«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?

0 30

Жаз келсе, қазақстандықтардың шет мемлекеттерге саяхаттауға аттанатын әдеті. Біреулер алыс шетелге сапар шексе, кейбір отандастарымыз көрші елдердің көркем жерлерін көруге құмар.

Туризмді дамытып, ішкі туризм мен сыртқы туризмнің дамуына кедергі келтіретін келеңсіздіктерді аластауға күш салған еліміз соңғы кездері Қазақстан азаматтарын виза талаптарынан босату жөнінде шет мемлекеттермен екіжақты келісімдер жасады. Нәтижесінде аталған келісімге сай, қазақстандықтар ұлттық паспортпен 28 елге, қызметтік паспортпен 47 елге, дипломатиялық паспортпен 69 елге визасыз бара алатын болды.
Шетелге саяхат жасағысы келетін отандастарымызға қолайлы болуы үшін төменде ҚР азаматтары визасыз бара алатын елдердің тізімін және мерзімін де көрсете кетейік.
Қазақстан азаматтары Америка, Азия, Таяу Шығыс, Африка және ТМД-ның бірқатар еліне визасыз бара алады. Бұл елдердің көшін бір жылдық визасыз режиммен Грузия бастаса, соңын 14 күндік уақытпен Қытайдың Гонконгы түйіндеп тұр.

Қазақстандықтар визасыз баруына болатын елдердің тізімі және мерзімі:

14 күнге дейін Қытайдың Гонконгы

28 күнге дейін Барбадос

30 күнге дейін  Аргентина, Бразилия, Индонезия, Малайзия, БАӘ,
Сербия, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Эквадор

90 күнге дейін Ресей, Әзербайжан, Албания, Беларусь, Колум­бия­, Коста-Рика, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Намибия, Түркия, Украина

180 күнге дейін Арменияға

365 күнге дейін Грузияға

Намибия, Сейшель аралдарына визасыз баруға болады

 

Туристердің виза мәселесін үйлесімді шешу үшін кейбір мемлекеттер визаны әуежайда рәсімдеуге болатын мүмкіндік те жасаған. Мұндай жағдайда виза алуға өтінішті әуежайда толтыруға болады. Оған көп уақыт кетпейді. Әр елде талап етілетін құжаттардың тізімінде айырмашылықтар болғандықтан, сол елдің ресми сайттары арқылы кейбір мәселелерді алдын ала нақтылап алған жөн.
Әуежайда виза рәсімдеу үшін пас­порт, фотосурет, баратын-қайтатын жолдың билеті, туристік растама немесе қонақүйді броньдау туралы дәдел, шотыңыздағы қаражат туралы анықтама, сауалнама мен көші-қон картасы, баж төлеу үшін ақша әрқашан да керек. Визаға төленетін сома мөлшері де әрқалай. 10 доллардан бастап, неше 100 долларға дейін барады.
Кейбір елдердің визасын онлайн алуға болады. Оған кезекте тұруды қажет емес. Барлық қажетті құжаттарды жинақтап, баж төлеп, бірнеше күн немесе бірер сағат ішінде виза алуға болады. Алайда визаға өтінішті жолға шығатын уақытқа 30 күн бұрын толтыру керек.
Ал елімізде 76 елдің азаматтары 72 сағаттан (Қытай, Үндістан) 90 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік бар. Қазақстанның бірқатар елдерге бір айлық, 2 айлық, 3 айлық визасыз режим енгізуі визасыз баруға болатын мемлекеттердің әлемдік рейтингіндегі орнын жоғарылатып ғана қоймай, отандық туризмнің дамуына да тың серпін берді.
Айта кетейік, 2018 жылдың басында Қазақстан визасыз баруға болатын мемлекеттердің әлемдік рейтингінде 65-орынға көтерілген еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды