«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстандағы қор нарығы

0 144

«Доллар 334 теңгеден асты. Қазақстан қор биржасының (ҚҚБ – KASE) таңертеңгі сессиясында доллардың орташа бағамы 2018 жылы 12 маусымда 334,54 теңгені құрады. Бір күн бұрынғы бағамен салыстырғанда ұлттық ақшамыз 0,86 теңгеге арзандады. Астананың ақша айырбастау нүктелерінде америка валютасы – 335,3 теңгеге, Алматыда 335,6 теңгеге сатылуда» деп хабарлады kapital.kz сайты. Біз күнделікті осындай ақпараттарды жиі оқимыз. Десек те, қаржылық операциялар ҚҚБ-дағы ақшалар нарығында жүргізілетінін біле бермейміз. Жалпы, еліміздің қор нарығы қалай жұмыс істейді? Банк жүйесі мен қор нарығының ерекшеліктері қандай? Бағалы қағаздар нарығы дегеніміз не? Осындай сауалдарға төмендегі сараптамалық мақалада жауап беруге тырыстық.

Қазақстан қор биржасы

Қазақстан қор биржасы (ҚҚБ) – бұл қаржы құралдарын сатуға арналған әмбебап биржа. Онда акциялар, облигациялар, инвестициялық қорлардың паилары, мемлекеттік бағалы қағаздар, шетел валюталары және деривативтер сатылады. ҚҚБ-на биыл 25 жыл толады. Акционерлерінің саны – 53. Соның ішінде 50,1%-ы Ұлт­тық банкке, 27,4%-ы екінші деңгейдегі банктерге, 64%-ы Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорына (БЖЗҚ), қалған акциялары брокерлерге, жеке инвесторларға тиесілі. Жалпы алғанда, ҚҚБ-ның 57 мүшесі бар. Жыл сайын жаңа мүшелер қосылып отырады. Биыл «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясы, «Цесна Капитал» және «Tengri Bank» АҚ қосылды. ТМД-дағы биржалардың ішінде көлемі жөнінен 2-орын алады.

Әмбебап биржада 2017 жылы 151,5 трлн теңгеге – 302,1 мың, 2018 жылы 1-тоқсанда 33,8 трлн теңгеге 92,7 мың мәміле жасалыпты. Ал өткен 5 айда сауда-саттық көлемі 54,7 трлн теңгені құрады. Айтарлығы, ҚҚБ-да 100 мың жекелеген инвесторлар бар. Мысалы, бағалы қағаздар нарығын алсақ, 2018 жылдың 3 айында 895 шот ашылған. Биржадағы саудаға мүшелік мәртебесін алған қаржы ұйымдары ғана қатыса алады. Ал жеке және заңды тұлғалар ҚҚБ-ның мүшелерінің клиенті болу арқылы саудаласады.

Қаржылық сауаттылық – түйткілді мәселе

Қазақстан қор биржасының вице-президенті Андрей Цалюк­тің пікірінше, отандық қор нары­ғының қалыптасуына ­алуан түрлі факторлар әсер етті.
Отандық сарапшы елімізде қор нарығына кірген азамат­тар­­дың саны аздығын айтады. «Қазақстанда орта таптың санының аздығы да үлкен рөл ойнады. Ол соңғы кездері айтар­лықтай өсуде. Бағалы қағаздар нарығы осы тапқа арқа сүйейді. Бізде бума-бума ақшасын бизнес­ке салатын байлар да, жалақыдан екінші жалақыға дейін өмір сүретін кедей адамдар да бар. Қор нарығына ақша салу үшін әуелі күнделікті қажеттіліктерді қанағаттандырып алған абзал» деген ойымен бөлісті А.Цалюк. Оның айтуынша, қаржылық сауаттылықты арттыруға мүм­кіндік әрқашанда мол. Мысалы, соңғы кездері ғаламтордағы сауда-саттық жақсы дамыды. Жаһантордың мүмкіндігін сәтті пайдалануға болады. «Ең бастысы – клиенттерді нарыққа тарту. Біздің өкілдеріміз өңірлерде кәсіпкерлермен кездеседі. Олардың арасында Қазақстанда қор нары­ғы бар екенін білмей­тіндер көп. Сондықтан біз – ал­ғашқы дең­гейдеміз» дейді Қазақ­стан қор биржасының вице-президенті.

Биржа да жалғыз,
депозитарий де жалғыз

Биржадағы саудаға қалай ара­ласуға болады? Ол үшін әуелі бағалы қағаздар нарығын рет­тейтін заңнаманы білу керек. Одан кейін ҚҚБ-ның мүшелері арасынан бір брокерлік компа­ния­ны таңдайсыз. Сол компания­да шот ашып, бағалы қағаз сатып аласыз. Сәл кейінірек оны сатуға толық құқыңыз бар. Бірақ сол брокерлік компанияны қалай дұрыс таңдау керек? Мысалы, ҚҚБ-ның мәліметі бойынша «Фри­­дом Финанс» инвестициялық компаниясының корпоративтік облигацияларына 2017 жылы 108% сұраныс болған. «Фридом Финанс» АҚ-ның басқарма төрағасы Роман Миникеевтің сөзіне қарағанда, клиенттер әртүрлі болып келеді. Олар бірнеше брокерлік компания­дан шот ашып, өз тәуекелдерін әртараптандыруды көздейді.
«Бұдан тәуекел азаюы мүм­кін. Назар аударатын жайт, Қа­зақ­­­стандағы бағалы қағаздар на­рығында брокер өзінің теңгері­міне клиентінің ак­тив­терін алмайды. Себебі ол бан­кротқа ұшыраған жағдайда кез келген клиенттің актив­тері Ұлттық банктегі орта­лық депозитарийге аударылып, басқа брокерге беріледі. Ал шетелдерде мұның тәртібі бөлек. Бәлкім, бізде тәуекелдерді азайтып, жекеменшік инвесторлар брокерлік компаниялармен жұмыс істеуге күдіктенбеуі үшін осындай тәртіп енгізілген болар. Еліміздегі бағалы қағаздар есебін орталық депозитарий ғана жүргізуге құқылы. Айтарым, шетелдерде әртүрлі тәсілдер қолданылады. Дамыған елдерде, соның ішінде Ресейде мұндай депозитарийлердің саны бірнешеу. Ал бізде жалғыз депозитарий, жалғыз биржамыз бар» дейді ол. Төрағаның айтуынша, компанияның клиенттер базасында 50 мыңға жуық адам бар. «Қазіргі кезде «Фридом Финанс» компаниясының 35 мың клиенті бар, оған «Асыл Инвесттің» 20 мыңы қосылады. Өйткені «Асыл Инвесттің» бізге қосылу үдерісі жүріп жатыр» деп түсіндірді Р.Мини­кеев.

Банк пен қордың бәсекелестігі неде?

Жай адамға банк пен қордың айырмасы байқалмайды. Бірақ олардың арасында бәсеке бары анық. Неліктен қазақстандықтар ақшасын қорға емес, банктің депозитіне салады? Бұл сауалға Андрей Цалюк былай жа­уап бер­­ді: «Отандық қор нарығы әуелден банк секторы тарапынан үлкен бәсекелестікті сезінеді. Сол бәсекелестік жойылған жоқ. Біз америкалық емес, германдық модельді таңдадық. Яғни адамдар ақшасын депозиттерде сақтайды. Біз осы модельді өзгертуге ұмты­лып жатырмыз. Адамдар барынша көбірек инвестициялауы үшін англо-саксондық модельге ауысуымыз керек. Әрине, несие мен депозитке сұраныс жоғары. Банк­тер мен қор нарығының нақты бәсекелестігі мынада: банктер халыққа несие беруден табыс табады. Несиенің орнына бағалы қағаздар нарығын қаржыландыру оларға тиімсіз. Сондай-ақ, нарықта бағалы қағаз сатып алу үшін адамдар банктегі депозитін жабады. Бұл да банкке тиімсіз. Өзара іс-қимыл туралы айтсақ, банк­тер бағалы қағазын сатады да, жиналған ақшаға несие таратады. Яғни бағалы қағаздар нарығы қаражаттың қайнар көзі болып табылады».
Оның айтуынша, ҚҚБ-ның сауда алаңында бағалы қағаздармен жасалған операцияларды жүзеге асырғанда түскен кірістер салық салудан босатылады. Ал депозиттен түсетін табыстарға салық салынады.

Қандай компаниялардың
акциясын сатып алған тиімді?

Қазір ол компаниялардың атаулары белгілі. Мемлекеттік органдар IPO жекешелендіру үдерісін Астана халықаралық қаржы орталығының алаңы арқылы жүзеге асыруға уәде беруде. Андрей Цалюк бұл мәселеге төмендегідей түсінік берді: «Ұлттық компаниялардың жекешелендірілуі дәл Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында өтетіні әлі шешілмеген. Олар – «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Қазмұнайгаз» сияқты ірі-ірі компаниялар. Тізім жал­­ғаса береді. Ал мысалы «Қаз­атомөнеркәсіпке» қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Өйткені ол – аса тартымды және ерекше нысан. Уран қоры жөнінен әлемде 1-орында тұрмыз. Алайда уранды табиғат қойнауынан жай ғана аламыз. Бұл компанияны жекешелендіру қаншалықты дұрыс қадам болмақ дегенді ойлануымыз керек. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» компания­лары да тізімде бар. Бұл – ірі, квазимемлекеттік компаниялар. IPO бағдарламасын жүзеге асырудың алдында біз Қазақстан қор биржасы аса қолайлы алаң болатынын халыққа жеткізуге тырыстық. Мемлекет ұлттық компаниялар арқылы сол ны­сандардың табысын халықпен бөлісе алатынын көрсеткіміз келді».

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды