«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан Президенті сайлауы 2019

0 42

Мария ӨТЕБАЕВА,
«Нұр Отан» партиясының Нұр-Сұлтан қаласындағы
«Өркениет» филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

БІЗ ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСАДЫҚ

– Республикалық диагностикалық орталықта еңбек етіп жатқан 428 адам «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының мүшесі болып табылады. Бұл қаладағы ең көп және ең белсенді ұйымдардың бірі дер едім. Біздің ұйым сайлауалды және сайлау процестерінің барлық негізгі кезеңдеріне тікелей қатысқан болатын. Бұл маңызды оқиғаға әрқайсымыз лайықты үлес қос­тық деп ойлаймын. Ақ халатты абзал жандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдерінің қатарында болып, сайлау кезінде партиядан бақылаушылар ретінде және өз дауыстарын «Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу» үшін берді.
Дүбірлі күндердің тағлымын тұжырымдағанда біз сайлау науқанының барлық сатыларында белсенділік таныттық. «BIRGE» жалпыұлттық акция шеңберінде мандаттар мен ұсыныстар жинағанда, дәрігерлердің өзі бас болып кандидатқа көп ұсыныстар жібердік. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында әлеуметке, денсаулық саласының дамуына басымдық берілген бағыттардың Президенттің алғашқы қадамдарынан көрініс тапқаны сенімімізді арттырды.
Бұл жалғасын тапқан игі істердің бір легі ғана. Еліміздің барлық өңірлерінде медициналық инфрақұрылымның барлық жетістіктері мен Елбасының осы салаға ерекше назар аударуымен тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Медицина саласын дамыту үшін индустриалды-арнайы мемлекеттік бағдарламалар енгізілді. Биыл – «Денсаулық» бағдарламасының мәреге жететін кезеңі. Және де алдағы бес жыл ішінде, 2023 жылға дейін денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін арттыру жоспарлануда. Бұл тек қазақстандық медицинаға қажет сапалы дамудың жаңа серпінін білдіреді.
Президент сайлауында біздің кандидаттың жеңіске жеткені бұл біздің де жеңісіміз деп ойлаймыз.

Ербол ІРГЕБАЙ,
Нұр-Сұлтан қаласы Оқушылар сарайының директоры:

ХАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК КӨРСЕТТІ

– Менің ойымша, биылғы Президент сайлауы өз деңгейінде өтті. Өзім қатысқан №58 сайлау учаскесінде шетелдік бақылаушылар өте көп болып, жан-жақтан 100-ге тарта адам жиналды. Барлық кандидаттың сенімді өкілдері де біраз болды. Бір байқағаным, бақылаушылардың жауапкершілігі жоғарылады. Бұрынғы сайлауларда бақылаушылар орындарында отырмай, шығып кетіп жүретін еді. Бұрындары олардың тарапынан сайлауға деген бейқамдықты да байқаушы едім. Ал бұл жолғы науқанға ерекше мән берді.
Дауысты санау өте үлкен жауапкершілікпен, ашықтықпен атқарылды. Әр кандидаттың жинаған дауысын санау кемінде екі сағат уақытты алды. Өз басым Президентті таңдау «Сайлау туралы» заңның барлық талаптарына сай жүргізілді деп ойлаймын.
Бұл сайлау барысында қоғамда сайлауға деген көзқарасы жақсы жағына өзгергені байқалды. Халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Бірақ сайлау мәдениетінің төмендігі әлі де бар. Мәселен, «мұнда дауыс бере салайықшы» деп елордаға өзге өңірлерден келген адамдарды көрдім. Оларға заң бойынша «болмайды» деп түсіндірсең, «онда тұрған не бар?» дейді. Сонда тұрғылықты жерден есептен шығару талонын алып, осындағы сайлау учаскесінде тіркелу керектігін білмейтін боп тұр ғой.
Жалпы сайлау демократиялық деңгейде өтті. Халық дұрыс таңдау жасады деп есептеймін. Өзім де Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бердім. Болашаққа еліміздің екінші Президентімен аттандық. Жолымыз ашық болғай!

Әсима БИМЕНДИНА, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:

ҚҰРҒАҚ ЕСЕПТІҢ, ЖАЛПЫЛАМА ЦИФРЛАРДЫҢ ЗАМАНЫ ӨТТІ

– 9 маусымда елімізде бәріміз үшін маңызы зор іс-шара өтіп, халық Президентті сайлады. Өзім «Нұр Отан» партиясының көп жылдан бергі мүшесі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі болдым. Сайлау науқаны барысында көптеген мекемелерге барып, халықпен кездестік. Партияның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында сайлау­шыларды қабылдадық.
Халық Елбасы саясатының, стратегиясының жалғасуын қалайды екен. Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасында да ең негізгі бағыт осы болып отыр. Әлемнің отыз дамыған мемлекетінің қатарына кіруді көздейтін жоспарымыз бар. Ол үшін әлі де ауқымды жұмыс атқару керекпіз. Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация рәсімінде көп сөзін әлеуметтік саланы дамытуға арнады. Әр қазақстандықтың жағдайы жақсы болса, жұмысы болса, жалақысын уақытында алса, ешнәрсеге алаңдамай, балаларын өсіріп, балабақша, мектептерге орналастырса, жалпы елімізде осыған мүмкіндіктер жасалса, алмайтын асуларымыз болмайды. Президент те әлеуметтік проблемаларға көп көңіл бөліп, әлеуметтік саясатты жаңаша жүргізу туралы айтты.
Бизнес өкілдері қазір әр мемлекеттің тірегі болып отыр. Президент кәсіпкерлікті қолдау жайлы да әңгіме өрбітті. Себебі жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесінде де кәсіпкерліктің алатын орны зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың жұмысына да көңіл бөлді. Алдарына келген адамдардың ісін созбалақтамай, тез шешіп, кеңестерін беріп, мәселенің шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Құрғақ есептің, жалпылама цифрлардың заманы өтті. Нақты халықтың жағдайы көтерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлер әр адаммен диалог орнатуға дайын болуы керек. Халықтың жағдайына немқұрайдылықпен қараудан арылуы қажет. «Бұл мәселені мен шешпеймін» деп адамдарды шығарып салуды қою керек. Мемлекеттік қызметкерлер проблемаға іштей үңіле біліп, халық мәселесінің жауабын нақты алуы тиіс. Ал егер сұрағына жауап алмаса, адамдар қайда барады? «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар, бір қызметкердің нашар жұмысынан талай әріптестеріне сөз тиеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осылар туралы сөз қозғап, білім, медицина салаларын дамыту туралы да жақсы әңгімелер айтып, осыны енді бәріміз жұмылып, орындай білуіміз керек.

Ақылжан ДҮЙСЕНҒАЛИҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің 2-курс студенті, «Оратор» дебат клубының координаторы:

ЕНЖАРЛЫҚТЫҢ АЗАЙҒАНЫН КӨРІП ҚУАНДЫМ

– Биылғы еліміздегі Президент сайлауы мемлекетіміздің тарихында ең тартысты әрі қызу өткен сайлау болды дер едім. Бұған дейінгі уақытта сайлауға деген ерекше қызығушылықты замандастарым,
жора-жолдастарым тарапынан онша байқай бермейтінмін. Ал бұл жолы 18 жастағы жасөспірімдерге дейін бұл шараға барынша атсалысып, өздерінің болашағы үшін таңдау жасауда белсенділік танытты. Мен бұдан өте дұрыс өзгерісті көремін. «Менің бұл оқиғаға қатысым қанша?», «Мен бәрібір ештеңе шешпеймін» деген секілді енжар көзқарастардың қазіргі таңда азайғанын ұқтым және соған қуандым.
Біз әдетте Батыстан үлгі алуға тырысамыз. Оның жақсы жақтарын өзімізге «жұқтырғымыз» келеді. Сондай қасиеттердің бірі – олардың кез келген нәрсеге энтузиазммен қарайтыны. Тіпті, ұсақ-түйек мәселелерге дейін «мұның маған қатысы жоқ» деп ысырып қоймай, кәрісі бар, жасы бар, соңын зерттеп, бір нәтижеге жетуге тырысып жүреді. Ал сайлау тақырыбы бүкіл тұрғынның болашағы үшін ең елеулі жайттардың бірі емес пе?! Бүгін сайлауда дауыс беруден тысқары қалғанның ертеңіне «анау ұнамайды, мынау жаман» деп жыламсырауына еш негіз жоқ деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды