«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстанда АЭС салына ма?

0 29

Елімізде осы тақырыптың төңірегінде қызу пікірталас жүріп келе жатқанына 20 жылға жуықтады. Сәл шегініс жасасақ, 1997 жылы Білім және ғылым министрі қызметін атқарған В.Школьник Маңғыстау облысында атом энергокомбинатын салуға ұсыныс айтты.


2015 жылы атом электр стансасы Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында салынатыны айтылған еді. «Toshiba» компаниясы мен «Росатом» корпорациясының өкілдері 2014 жылы мамырда Еуразия­лық жоғары экономикалық кеңестің шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл рәсімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты. АЭС-тің құрылысы 2025 жылы аяқталады деп белгіленді. Алайда бұл мәселе біраз уақыт ұмыт қалды.
Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге тұңғыш сапары кезінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технологиямен АЭС салуды ұсынды. «Өзара іс-әрекет етудің жаңа формаларына көшуді ұсынамыз. Ең алдымен, Қазақстанда ресейлік технологиямен АЭС-ын салу мәселесін айтып отырмын» деп мәлімдеді В.Путин.
Сол күні Сенаттың дәлізінде тілшілердің сауалына жауап берген Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев елімізде АЭС салуға қатысты нақты шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеді. «Әзірше тек станса салынуы мүмкін аумақты ғана белгіледік. Ол – Алматы облысындағы Үлкен кенті. Алайда бұл мәселе әлі кеңінен талқыланады. Өзімізге сай келетін технологияны таңдаймыз. Екіншіден, бізде қазір электр қуатына деген қатты тапшылық жоқ. Яғни көрші елдің тарапынан жасалған коммерциялық ұсыныс әлі талқыланады» деп түсіндірді мәселенің мәнісін құзыр­лы министрліктің өкілі. Сондай-ақ ол АЭС құрылысы талқыланған кезде барша қазақстандықтардың ой-пікірі ескерілетінін атап айтты.
Әрине, елімізде жыл сайын халық саны тез өсіп келеді. Өндіріс орындары көбейген сайын электр қуатына деген сұраныстың өсе берері анық. «KEGOC» АҚ-тың дерегі бойынша 2017 жылы еліміздің барлық аумағында (солтүстікте – 5 пайыз, батыста – 7,8 пайыз, оңтүстікте – 8,1 пайыз) электр қуатын тұтыну күрт өскен. Бір анығы, әлемде электр қуатына деген сұраныс арта береді. Ха­лық­аралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша 2050 жылы әлемдік энергия тұтыну өсімі 39 пайызға өседі. Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойғаны мәлім. Ал сол «отыздықтағы» мемлекеттердің бәрінде АЭС бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды