«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Спорт сарайы тозып тұр

0 36

Былтыр тамыз айының соңында «Қазақстан» спорт сарайындағы бассейн күрделі жөндеуге байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Бүгінде бұл ғимарат – «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қарамағында. Аталған компанияның басқарушы директоры Халел Әкімжанов елордалық басылымның тілшілеріне спорт сарайының қазіргі жай-күйін таныстырып шықты.

Салынғанына 18 жыл болған «Қазақстан» спорт сарайы 2017 жылдың қазанында «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқаруына берілген. Қаланың қақ ортасынан орын тепкен ғимаратта тұрғындар мен қонақтардың еркін кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасау, оның ішінде тиісті деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіледі. Осы іс-шаралар шеңберінде нысанның қазіргі жағдайын анықтау үшін ғимараттың тірек құрылымдары мен тораптарын, техникалық жабдықтарын кешенді техникалық тексеруге тапсырыс берілді.
Бассейннің жағдайымен таныстырғанда әуіт ішінен шалшық суды байқадық. Жұмыс істемей тұрған бассейнде «Бұл қайдан пайда болған су?» деген сұрағымызға «Қазақстан» спорт кешенінің директоры Ерболат Ақанов шатырдан су тамшылайтынын айтып, жауап берді. Сөйтсек, нысанның шатырының да жағдайы мәз емес екен. Оған ғимараттың үстіне шығып көріп те көз жеткіздік. Шатырды қаптап тұрған металл тот басып, дәнекерленген бөліктерде жарықтар пайда болған. Соның салдарынан шатырдан су кетіп жатыр екен.


Ғимараттың төбесінен түсіп, сыртын да айналып қарап шықтық. Барлық тірек металл конструкцияларға келсек, дәнекерленген және бұрандалы жалғауларды айтарлықтай тот басқан, баспалдақтар мен алаңдарға коррозияға қарсы қорғау жұмыстары жүргізілмегендіктен және өңірдің күрт өзгеретін климатының әсерінен ұзақ мерзімді жарамдылығы төмендеген.
Сонымен қатар сапасыз құрылыс материалдарын қолданғандықтан, қасбеттің керамикалық плиталары түсіп, көзге сұрықсыз көрініп тұр. Қаптау панельдері, сыртқы витраждар, терезелер және кіреберіс қатты тозған.


Бұл нысан 2001 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат ашылғалы бері ішінара жөнделгені болмаса, күрделі жөндеуден мүлдем өтпеген. Келушілердің және қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін былтыр 27 тамызда бассейн аумағының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған. Бүгінде бұл бассейннің тұрақты келушілері, абонемент иелеріне Барыс Аренадағы жаңа бассейн­ге баруға мүмкіндік қарастырылған.


Халық арасында сарайдың мүлдем сүріліп, орнына сауда үйі салынады екен деп қауесет тараған. Мұндай ақпаратты «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сының өкілі жоққа шығарды. Күрделі жөндеуден соң ғимараттың жұмысы қайта жанданбақ. Қазір «Қазақстанда» тек бассейн ғана жабылған, қалған мұз айдыны, түрлі спорт залдары жұмысын жалғастырып жатыр.


Халел Әкімжановтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шамамен жарты жыл керек. Бұдан кейін ұсынылған жобалық шешімдерге, жұмыс көлеміне және олардың құнына байланысты қаржыландыру көздері мен күрделі жөндеуді жүргізу мерзіміне қатысты шешімдер қабылданады.

Халел ӘКІМЖАНОВ:

– Техникалық тексеру бойынша нысандағы бассейн құрылымының апат алдындағы жай-күйі туралы қорытынды шығып, бассейн қабырғаларының салмақ көтеру шамасы әжептәуір төмендегенін және пайдалану жарамдылығын көрсетті. Құрылымды монтаждау технологиясының бұзылуынан туындаған жекелеген құрауыш бөлшектер мен элементтердің бастапқы сенімділігі төмендегені нәтижесінде, сондай-ақ ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының орындалмағаны себепті іргетас­тың, қаңқаның және қоршау құрылымдарының техникалық жағдайы тұтастай алғанда ІІІ санат бо­йынша бағаланады

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды