегі адамзат дамуына қос­қан үлесін соның кесірінен әлі «көре алмай» жүрміз. Қазақтың шынайы тарихын танығыңыз келсе, бүгінгі тарихтану ісіндегі адасу­шы­лықтардан арылуымыз қажет. Ең алдымен, адамзаттың мәдени дамуы туралы жалған теория қашан және қалай пайда болға­нын ұғып алғанымыз жөн.
Біз Марко Полоның Құбылай ханның «жабайы» ордасына саяхат жасағанын білеміз. Отанына қайтып оралғаннан кейін ол өзінің таңғажайып саяхаты туралы кітап жазып, онда отқа жанатын «қара тас» (көмір), от шығатын ұнтақ (күкірт), теңізшілерге бағыт көрсететін «ақылды» құрал (компас) т.б. кереметтер туралы айтады. Бұл кезде Еуропа әлі ұйқыда жатқан, олар Марко Полоның кітабын ойдан шығарылған ертегі ретінде қабылдады. Еуропалықтарға оның жазғандарының бәрі шындық екенін түсіну үшін мұнан кейін де бірнеше ғасырлар керек болды.
Қазіргі тарихтану ғылымында адамзаттың мәдени дамуының бастау басы ретінде қалалық тұрмыс (мемлекет) пен жазу пайда болған б.э.д. 8-4 ғасыр дәуірі мысалға алынды. Бірақ оған дейін адамзат сөйлеу тілі мен өз этнос­тарына қатысты салт-дәстүрлердің қалыптасу кезеңінен өтті. Адам баласы осы интеллектуалдық деңгейге жету үшін ұзақ уақыт бойы жады сеніміне бағынып келді. Адамдар ата-баба аруағына, табиғаттың алапат апаттарына, аспан денелеріне (ай, күн) сенді, ақыр соңында олардың ақиқатты түсінуге деген құлшынысы бүкіл ғаламды көк пен жер құдайы – Тәңір басқарады деген сенімге әкелді.
Олжас Сүлейменов былай дейді: «Тіл мен мәдениет күнге табынушылық дінінен туған – мәде­ниет­тануда тіл саласы ғылымын міне осы тұстан бастау керек еді. Бірақ бұл ұғымға лингвистика енді-енді ғана назар аудара бастады» («Язык письма»). Әңгіме өркениеттің рухани даму аспектісі жайында: онсыз адам баласының «адамдық болмысы» ашылмаған болар еді дейді ол кісі.
Мұсылман дәстүрінде Салим патша, парсылардың Кир патшасы, Аврам пайғамбар, сондай-ақ еврейлер Хызырдың (Қыдыр) балалары болып саналады. Өз дәуірінің ең жоғары ғылымына айналған Тәңір діні тегіннен-тегін туа қалған жоқ, ежелгі көшпенділердің, мұсылмандардың, христиандардың пайғамбарлары бұған дейін Тәңір дінінің өкілдері болды.
Адамзат өзінің өмір жолында ата-бабаларын есте сақтап, олардың іс-тәжірибелерін жалғас­тыруға тырысты. Ол халықтық дәстүрдің тұрақтылығына, яғни ата-бабалар сенімін берік ұстауға алып келді. Ата-баба «символдарын» сақтау уақыт өте келе сол адамдарды «құдайға» айналдыруға жеткізді (Мырзабек Қарғабаев. Атлантиданың адасуы).
Біздің санамызға құдайдың жа­ңаша сипатын сіңірген өткен замандардағы пайғамбарлардың зор тұлғалары осылай қалыптасты. Дінге деген сенімін жоғалтып алмау үшін адамдар өздерінің ата шежіресін жаттап өсті, бабаларының тәжірибесіне сүйене отырып өздерінің іс-әрекеттерінің дұрыс-бұрыстығын анықтады.
Тарихта қоғамның әлеуметтік дамуына ықпал етуші ішкі және сыртқы жағдаяттардың логикалық тізбегі бізге мәдени даму барлық уақыттарда да отырықшы жұрттардың «материалдық» және көшпенді халықтың «рухани» құндылықтарының өзара арасалмағы негізінде жүзеге асып отырғандығын көрсетеді. Ал қоғамның мәдени өмір тұрғысындағы қалған барлық жетістіктері осы аралықтан жанама түрде туындап отырған.
Біздің аталарымыз бабалар рухын өмір бойына сақтап келді және мезгіл-мезгіл ара ұясы сияқты тарих сахнасына жаулаушыларды шығарып тұрды. Көшпенділердің мәдениеті басқа жұрттарға осылай тарады. Оған осы сахарада құрылып, ұлан-ғайыр құрылықтар – Азия мен Еуропаға, Африка мен Үндістанға, Қытайға билігін жүргізген, тарих сахнасында бірін-бірі алмастырып отырған, әр кездері әртүрлі аталғанымен түбі бір Түрік жұрты – Сақтар, Ғұндар, Үйсіндер, Қыпшақтар, Наймандар, Хазарлар, Түргештер, Түркі қағанаты мен кешегі Алтын Орда сияқты ұлы империялар куә.
Діндер аралық қақтығыс күшейген б.э.д. 5-4 ғасырларда жужандарға (будда) қарсы күресу үшін Күн би балаларының (Сақтардың патшасы Күн бидің титулын тағынып жүрді) күшін біріктіру керек болды. Міне, сол кезде алғаш рет «түрік» сөзі тарихи айналымға кірді. Түрік (шынайы дін) – мәңгі көк аспанның сарбаздары. Араб­тар көшпенділерді Тәңір дінін ұстанғандықтан «түріктер» деді. Ал қайтадан құрылған Ұлы (Шығыс) қағанаттың бірінші қағаны Күлтегін (Күн-тегін, мұнда тегін, тек – ұрпақ) атауын алды. Ұлы Шыңғысхан Шығыс Түрік қағанатының аумағын қалпына келтіргенде, 1206 жылы құрылтайда көшпенділердің басты билері қосылып, оған Шығыс қағаны атағын берді.
Қазақтың өмір-салтында күні бүгінге дейін Тәңір дінінің ғұрыптары мызғымастай сақталған. Көшпенділердің түсінігінде, мына әлем ұрпақтардың еншісіне қалуы керек. Ал жас буынның барлық іс-әрекеттері мен ойын, ең алдымен, әке-шешесі, сосын ата-баба аруағы және Көк Тәңірі бақылап отырады деп сенген. Сондықтан біз әрбір қадамымыз олардың жүрек қалауы бағдары бойынша жүзеге асыруға тиіс деген. Қазақ бүгін де «иә, аруақ!» деп атқа қонып, аруаққа сыйынып отырған. Бұл – аруаққа деген сенім, аруаққа деген адалдық. Оның аты – ниет. Осы өмірдегі барлық жақсылықтарымыз бен жамандықтарымыздың бәрі осы ниеттен. Міне, қазақтың жаны – осы!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды