«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан мен Қытай туралы толғау

Қазақстан Президентінің ҚХР-ға сапарына орай

0 65

Ермұхамед ЕРТІСБАЕВ,
саясаткер

Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы ширек ғасырдағы көпвекторлық сыртқы саясатының негізгі нәтижесі қандай? Бұл сауалдың жауабын қиналмай табуға болады: Қазақстан, сірә, сыртқы саясатта жаулары және қастық ойлаушысы жоқ әлемдегі аз ғана мемлекеттердің біріне айналды. Тәуелсіздіктің таңында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өз елі мен халқының мүддесі үшін көршілес елдермен, басқа мемлекеттермен, әлемдік қауымдастықпен қарым-қатынастарға баса көңіл бөлді. Өйткені мемлекеттің сыртқы саясаты ішкі саясатпен тығыз байланысты. Ел ішіндегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім, демократия, тұрақтылық пен орнықты даму, әлеуметтік саясат пен нарық қатынастары шекаралас елдермен ізгі көршілік қатынастармен, ядролық қарусыздану саясатымен, ТМД-дағы интеграциялық бастамалармен және т.б. тығыз байланысты.

Конституция бойынша Мемлекет басшысы ішкі және ­сыртқы саясатты айқындайды. Тәуелсіздігіміздің 28 жылында біздің мақтан тұтарлық жетістіктеріміз көп. Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 19 наурыздағы халыққа үндеуінде ел Президенті болуға лайықты адам ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдауының белгілі бір логикасы мен маңызы бар. Өйткені Қ.Тоқаев Назарбаевтың тек сыртқы саясатының орындаушысы ғана болған жоқ. Бұрынғы Сыртқы істер министрі Үкіметті де басқарды, Мемлекеттік хатшы да болды. БҰҰ-ға үшжылдық «іссапары» (Бас хатшының орынбасары қызметін атқарды) да өзінің жемісін берді. БҰҰ-ның мүшелері Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан мен Таиландтың екеуінің бірін таңдағанда, көпшілік елдер Қазақстанды жақтады. Айт­пақшы, ол қызметке дейін өте күшті бәсекеден (10-12 үміткер болған, соның ішінен ақтық сынға Қ.Тоқаев пен Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі шықты. БҰҰ-ның Бас хатшысы Тоқаевтың кандидатурасын мақұлдады) өткенін жұрттың көбі біле бермейді. Қазақстанның екінші Президенті өзінің сыртқы саясаттағы қызметін неден бастады? Әрине, біздің ең басты стратегиялық әріптесіміз (Еуразиялық экономикалық одақ, Кеден одағы, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) – Ресейге ресми сапармен барды. Мәселе келісімдер мен құрылымдық ұйымдарда емес. Ресеймен қай жағынан алсақ та, мәңгілік достыққа мәмілелесіп қойғанбыз. Бізді біріктіретін нәрсе көп, арамызды бөлетін мәселелер жоқтың қасы. КСРО ыдырағаннан кейін, Ресей мен Қазақстан жаңа геосая­сатта бауырластық және өзара тиімді қарым-қаты­настарды қалай құру қажеттігін көрсетті.
Қ.Тоқаев екінші сапарын Өзбекстанға арнады. Өзбек елімен арамызда әрқашан жақсы қатынастар болған, бірақ соңғы 2 жылда осы байланыстар үзіліп қалды. Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы достық пен ынтымақтастық – бұл барша Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өркендеудің кепілі.
Мемлекет басшысының ресми сапармен баратын үшінші елі – Қытай. Осы сапарға егжей-тегжейлі тоқталғым келеді. Әлбетте, мәселе синофобияда (біздің қоғамдағы антиқытайлық көңіл күйдің кейбір көрініс­тері) емес. Әрі-беріден соң «сары қауіп» туралы бұдан 100 жыл бұрын да айтылған. Сонау 20-ғасырдың басында да Қытай қорқыныш туғызатын-ды. Себебі жаппай антиқытайлық жалған сенім алып көршіміздің шын мәніндегі кім екендігін білместіктен туатын. Айтпақшы, ол ешқайда жоғалмайтын, басқа бір жаққа көшіп кетпейтін мемлекет екенін, онымен дұрыс қарым-қатынас орнату қажеттігін үнемі ұмыт қалдырамыз. Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен арада ­сыртқы саяси (мысалы, ШЫҰ) және сауда-экономикалық қатынастарды (Қытай қазір тауар айналымы бойынша 1-орында тұр) екі ел мен халықтың мүддесіне сай етіп қалыптастырды. Алайда біздің қоғамда «қытай қау­пінен», «қытай экспансиясынан» қорқатын жекелеген адамдар бар, олар алып державамен ынтымақтастықты доғару қажеттігін алға тартады.
Қытай туралы мыңдаған және бірнеше мыңдаған кітап және ғылыми зерттеу жазылды. Мен солардың бірін («Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында) қазақ тіліне аударып, еліміздегі барлық мектептер мен жоғары оқу орындарына таратуды ұсынамын. Бұл – әлемдік бестселлерге айналған Генри Киссинд­жердің «Қытай туралы» деген кітабы. Егер де антиқытайлық шерулерге шыққан жастар Қытай туралы шындықты (тек бұл кітаптан ғана емес) білсе, меніңше, олардың Қытайға деген көзқарасы мүлдем өзгерер еді. Өйткені қазіргі заманғы Қытайды танып-білу үшін оның бесмыңжылдық мемлекеттілігіне ұласқан тарихын, бірегей өркениетін және осы ел мен халықтың қаймағы бұзылмаған дәстүрлерін терең түсіну керек. Қытайдың өзгелерге ұқсаймайтындығы – оның үздіксіз көпмыңжылдық тарихында, өркениеті мен мәдениетінің түп-тамырында жатыр. Шындап келгенде, кез келген халық өзін мәңгілік ел деп көрсеткісі келеді. Жер бетіндегі әрбір халықтың шыққан тегі жөнінде аңыз-әпсаналар бар. Қытай өркениетінің өзгешелігі сол, оның бастауы жоқ. Қытайлардың менталитеті мен ДНҚ-сы мынадай: ғаламшардағы дәстүрлі ұлт-мемлекеттер ретінде пайда болған Мысыр мен ежелгі шумерлермен салыс­тырғанда Қытай Жердің ортасында тұр. Қытай – табиғи феномен есебінде бәрінен бұрын пайда болған өркениет. Қытайлар Корея, Вьетнам, Таиланд, Бирма, солтүстіктегі көшпенділер туралы бәрін білген, бірақ олардың түсінігінде Қытай – Жердің ортасы, ортадағы мемлекет, әлемнің алыбы. Қытай және оның төңірегіндегі елдердің арасындағы шекара саяси және аумақтық шектеулерден гөрі, мәдени айырмашылық бойынша қалыптасты. Егер АҚШ күллі әлемге демократия және адам құқықтарын таратуды (кейде қарудың күшімен) басты миссиясы деп есептесе, Қытай әскери түгіл, әкімшілік қысым көрсетуді де ойына алмады. АҚШ-тың ерекшелігі – миссионерлік мінезінде, Қытайдың ерекшелігі – мәдениетінде. Қытай өзге елдер мен халықтарды өз дініне кіргізумен бұдан мың жыл бұрын да, бүгін де айналысқан емес. Қытайлар өзінің бағдарламалары мен түсініктерін басқа елдерге күштеп таңбайды. Себебі жер бетіндегі ешбір ел өзінің ежелгі тарихымен, мемлекетті басқарудағы стратегиялық қағидаттарымен, мұндай өркениеттің тереңдігімен мақтана алмайды. Жай ғана көзге елестетіп көріңізші, тұңғыш анықталған қытай иероглиф­тері б.з.д. екінші мыңжылдыққа (Шан динас­тиясы) жатады. Бүгінгі қытайлар біздің эрамызға де­йінгі V ғасырда өмір сүрген Конфуцийдің жазбаларын еркін оқи алады. Қытай тілі мен мәдениеті, философиясы мен эстетикасы, императордың саяси билігі мен сот жүргізу құзыреті көшпенділердің атты әскерінен және қабырға құлататын машиналардан да күштірек болғаны мәлім. Бұл мәде­ниеттің және конфуциандық құндылықтардың таралу аймағы құрлықтағы Еуропаның көлемінен асып кетті. Таңғаларлығы, Х.Колумбтың экспедициясына дейін қытайлардың испан армадасынан да қуат­ты теңіз флоты болған. Бірақ еуропалықтардан бір айыр­машылығы, қытайлар ешқашан аумақтық дәмеленуге салынбаған. Себебі Қытай онсыз да Жердің ортасы, қытайлардың дүниетанымы – ол өз-өзіне қанағаттанушылық. Егер еуропалықтар жаңа жерлерді жаулап, ондағы халықты от пен қарудың күшімен шоқындырса, Қытай ешқашан мұхиттың арғы жағындағы елдерге көзін алартқан жоқ. Қытай өзінің айналасындағы халықтарды варварлар деп есептесе де, оларды ешқашан конфуциандық әдептерге және буддизмге күшпен кіргізуге ұмтылған емес. Міне, осынау бірегей ұстаным әр қытайдың дүниетанымына әбден орнықты.

Қытайлар «Біздің өркениетіміз жердегі өзге халықтардың өркениетімен бір қатарда тұрмайды, ол – өзі бөлек өркениет» деген түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа санасына сіңіріп келеді. Америкалық саясаттанушы Люсьен Пайдың сөзімен айтсақ, «Мемлекет болып көрінуге тырысатын өркениет». Қытай айдаһары бүгін пайда болған жоқ, Еуропа елдерінен өзінің жер көлемі, халқы және экономикасы жөнінен бірнеше есеге асып түсетін «қытай айдаһары» бұрыннан бар, алдағы уақытта да бола береді. Соңғы 20-ғасырдың 18-інде Қытай әлемдік ЖІӨ-нің ең үлкен бөлігін өндірді. Сонау 1820 жылы Қытай әлемдік ЖІӨ-нің 30 пайызын өндірді, бұл көрсеткіш Еуропа мен АҚШ-тың ЖІӨ-ні қоса алғандағыдан асып түседі.

Тағы да көзіңізге елестетіп көріңізші, Қытай Тутанхамон және Хаммурапидың заманында болған, ол кезде антикалық Грекия және Ежелгі Рим де пайда болған жоқ еді. Барлық империялар күшпен құрылды, бірақ олардың бірде-біреуі сақталған жоқ. Қытайдың тарихында көптеген көтерілістер, ішкі қантөгістер мен кикілжіңдер болғанын жоққа шығармаймыз. Алайда тек осы елде ғана бірегей мәдениеттің арқасында ел билеушілер барлық замандарда болашақты бағамдай білді. Қытайдың ұзақ өмір сүруінің бір құпиясы, қара күш үнемі мәміленің алдында басын иіп отырды. Сунь-цзының «Соғыс өнері» 2,5 мың жыл бойы әскери ойдың басты трактаты болып келеді. Себебі ол соғысты мәжбүр ететін жауыздық деп санап, одан бас тартуға үндеді. Ол «Соғыс – лапылдап жанып тұрған от, қаруын тастамаған адамдар өз қаруынан көз жұмады» деп тұжырымдады. Сунь-­цзы қанды шайқастан және жауыздықтан қашудың бір себебін соғысты өз жауларының пайдасына шешуге мүмкіндік беру деп түсіндірді. Қытай ойшылының еңбектерін 80 жыл бұрын әлемдегі ең үлкен соғысты бастаған фашистер оқыды ма екен? Немесе сол Қытайда адамзат баласына қарсы адам төзгісіз қылмыстарды жасаған жапон милитарис­тері білді ме екен?
Г.Киссинджер дәл байқағандай, қытайлар әлем­нің жаратылысы туралы аңыз­дарды ешқашан ойлап тап­қан емес. Олардың өздері құрған ғаламының бастауы да, соңы да жоқ. Қазір Қытай жаңа ғасырға мәде­ниеттің және саяси институттардың империясы ретінде аяқ басты. Ол өзінің әлем тәртібі жөніндегі түсінігін ешкімге таратқысы келмейді. Қытайлар еуропалықтар тәрізді мұхиттың арғы жағындағы елдерді жауламау үшін теңізде жүзуден де бас тартты. Қытай философиясы мен мәдениетінің қуаты сол, еуропалықтар крейсерлермен және зеңбіректермен Қытайды әлемге «ашып» жатқанда, қытайлар оны варварлардың кезекті шабуылы деп түсінді. Оқырмандар неліктен мұндай ұзақ экскурсия болғанына таңғалып отырған шығар. Бір ғана жауап бар: қытайлардың дүниетанымы Конфуций заманынан бері көп өзгерген жоқ. Осыдан 200 жыл бұрын Наполеон былай деген еді: «Қытай ұйқысынан оянбасын, ол оянатын болса, күллі әлем дірілдеп-қалшылдайды». Наполеонның нені меңзегенін, я болмаса болжағанын білмеймін, бәлкім, ол жаһандануды немесе Қытайдың оқшауланудан тез шығуын болжаған шығар, бірақ бір анық нәрсе бар: Қытай «ұйқысынан» оянды. Соңғы 40 жылда алып держава үлкен секіріс жасап, әлемнің өнеркәсіптік шеберханасына айналды. Қытай экспорты геометрия­лық прогрессиямен өсіп келеді. Батыс елдері мен Жапонияның ірі-ірі қаржы корпорациялары үнемі қытай экономикасына инвестиция салады. Өйткені қытай экономикасы әлемдегі нөмірі бірінші экономикаға айналатын күн өте жақын. Барлық жерлерде «қытай экспансиясы» туралы әңгіме қозғалады. Барлық жетекші сарапшылар Қытайдың әлемдік гегемонияға ұмтылып отырғанын, Қытай мен АҚШ-тың және Батыс елдерінің арасында жаһандық көшбасшылық үшін күшті текетірес жүріп жатқаны бірауыздан қайталайды. Біздің көз алдымызда АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда соғысы жанданып келеді. Әзірше бұл соғыста Қытай жеңуде, себебі ширек ғасыр бойы саудадағы оң сальдо – Қытайдың үлесінде (жүздеген миллиард доллар).
Қазақстан Қытай жоспарында қандай орын алады (бар болса, әрине)? Ұшқарылау пікірдегі кейбір қазақстандық патриоттар айтқандай, олардың ойы тек экспансиялау ғана ма? Түптеп келгенде, экспансия дегеніміз – бұл сыртқы аумақтар мен нарықты басып алу мақсатында өзінің саяси және экономикалық ықпалын басқа елдерге жүргізу саясаты екені белгілі. Қытай Қазақстанның жерін басып алуда ма немесе басып алмақшы ма?
Жауап біреу: ондай жағдай ешқашан болған емес, болмайды да. Қытай қандай жағдайда да Қазақстан аумағын да, басқа бір мемлекетті де басып алмайды. Керісінше, болған жағдайда Қытай өзінің бүкіл қайталанбас тарихы мен мәдениетін жоққа шығарып, Қытай болудан қалады. Сонымен қатар ең кішкентай агрессияның өзі 56 ұлттан тұратын Қытайды құлдыратуы мүмкін, ал зерттеушілер мұнда 80-нен астам жеке ұлттық тілдер мен диалектілердің барын айтады. Егер алда-жалда біреу болашақта Қазақстанды Қытай «жаулап алады» деп сендіре бастаса, бұл талқылауы екі секунд тұрмайтын, ақылға сыйымсыз сандырақ болар еді.
Осы себепті де жуырда Қазақстанның бірқатар қалаларында антиқытайлық митингілер болған кезде Қытайдың Қазақстандағы елшісі дипломатиялық ізетті ұмытып, наразылық білдірушілерге: «Сіздердің естеріңіз дұрыс па?!» деп салды. Бұл мәселеде ойы шектеулі және үстірт, сауаты төмен адамдар синофобия­лық көзқарастардан зардап шегіп жатса түсінемін, дегенмен «Қытай халқы саны жағынан көп және жері аз» деп Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі айтқандай, Орталық Азия елдері тәуелсіздігін жоғалтуы мүмкін, сондықтан Президент Тоқаев Қытайға сапарынан бұрын қазаққа қытайдан қауіп бар екенін ашық айтуға тиіс, бірақ бұл менің түсінігіме келіңкіремейді.

Миллион адамның ішінде 999999 қытай Сингапурда, Филиппинде, Ванкуверде немесе Лос-Анджелесте тұрақты тұруға көшеді, бірақ Қазақстанға емес. Бұл маған әлемдік тартылыс заңы сияқты айқын. Иә, қазір 20 миллионнан астам қытай тек Америкада тұрып, жұмыс істеп жатыр.
Қытай Қазақстанды сауда нарығы ретінде қарастыра ма? Қазір Қытай бүкіл әлемді өз тауарын өткізу нарығы ретінде қарастырады, алайда басымдықтары да бар. Қытай мүдделерінің негізгі аймағы – Вьетнам, Бангладеш, Лаос, Таиланд, Камбоджа, Индонезия, Филиппин, Бирма, Африка елдері. Қуатты және серпінді дамып келе жатқан Жапония мен Оңтүстік Корея экономикалары үнемі жақын жерде орналасқанына қарамастан осылай болып отыр.

Жалпы, Қытай үшін Тынық мұхиты және Оңтүстік Азия өңірлері экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді саяси мүдделер мен болашақ өркендеу үшін маңыз­ды. Мыңжылдық қытай дәстүрінде артықшылықтар ұсыну және саяси аренаны шебер пайдалану, әлеуетті агрессорлар Қытайдың әскери күшін байқап көріп, баса-көктеп кіріп кетпеуі үшін көрші халықтар арасында өзінің жетекші рөлін тануға шыдамдылықпен ұмтылу ежелден бар.
Жаңа заманда Қытай батыстық стратегия мен дипломатиядан айқын және түбегейлі ерекшеленетін, стратегиялық доктриналарды ұстанатын «нақты саясатты» жүзеге асырудың үлгісіне айналды. ХХ ғасырда Еуропадағы ықпал ету мен нарық үшін күрес, аумақтық даулар мен ұзаққа созылған экономикалық дағдарыстар екі бірдей дүниежүзілік соғысқа әкелді. Германия мен Франция Эльзас пен Лотарингия үшін миллиондаған адамның өмірін қиды, ал Қытай ешқашан Жапон архипелагына немесе Корея­ны аннексиялауға бақылау орнатуды ойлаған емес.
Өткен ғасырдағы оқиғалар тарихы қытай басшылығына кез келген мәселенің тез шешілмейтінін және кез келген нақты оқиғаның толық үстемдігіне тым көп көңіл бөлудің Юнгоның (қытайлар әлі күнге дейін өз елін Орта Патшалық деп атайды) үйлесімділігін бұзуы мүмкін екенін үйретті. Қытайлар ешқашан тәуекелге бармады. Батыс елдері шабуылға көшкен кезде, қытайлар үшін шебер дипломатия мен айналма жолдарды пайдалану және қарсы жақтың ұсақ-түйек артықшылықтарын жинақтау өте жақсы тактика болып саналды. Қытай Гонконг пен Макаоның өздеріне қайтарылуын 99 жыл бойы шыдамдылықпен күтті.
Уақыт өте келе Тайванның да Қытайдың бір бөлігіне айналарына күмән жоқ. Егер ұлы неміс әскери теоретигі Карл Клаузевиц «соғыс – саясаттың жалғасы, бірақ басқа тәсілдермен» деген болса, ал Сунь-цзы үшін басты саяси және психологиялық ұстаным «жанжалдың нәтижесі – жанжалдың қабылданбауы». Батыс сая­саткерлері үшін шайқас арқылы келген жеңістер маңызды болса, қытайлар үшін шайқассыз жететін жеңістер маңызды.
Екіншіден, АҚШ пен Еуропалық Одақтың нарықтарын атап көрсетер едім. Мұнда қытайларға есікті жабуға тырысады, бірақ олар бәрібір желдеткіштен кіреді. Халықтың сатып алу қабілетінің ең жоғары деңгейін көрсететін алып нарықты қытайдың өнімдерінсіз елестету мүмкін емес. ТМД елдеріне келетін болсақ, қажетті инфрақұрылым мен адам капиталы болмағандықтан сұраныс та, қызығушылық та шектеулі. Осыған қарамастан, Қытай бұл жерде ең ірі несие беруші және инвестор болып отыр. Қыр­ғызстанның Бейжің алдындағы қарызы – ЖІӨ-нің 30 пайызы, Тәжікстан – 25 пайыз, Беларусь – 13 пайыз, Өзбекстан мен Қазақстан – 5 пайыздан аз. Түркіменстан 6,7 миллиард доллар қарыз. Әрине, қаржылық тәуелділік саяси тәуелділікке әкеледі деген қорқыныш бар. Вашингтон үшінші әлем елдеріне Қытайдың қарыздық құлдығы күтетінін үнемі ескертеді. Шри-Ланка тәжірибесін жиі мысалға келтіреді. Ондағы үкімет Бейжің алдындағы қарызын өтеу үшін жаңадан салынған Үнді мұхитының портын 99 жылға Қытайға беруге мәжбүр болды. Бірақ бұл – бақылауда! Порт Оңтүстік Қытай теңізі бағытында жүзген жоқ. Бұл мысқыл емес. 20 жыл бұрын қытайлар Батыс Еуропадағы ең ірі зауыттарды жөндеу жұмыс­тарымен айналысып, зауыт жабдықтарын кемелермен Қытайдың теңіз порттарына тасымалдаған. Мысалы, Қазақстан, Грузия экономикасына 342 миллион доллар инвестиция құйып, Батуми портын 49 жылға жалға алды. Бізге теңізге шығу керек, солтүстік бағыттан басқа (Ресей мен Беларусь арқылы) Түркия мен Еуропаға шығатын Оңтүстік Кавказ көлік дәлізі қажет.
2013 жылы Қытай «Бір белдеу – бір жол» ауқымды бағдарламасын іске қосты. Тынық мұхитынан Атлантқа дейін көпірлер, порттар, теміржолдар мен автомобиль жолдары, құбырлар және басқа инфрақұрылым нысандарын салуға бірнеше триллион доллар бөлінді. Қытайдың басты мақсаты – әлемдік гегемония емес, яғни жерін кеңейту мақсатында басып алу емес, инфра­құрылым құру. Қытай өз экономикасын қарқынды дамытып жібергені сондай, егер оны тоқтата тұрса, жалпы ғаламдық апат болады және ол ең алдымен Қытайдың өзінде басталады, ондаған және жүздеген миллион адам алаңдар мен көшелерге шығады. Қытай жылына 200 миллион тоннадан астам мұнай сатып алады, әйтпесе экономикасы қарқын алмайды.
Қытай Батыс Қазақстаннан Батыс Қытайға қымбат мұнай құбырын салуға мәжбүр. Африкада, Азияда дамыған инфрақұрылым қажет, ол Қытайға болашақта сауда-саттық жасауға мүмкіндік береді.

Қытай осыншалық ауқымды бағдарламасыз да Американың, Еуропаның және Жапонияның бастамасын қолдай отырып, қаржылық және материалдық ағымдардың негізгі жеткізушісі ретінде индустриалды инфра­­құрылымды дамытуда абсолютті әлемдік көшбасшы болып саналады. Бүкіл Африка континенті ішкі жалпы өнімнің өзіндік құнының 20 пайызын Қытайға (триллион доллардан астам) қарыз.
Америка мен Батыс қанша жерден қарсылығын білдірсе де, бірақ Қытай өзінің Африкаға қатысында адам құқығы мен демократия туралы риторикамен бас ауыртпайды. Жолдар, ауруханалар, мектептер, электр желілері, қытай тұтыну та­уарларын сататын базарлар салынып жатқаны тұрғындар көңілінен шығады. Бірақ Қытай Еуропаны да ұмытпайды. Қытай айтарлықтай экономикалық және қаржылық проблемаларды бастан кешіретін елдерге (Грекия, Португалия, Италия) де біртабан жақын.
Жақында АҚШ Мемлекеттік департаменті Португалияға ірі энергетикалық және әуе компанияларын, банктерді немесе сақтандыру компанияларын қытайлардың бақылауына бермеу керектігін ашық ескертті. Маргарет Тэтчер бір кездері қытайларды әлемдегі ең іскер адамдар деп атағаны тегін бе?! Егер соңғы 15 жыл бойы Қытай әлемдегі валюта қорының жартысына ие болып отырса қайтпек керек?

Осы жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Бейжіңдегі «Бір белдеу – бір жол» атты ірі форумға қатысты. Қазақстан үшін 27 миллиард 608 миллион долларлық 55 жобаны жүзеге асыру туралы келісілді. Форумда Назарбаев: «Қытай ешқашан өз шарттарын таңбайды, батыстың бізге ақыл айтқанындай ешқашан: «Біз сияқты өмір сүр» деп айтпайды, қытайдың «Біз сізге көмектесеміз, бірақ сіз біз сияқты боласыз» демейтін саясаты бізге тартымды» деді.

Бұл қандай жобалар? 1) полипропилен ұнтағы өндірісінің қондырғысын жаңғырту; 2) JAC маркалы жеңіл автомобильдерді ірі түйінді құрастыру әдісімен шығару; 3) күріш ма­йын өндіру; 4) Қорғастағы құрғақ порт; 5) құрғақ бие және түйе сүтін өндіру; 6) штапельді талшықтар өндірісі; 7) Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құру; 8) әртараптандырылған автомобиль құрастыру клас­терін дамыту; 9) шыны зауытын салу жобасы; 10) Шанхай қор биржасы мен Жібек жолы қорының АХҚО құрамына кіруі; 11) цемент өндірісі; 12) күн электр стансасының құрылысы; 13) трактор өндірісін ұйымдас­тыру; 14) үлкен диаметрлі болаттан дәнекерленген құбырлар өндірісі; 15) полипропилен өндірісі; 16) кальцийленген тұз өндірісі; 17) қуаты 60 МВт электр стансасының құрылысы; 18) Тургусун СЭС-1 модернизациясы; 19) қуаттылығы 100 МВт жел электростансасын салу; 20) өнеркәсіптік жарылғыш заттарды өндіретін зауыт; 21) қыш бұйымдар өндірісі; 22) күн электр стансасының құрылысы; 23) өндірілетін суды тұщытатын қондырғының құрылысы; 24) май экстациясын өндіретін зауыт салу; 25) күн элементтері өндіретін кәсіпорындардағы үлесті сатып алу; 26) жылжымалы бұрғылау қондырғыларын өндіру; 27) қуаттылығы 50 МВт жел электростансасын салу; 28) табиғи тастан жасалған бұйымдарды өңдеу және өндіру; 29) көміртекті өндіріс; 30) кабельдік өнімдер өндірісі; 31) Жамбыл облысындағы тау-кен, химия және металлургия кешені; 32) вольфрам кенінің кен орындарын өнеркәсіптік игеру; 33) кешенді қорытпаларды өндіру.
Басқа жобалар әлі дайындық жұмыстары сатысында (электролиттік мырыш зауыты, қауіпті мұнай қалдықтарын өңдеу, ауылша­руа­шылық дақылдарды қайта өңдеу кешені, биохимиялық кластер құру, жылу электр стансасын салу және басқалары).
Барлық жобаларға менедж­мент ретінде шетелдік жұмыс күші және 99 пайыз жергілікті жұмыс күші қатысады. Он мыңдаған жұмыс орны құрылуда және барлық өнімдер Қытайдың өткізу нарығына ие.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бо­йынша 4300 қытай маманы бар. 2019 жылға арналған квота 23000 адамды құрайды. Егер экология саласында алаң­дау­шылықтар туындаса, онда жобаны іске асырар алдында қоғамдық бақылау құрылуы қажет, бәрі ашық болуы керек. Бірақ Қазақстанмен 28 жыл бойы екіжақты достық және іскерлік қатынастарды қолдап келе жатқан ірі держава – Қытаймен ынтымақтас­тықты іс жүзінде тоқтатуды қалай талап етуге болады?
Қазақстанмен шекарасы 1700 шақырым болатын және бүгінде цифрлық технологиялар, инновация­лық экономикада (5G Big Data), жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, суперкомпьютерлер, роботтар бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын ядролық державаға қалай қарсы тұруға болады?! Қытай баю үстінде және жоғары сапалы, экологиялық таза ауылшаруа­шылық өнімдеріне мұқтаж, бұл жерде ол Қазақстан үшін игерілмеген тың сияқ­ты. Бидай, қант, сүт, ет, жүн, зығыр, қызанақ, рапс майы және басқа да ауылшаруа­шылық өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау саласындағы бірлескен инвестициялық жобалар бұрыннан іске асырылып келеді.

Әрине, Қытаймен робототехника саласында немесе зияткерлік, интернет саласында бірлескен кәсіп­орын құруға ниеттіміз, осы мақсат үшін «Болашақ» іске қосылып, Назарбаев Университеті құрылды, бірақ бұл – таяу келешектің мәселесі. Айтпақшы, Президент Тоқаевтың Бейжіңге жасаған ресми сапары кезінде қазақстандық тарапқа үлкен деректерді өңдейтін суперкомпьютер беріледі, IT-технологиялар саласындағы келісімдерге қол қо­йылды. Бізде дарынды және креативті жастар бар, билік олардың шығармашылық дамуына және эвристикалық ойлауына барлық жағдайды жасайды.

Қазақстансыз «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру мүмкін емес. Барлық дерлік транзиттік жолдар Қазақстан арқылы өтеді. Қытай біздің ел арқылы ТМД, Еуропа және Таяу Шығыс нарықтарына тез шығады. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері және Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері барлық қытай басшылары әрқашан біздің елге үлкен құрметпен және шынайы қызығушылықпен қарады. Қытай басшысы әр уақытта біздің елдеріміздің арасындағы достықты нығайтуға күш салуының арқасында өзара тиімді сау­да-экономикалық ынтымақтастық дамыды.

Енді Қытай басшысы Си Цзиньпин біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайға ресми сапармен келуге шақырды, ол біздің қатынастарымыздың құнды жақтарын біріктіріп, қажет болған жағдайда осы екіжақты келісімдерді жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қытай тарабы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан-Қытай серіктестігін орнатудағы жан-жақты тарихи рөлін әрқашан жоғары бағалайды. Бір қызығы, Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында ММХҚИ-ні бітіріп, Бейжіңдегі КСРО елшілігінде дипломатиялық мансабын бастаған.
Ол – қытай тілін жақсы білетін бірегей синолог. Қытайдың ерекшелігі мен біздің мемлекетіміз үшін маңыздылығы туралы Тоқаевтың «Тәуелсіздік туы астында», «Жеңу: Қазақстан министрінің дипломатия­лық очерктері», «Жарық пен көлеңке: қазақстандық саясаткердің очерктері», «Қазақстанның сыртқы саясатындағы жағдайлар. Жаһандану» және т. б. кітаптарынан қызықты деректер табуға болады. Қазақстан егемендік алған алғашқы күндерінен бастап барлық экономикалық күш орталықтарымен және негізгі геосаяси ойыншылармен ынтымақтастықты дамытуға тырысып, көпвекторлы сыртқы саясатқа нақты қадам басты.
Мысалы, АҚШ пен Еуропалық Одақ Қазақстанға инвестиция салу жағынан Қытайдан алда тұр, бірақ барлығы инвестициялық, несиелік және қаржылық көмекпен өлшенбейді. Қазақстан халықаралық аренада ірі ойыншы болуға ұмтылмайды, бірақ оның ерекше және маңызды екенін мойындауыңыз керек, біздің мемлекетіміз Ресеймен ҰҚКШ-де, Қытаймен ШЫҰ-да, АҚШ, Ұлыбритания және Өзбекстанмен стратегиялық серіктестікте. Ресей, Қытай және мұсылман әлемі ортасында орналасқан Қазақстан бүкіл әлем мойындаған, әлемдік дипломатияның жетістігі саналатын көпвекторлы ­сыртқы саясатын жалғас­тыра береді.

Аударғандар
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Жадыра ШАМҰРАТОВА

(«Казахстанская правда» газетінен ­ықшамдалып аударылды, 10 қыркүйек, 2019 жыл)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды