«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қазақстан» концерт залы

0 457

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залы – Еуразия көлеміндегі сәулеті мен әсемдігі келіскен өнер ошақтарының бірегейі. Ғимарат құрылысы 2005 жылдың мамыр айында басталып, 2009 жылы 15 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздік тойы қарсаңында Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Ал осындай көркемдігі келіскен ғимараттың авторы кім дейсіз ғой? Ол – итальян сәулетші Манфреди Николетти. Орталыққа арналған ең үздік жобаға халықаралық байқау жария­ланғанда, Николетти ұсынған жоба конкурста қара үзіп келді. Бұл кісі – әлемдегі ең жоғары сұранысқа ие архитекторлардың бірі.
Кешенде 400 орындық кинозал, 2 кіші зал және 200 орындық мәжіліс өткізетін зал бар.Концерт залдың таңғалдыратын ерекшеліктері көп. Оны былайғы жұртшылық біле бермейді. Мәселен, аралық пульт арқылы жалғыз адам басқаратын көпфункциялы сахна (сахна аумағы – 274 ш.м.) бірден назарды аударады. Сахнаның алдыңғы жағында оркестрге арналған ойық алаң бар, оның төмен түсуі мен көріну деңге­йіне көтерілу уақыты 4 минутты құрайды. Оркестр алаңының тереңдігі – 4,5 метр

Сұлу қыздың бұрымындай бұратылып аққан Есілдің сол жағалауында орналасқан концерт залы қаланың әкімшілік орталығында – Ақорда алдындағы алаңда, Жоғарғы сот, Парламент және Үкімет үйі ғимараттарымен ғажайып үйлесім тапқан.
Енді ғимаратқа келейік. Оның сырты темірбетонмен қапталған. Бұл құрылыс материалы залды сырттағы шуылдан сақтап әрі алаңның архитектуралық ансамбліне үн қосып тұрғандай көрінеді. Зал кешені 3 құрылымды макросектордан Пьяцца-фойе, киноконцерт залы және сахнадан тұрады. Пьяцца-фойе өлшемі – 36х60 метр, биіктігі 19 метр болып табылатын кешеннің негізгі бөлігі. Мұнда мейрамхана, дәмхана, билет кассасы, би алаңы, дүкен секілді қоғамдық орындар орналасқан.


Орталық акустикалық сипатына сай 3500 орынға арналған Ол – соңғы үлгідегі әлемнің ең ірі аудиоториумдарының бірі. Қабырғаның геометриялық құрылымы және оның жабын материалдары, төбеде орналасқан акустикасы және оркестрдің жоғарғы жағындағы рефлектор қозғалысы ұзақ симфониялық музыкалардан қысқа концерттерге дейінгі түрлі жиындар кезінде адам дауысын қабылдауға қажетті реверберация уақытын реттеуге мүмкіндік береді. Сахнаның артқы жағы хорға арналған және 7 хор ярусынан тұрады, олар да аралық пульт арқылы басқарылады және толық көтерілгенде биіктігі үш метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, кешеннің іші мен сыр­ты түгелдей үнжаңғырықты сақтап қалу мақсатында арнайы ағашпен қапталған. Сахнаның орталық нүктесінде жалпы қуаты 25 киловатт «Renkus-Heinz» америкалық фирмасының дыбыстық кластері тұр. Сонымен қатар, залға 12 дыбыс күшейт­кіш қойылған, олар дыбысты барлық бағытқа таратады. Егер залдың қабырғаларына назар аударсаңыз, арнайы акустикалық тартылу мен дыбысты кері итеру әсері бар қабырғалық перделерді байқайсыз. Бұларды арнайы бағдарламасы бар жеке компьютер басқарады.


Бүгінде әсем ғимараттың ашылғанына да 10 жылға тақау уақыт болды. Осы аралықта концерт залы жақсылықтың жаршысына айналып, талай мемлекеттік маңызды жиындар мен мерекелік шаралар өтетін құтты шаңыраққа айналды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды