«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақтың алтын ғасыры

0 22

Қай заманда да билеу­шінің қа­һармандығы, батылдығы, кө­ре­гендігі мен даналығы ел болашағын айқындаған. Осы қасиет­терімен дараланатын ұлттық лидердің «жеке күн тәртібі» ел мұратымен ұштасып жатса, ол саяси һәм шығармашылық энергиясын жасампаз арнаға бағыттаса, бұл – елдің зор бақыты.

Шынында, Нұрсұлтан Назарбаев «жаңа қазақ­стан­дық мемлекеттіліктің негізін қалаушы» ретінде өзі үшін бұрын-соңды болмаған жаңа әрі жоғары стандарттарды түзді. Өзі сол асқақ шыңдарды бағындыра отырып, елді де заңғар биіктерге көтерді. Елбасы ғасырлар бойы еңсесі езілген, отаршылдық тұсында ұлттық арман-аңсар атау­лыдан ада бола бастаған халқымызда қайтадан ұлы мұраттарға деген ұмтылыс туғызды және биік мақсаттарға жетуге үйретті.
Сондықтан да «Назар­баев» пен «Алтын ғасыр» қазақ үшін қатар қолданылар егіз ұғым, тел құндылық болып табылады.
«Менің халқым өзге халықтардың түстеріне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кешті. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды» дейді Елбасы «Ғасырлар тоғысында» кітабында.
Расы сол. Егер табиғаты өткен тарихтан сыр ақтарар болса, ұлан-байтақ бұл даланың тауы күрсі­ніп, талы шулап, қайғы-­мұңнан қаратасы қақ айырылар еді.
Біздің қазақ қашан тыныш ұйықтап еді? Көк түрік Күлтегін бабамыз түнде көз іле алмағанын, күндіз байыз тауып отыра алмағанын бекер тасқа қашап кетпеген. Аз өмірі аттың жалында, майдан жолында өткен мәрт Махамбеттердің қыз­ғыш құс­қа ішкі зарын айтып, ұйқы көрмей аңсағаны азат­тық пен абат күн еді. Күні кеше күркіреп өткен жаһандық сұрапыл соғыс­та батыр Бауыржандар қаруын алып, қасына қаһарлана ұмтылғанда, көздегені бейбіт өмір болатын.
Күрсінумен күні өткен, қасіреттен көз ашпаған халқымыздың ең асыл арманы «Назарбаевтың
алтын ғасырында» ақи­қатқа айналды. Татулығы арқылы тыныштық орнатып, бейбіт пейілі арқасында берекесін бекемдеген Қазақстан жасампаз жолға түсті, бақуатты болашағының іргетасын қалады, тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты дә­ріптейтін, өзге елдер өнеге етіп, санасатын іргелі, дамыған мемлекет құруда.
Мәңгілік Ел құру үшін бір ұрпақтың өмірі аздық етеді. Елбасы айтқандай, тек көпғасырлық бірлік пен сабақтастық, тек ұрпақтан ұрпаққа берілер ортақ мақсаттар ғана осынау ұлы міндетті шешу үшін ұлтты ұйыстыруға қабілетті.
«Назарбаевтың алтын ғасыры» болашақ Қазақ­станның игілігіне айналуы, нұрдай таралуы үшін Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұлы идея­ларын ту қылып ұстап, ұрпаққа аманаттап тапсыруға тиіспіз.
Елбасының дәуірі, Елбасы тұсындағы «Елдік­тің алтын ғасыры» Қазақстандағы кейінгі барлық тарихи салыстырулардың қайнар көзі, бастауы, өзіндік бір эталоны болмақ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ұлы Дала елінің келешектегі барлық басшылары мен билеушілеріне ірі әрі ұлық ме­же белгілеп берді. Қандай ғасыр болсын, қандай лидер болсын, оны міндетті түрде Нұрсұлтан Назарбаевпен және оның заманымен салыстыратын болады. Өйткені заманауи қазақ­стан­дық мемлекет­тілік Елбасыдан басталады.
Нұрсұлтан Әбіш­ұлының қарапа­йым металлургтен мемлекет негізін қалаушы Елбасыға дейінгі өсу жолы – феноменалды. Мұндай үлгі қазақ тарихында еш­қашан болған емес.
Дамуда арттап қалған, экология­сы, ауасы және жері әбден лас­танған, халқы әр­түрлі әлеуметтік-этнос­тық сынақтар жа­са­латын «ұлттар лабора­тория­сына» айналған отар елдің басшылық тізгінін батыл қолға алу; жұртының көз жасын ағызбастан, бір тамшы қанын тамызбастан, елді қарқынды өрлеген тәуелсіз мемлекетке айналдыру; оны дамыған елдердің «отыздығына» бастау; жаңа астананы орнату әрі жайнату; дүниежүзілік антиядролық қозғалысқа көшбасшы болу; жаһандық бастамалары мен жобаларын әлем жұртшылығына және ең жоғарғы халықаралық инстанция саналатын Бі­ріккен Ұлттар Ұйымына мойындату; қаншама араз елді татуластыру; мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру – біле білсеңіз, көп елдің басшысының өмір­баянында бұған ұқсас ештеңе де жоқ.
Қазіргі біз бастан кешіп жатқан оқиғалар мен жа­ңарулардың қайсысы та­рихқа енері, қайсысы келешек ұрпақ көрешегіне жарары, ізгі жаңғырық табары белгісіз, бірақ бір анығы – Қазақстан мемлекеттілігін құрған Назарбаев туралы естелік халық санасында мәңгілік қалады, қазақ барда ешқашан жадтан өшпейді. Мұның барлығы болашақ аңсарлы аңыздардың құрамдас бөліктері болып табылады.
Бұл «алтын ғасыр» кейінгі қазақстандықтарды да жаңа биіктерге қанаттандырар, ұлы мұрат-мақсаттарға рухтандырар шабыт көзіне айналары даусыз. Осынау аңызбен ұштасар, ұлттың асыл арманымен жұптасар тарих дәл қазір, сіз бен біздің көз алдымыз­да жасалуда.
Келер ұрпақ дереккөз ретінде куәгерлерге жүгінері сөзсіз. Сондықтан бүгінгі әр қазақстандықтың, әр тұлғаның Елбасын тануы маңызды. Бұл ұрпақ­тар сабақтастығын сақтап, құнды тәжірибелер, ұлы идеялар мен асыл құнды­лықтарды лайықты табыс­тауымыз үшін керек.

* * *

Дүниежүзі тарихына кірген даңқты есімдер аз емес. Олар ең қиын заманда, тағдыршешті тұста өз ұлттарына дамудың жаңа әрі жасампаз бағдарын ұсынды, теңдесі жоқ серпінді реформалар жүргізді, қоғамды жаңғыртты, өз елдерін жаңа биіктерге көтерді. Сондықтан да өз халықтарының жадында мәңгілікке сақталып қалды.
Осы орайда 2016 жылдың 29 тамызында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық форумы мінберінен өз елін­дегі ядролық сынақтар құрбандарының үнін жеткізген Маршалл аралдары мемлекетінің Нитиджел (Парламент) спикері Кенеф Кедидің сөзі еске түседі. Ол қырғи-қабақ соғыс жылдары Америка Құрама Штаттары Маршалл аралдарында 67 рет атом жарылысын жасағанын, соның ішінде, алпауыт держава сынаған «Браво» атты аса ірі атом бомбасының қуаты Хиросима мен Нагасакиге тас­талған бомбалардан мың есе асып түскенін, осылайша, өз халқының «адамзатқа қарсы бағытталған сұрапыл қатыгездікті» бас­тан кешкенін қабырғасы қайыса отырып баяндады. Сөз соңында Маршалл аралдарының жоғарғы заң шығарушы органының басшысы жаппай ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысына айналған Қазақстан мен Елбасыға ризашылығын білдіре келе, Семей ядролық полигонының жабылғанын естіген күні маршалдықтар да жүрегі жарыла қуанып, алыс елдегі бұл оқиғаны халық болып мерекелегенін еске түсірді.
1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өз Жарлығы­мен Семей ядролық полигонын жапқаннан кейін, Қытайдағы Лоб-Нор полигонында да, Американың Нева­да штатындағы сынақ алаңында да, Ұлыбритания мен Францияның Тынық мұхиттағы Муруроа секілді атолл-аралдарында да ядролық сынақтар түбегейлі тоқтады. Олардың бәріне Н. Назарбаев бірегей үлгі-­өнеге көрсетті.
Жалғыз бір тұлғаның күш-­жігері осылай дүние­жүзі бойынша адам сенбес, бұрын қиялдай көрінген керемет өзгерістер мен оқи­ғалардың көшкінін ту­ғызды. Жаһанда текто­ника­лық қозғалыс басталды. Бұл – ғасырлардан тамыр тарт­қан тарихта өте сирек кездесетін құбылыс болатын.
Уақыт өткен сайын тарих кеңістігінде Нұрсұлтан ­Назарбаевтың тұлғасы да биіктей бермек. Бұл таутұл­ғаның әлемдік аренада пайда болуының әсері мен нәтижелерін адамзат толық түсінуі үшін талай онжылдықтар қажет болуы мүмкін. Ел­басы тұлғасының кең ауқымдылығы сонша, тарихқа әлі көптеген құбы­лыстар мен көріністерді, айғақтар мен деректерді
қорытуға тура келеді.
Қалай болғанда, ядролық зұлматқа қарсы кү­рес­кер, ядросыз әлем құ­­ру жаһандық қозғалы­сы­­­ның көшбасшысы, дін­­аралық келісімнің ұйыт­­қысы, әлем­дік деңгейдегі бітімгер ре­тінде Нұр­сұлтан Назарбаев өз атын тек ел тарихына ғана емес, адамзат тарихына жазып қалдырды.

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент
Мәжілісінің депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды