«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан мигранттарды магнитше тартуда

Елімізге жыл сайын 2 миллионнан астам Орта Азия елдерінің еңбек мигранттары келеді

0 161

Соңғы жылдары Қазақстан Орта Азия елдерінің мигранттары тұрақтайтын елге айналды. Ресей Федерациясының Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтарының ел аумағына кіруіне тыйым салуы салдарынан олардың Қазақстанға ағыны екі есеге дейін ұлғайды. Қазіргі кезде Қазақстан Ресей Федерациясына кіруіне тыйым салынған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанның еңбек мигранттары тұрақтайтын баламалы мемлекет болып табылады.

Халықаралық Көші-қон ұйымы – БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі агенттігінің (ХКҚҰ) мәліметтері бойынша, жыл сайын 2 млн-нан астам шетелдіктер Қазақстанға жұмыс істеуге, оқуға және өзге де мақсаттармен келеді екен. Соның ішінде 75 пайызы – Өзбекстан, 14 пайызы – Қырғызстан, 11 пайызы – Тәжікстан азаматтары. Сондай-ақ жыл сайын 3 млн-нан аса шетелдіктер Қазақстан арқылы (2017 жылы – 3.055.316, 2018 жылы – 676 803 адам) басқа елдерге аттанады.
Тиісінше әлеуметтік жағынан осал еңбек мигранттарының интеграция­сы және реинтеграциясы мәселелерін шешу күн тәртібіне қойылып отыр. Жуырда Алматыда өткен «Аймақтық және жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Орталық Азиядағы адам саудасына қарсы күресті күшейту және осал мигранттарды қорғау» аймақтық жобасы аясындағы екі күндік семинар осы түйт­кілді мәселеге арналды. Норвегия Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Халықаралық Көші-қон ұйымы – БҰҰ-ның Көші-қон жөніндегі агенттігі (ХКҚҰ) өткізген басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанның үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) өкілдері, ХКҚҰ-ның Венадағы аймақтық кеңсесінен келген, Орталық Азия елдеріндегі және Қазақстан қалаларындағы қызметкерлері, журналистер қатысты.

Әлемде қанша мигрант бар?

Ғаламшардағы әрбір 7-ші адам мигрант. Жердегі 7 млрд адамның 1 млрд-қа жуығы көшіп-қонып өмір сүретін көрінеді. Олар, негізінен, ішкі қөші-қонға жатады. Халықаралық мигранттардың саны – 278 млн адам. Мұндай мәліметтерді семинарда ХКҚҰ-ның Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі (ұтқыр­лығы) және адами даму жөніндегі бас маманы Майкл Ньюсон жария етті. Оның айтуынша, әсіресе, Азиядағы урбандалу үдерісі деңгейінің күрт өсуі есебінен мигранттардың ағыны күшейе түсуде. Негізінен, адамдар ауылдардан қалаларға көшіп жатыр.
«Қазір әлемдегі мигранттардың ең үлкен ағыны Қытайда байқалады. Қытайлар ауыл шаруашылығы аймақтарынан өнеркәсіптік аймақтарға көшуде. Атап айтатыным, адамдар кедей елдерден бай елдерге көшіп жатыр деген пікір ескірді. Бүгінгі таңда әлем халқының 38 пайызға жуығы дамушы елдерден дамыған елдерге, 35 пайызы дамушы елдерден өзге дамушы елдерге, 23 пайызы дамыған елдерден өзге дамыған елдерге, 6 пайызы дамыған елдерден дамушы елдерге қоныс аударуда. Көпшілік жағдайда миграция өңірлік деңгейде орын алады. Мигранттардың негізгі бөлігі өзге қалалар мен елдерге жұмыс істеу мен өмір сүруге қолайлы жағдай іздеп аттанады. Азияда 63 млн мигранттар бар, олар негізінен Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда көшіп-қонып жүр. Мигранттардың 48 пайызы – әйелдер, олар ерлермен қатар өзінің отбасын асырау үшін табыс табады» деді Майкл Ньюсон.
Халықаралық сарапшының пайымдауынша, ешбір мемлекет миграциядан қашып құтыла алмайды, бірақ белгілі бір жағдайларда ол қажет. – Мәселен, Еуропада 2050 жылдарға қарай халықтың қартаюы есебінен 50 млн иммигранттарға деген жұмыс күшінің тапшылығы қатты сезілетін болады. Қазір дамыған елдерде халықтың қартаюы ең басты мәселеге айналды. Сол себептен, жұмыс күшінің тапшылығын мигранттар есебінен толтыруға мүмкіндік зор. Мысалы, Польшада 1 млн-нан аса мигранттар жұмыс істейді. Алайда кез келген елге жұмыс істеуге келген адамның ортаға бейімделуі, сондай-ақ жергілікті қоғамға интеграциялануы аса маңызды мәселе болып табылады. ХКҚҰ интеграцияны екі жақты үдеріс ретінде қарастырады. Ең бастысы, сол елге келген мигрант та, оны қабылдаған қоғам да әлеуметтенуі керек, – деп түсіндірді мәселені М.Ньюсон.
Соңғы жылдары Орталық Азия аймағында осал мигранттарға көмек көрсетуде ХКҚҰ аса маңызды рөл атқарып отыр. Бұған делел, ХКҚҰ-ның Орталық Азиядағы жобалары шеңберінде бүгінге дейін 12 мың адам көмек алған. Әсіресе, ҮЕҰ-лар адам саудасының құрбандары мен осал мигранттарға әртүрлі қызмет көрсетуде айтарлықтай үлес қосыпты. Аталған қызмет түрлеріне: құқықтық мәселелер, мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділік, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес беру, тіл үйренетін курстарға тіркелу және кәсіби дайындықтан өтуге, жабдық алуға немесе бизнесті жоспарлау­ға көмек беру, азаматтық және құқықтық мәдениетті нығайтуға, мигранттардың балаларын мектепке орналастыруға, медициналық қызмет алуға жәрдемдесу және т.б. жатады.

Әлеуметтік шиеленіс болмауы үшін…

ХКҚҰ-ның Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі (ұтқырлығы) және адами даму жөніндегі бас маманы Қытайдан Орта Азия елдеріне көші-қонның артуына күллі әлемнің назар аударып отырғанын айтады. «Бұл – әрі алаңдатарлық, әрі саяси елеулі мәселе. Біз барлық жерде Қытайдың басқа елдерге инвестициялары мен сауда-саттығының өскенін көріп отырмыз. Соның есебінен көші-қонның қарқыны ұлғая түсуде. Жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде жаңа экономикалық орталықтар, сауда желілері құрылуда. Әрине, жаңа орталықтар жұмыссыздарды, табыс көзін молайтқысы келетіндерді магнитше тартатыны белгілі» деді ХКҚҰ-ның сарапшысы.
Оның пікірінше, мигранттар ағыны күшейген кезде адамның еңбегін қанау, күштеп жыныстық қатынас­қа мәжбүрлеуден басқа да қауіп-қатерлер пайда болады. Күрделі мәселенің бірі – мигранттардың әлеуметтік бірігуі немесе қоғаммен топтасуы. – Миграцияның көбінесе жаңа қоғамда болатынын ескере отырып, егер оны дұрыс басқармасақ, онда мигранттар мен жергілікті қоғам арасындағы шиеленістің өсуіне жол береміз. Бұл – Үкімет, жергілікті ҮЕҰ-лармен бірлесіп шешетін үлкен мәселе, – дейді ол. ХКҚҰ-ның мамандары мигранттардың интеграция­сын үш кезеңге бөліп қарас­тырады: кеткенге дейінгі, келген кезі және орналасуы. Қабылдаған қоғамда әлеуметтік наразылық туындамауы үшін, екінші кезеңде Үкімет, ҮЕҰ-лар 6 санат (жұмысқа орналасу, баспана, білім алу, медициналық қызмет, әкімшілік қызмет, құқығын қорғау) бойынша қорғансыз мигранттарға көмек көрсетуі керек.
ХКҚҰ-ның Бішкектегі кеңсесінің басшысы Бермет Молдобаева Орта Азия елдерінде адам саудасының құрбандары мен осал мигранттарға көмек көрсететін мемлекеттік механизмдердің негізі жаңадан қаланып жатқанын айтады. «Бүгінгі таңда заңнамалық тетіктер мен құралдардың негізі қалануда. Алайда ортаазиялық мемлекеттердің заңдарына сәйкес, қиын жағдайға тап болған еңбек мигранттары әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтардың санатына кірмейді. Яғни, мемлекеттен көмек ала алмайды деген сөз. Бұл адамдар өз құқықтарын қорғай алмағандықтан, ҮЕҰ-лардың көмегіне зәру. ХКҚҰ-ның статистикасына сүйенсек, қиын жағдайға ұшыраған мигранттардың 80 пайызы ресми билікке сенбей, ҮЕҰ-лардың қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Мысалы, Қазақстанда қабылданған заңдарда да олқылық көп. Өйткені адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарды әлеу­меттік қорғауға қатысты заңға ұсынылған түзетулер енгізілмей қалған» деп мәлімдеді ол семинарда.
Бермет Молдобаева өз сөзінде шетелде жұмыс істейтін азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын Өзбекстанда құрылған қордың тәжірибесін мысалға келтірді. ХКҚҰ-ның сарапшыларының пікірінше, біріншіден, Қазақстандағы интеграциялық қызметтер, ең алдымен, ішкі мигранттар мен өзге елдерден көшіп келген этникалық қазақтарға бағытталған. Өйткені көбінесе оралмандар жергілікті қоғамға интеграциялануға мұқтаж. Екіншіден, өз еліне қайтып оралған мигранттардың мәселесіне өз үкіметтері аз көңіл бөледі. Сайып келгенде, осал мигранттарға интеграция және реинтеграция бағытындағы жұмыстармен ХКҚҰ-ның әріптесі – ҮЕҰ-лар айналысады.

Шетелде тұрып туған еліңе пайда келтіруге болады

ХКҚҰ-ның сарапшыларының бағалауынша, соңғы жылдарда Орталық Азия аймағындағы көші-қонның динамикасы барынша күрделене түсті. Бүгінге дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан шыққан жүз мыңдаған мигранттардың тұрақтайтын елі болып келген Ресейдегі экономикалық құлдырау мен әкімшілік шектеулердің салдарынан, олардың Қазақстанға қарай ағылуы екі есеге ұлғайды. Көші-қонның динамикасына шетелдік мигранттарға Ресей Федерациясының аумағына кіруге тыйым салу ықпал етті. Үш-бес жылдың ішінде Ресейге жақсы жұмысы үшін оралуға мүмкіндігі болмаған мигранттар Қазақстанды таңдауда.
ХКҚҰ-ның Астанадағы кеңсесінің ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Светлана Жасымбекова жыл сайын елімізге 2 млн-нан астам шетелдіктер әртүрлі мақсатпен (білім алуға, жұмыс іздеуге және т.б.) келетінін айтады. Мәселен, 2018 жылы ішкі істер органдарына тіркелген 1 927 742 шетел азаматының 1 453 648-і – Өзбекстан, 55 110-ы – Қырғызстан, 59 404-і Тәжікстан азаматтары екен. «Елімізде қолға алынған заңдық, құқықтық іс-шараларға қарамастан, мигранттардың дені заңмен реттелмеген кеңістікте қалып отыр. Жыл сайын 110 мыңнан аса шетел азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, олардың 10 мыңнан астамы ел аумағынан шығарылады. Мысалы, 2018 жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 52 696 Өзбекстан азаматы әкімшілік жазаға тартылған, соның ішінде 7690-ы – елден қуылған. 917 Қырғызстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 163-і – елден шығарылған. Заңмен реттелмеген кеңістікте қалған 2525 Тәжікстан азаматының 533-і ел аумағынан қуылған» деді Светлана Жасымбекова.
Басқосуда ХКҚҰ-ның сарапшыларына: «Қазақстан болашақта иммигранттар еліне айналуы мүмкін бе? Осыған орай, БҰҰ-ның қандай да бір болжамдары бар ма? Оқуын бітірген соң шетелде қалып қоятын қазақтардың саны артуда. Бұдан мемлекет зиян шеге ме, әлде, пайда көре ме?» деген сауалдар қойдым. ХКҚҰ-ның Венадағы өңірлік кеңсесінің еңбек мобильділігі (ұтқырлығы) және адами даму жөніндегі бас маманы Майкл Ньюсон: «Қазақстаннан шетелдерге кетіп жатқандар білім алуға, тәжірибе жинауға барады. Екі түрлі жағдайда олардың елге тигізетін пайдасы зор. Біріншіден, шетелде алған білімін, машығын өз Отанында қолдана алады. Екіншіден, шетелдерде тұратын қазақтармен білім, сауда, инвестиция алмасып, жаңа қарым-қатынас желілерін құрады. Демек, Қазақстандағы миграцияға жоғары білікті тұлғалар тартылған» деп жауап берді. Ол екінші сауалды ХКҚҰ-ы проблема ретінде қарастырмайтынын айтты. «Шетелде қалған азаматтарынан пайда көретін елдер де бар. Мысалы, Үндістан мен қытайлық Тайвань провинциясын алайық. Осы екі мемлекет АҚШ-та тұратын азаматтарының білімін, білігін, машығын тиімді пайдалануға кірісті. Осылайша, олар Силикон жазығында компания құрып, бизнес ашып, белгілі бір жетістіктерге жеткен азаматтарына үлкен үміт артып отыр. Өйткені, үнділер мен тайваньдықтар құрған бизнес желісі өз елінде жоғары технологиялық индустрияны өркендетуді ынталандырады. Яғни, шетелде тұрып та, өз еліңе пайда тигізуге болады» деді М.Ньюсон.

СӨЗ ТҮЙІНІ
немесе Халықаралық ұйымның ұсыныстары

Мигранттар жаңа қоғамға келгенде әртүрлі мәселелерге тап болып, интеграцияның алуан түрлі кезеңдерінде қажеттіліктерге мұқтаждық туындайды. Қажеттіліктерге негізінен: тілдік және мәдени кедергілер, отбасының жоқтығы, кемсіту мен әлеуметтік оқшаулау, құқықтар және қолжетімді қызметтер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, елден қуудағы қорқыныш, қаржылық қиындықтар жатады. ХКҚҰ-ның мамандары өз елінен жат елге аттанатын мигранттарға 6 нәрсені қаперде ұстауды ұсынады: шешім қабылдау үдерісіндегі нақтылық, қиыншылық туғызатын мәселелерге дайын болу, баратын ел туралы толыққанды, дұрыс ақпарат жинау, мигранттың құқықтары мен міндеттемелерін білу, барған мемлекеттегі қызмет түрлері мен оларға қолжетімділікті білу, қаржылық жоспар жасау. Мысалы, интеграциялық қызметтерді үкіметтік емес ұйымдармен (құқық, қызмет түрлері ақпарат таратады, тіл үйрену курстарын жүргізеді, заңдық қызмет көрсетеді, мигранттарға анықтама беретін орталық рөлін атқарады, мигранттардың құқықтарын қорғап, жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жасайды) алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, басқосудың мақсаты орындалды. Себебі онда мигранттардың интеграциясы мен реинтеграция­сының құралдары және мигранттарға көрсетілетін қызмет түрлерінің тиімділігі талқыланды. Семинарға қатысушылар әлемдегі үздік мысалдарды үйреніп қана қоймай, әртүрлі бағыттар бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды