«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан – киелі шаңырақ

0 42

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Мемлекет басшысы жиынға қатысу­шылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі мерекенің еліміздегі барлық халық пен ұлт өкілдерін біріктіретінін айтты.
– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблея­сында сөйлеген сөзінде Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің маңызы зор екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың қажыр­лы еңбегінің арқасында Қазақстан бүгінде көптеген ұлт өкілдерінің киелі шаңырағына айналды, – деді Президент.
Қазақстан Президенті көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылғанына қарамастан, Елбасының ортақ Отанымызда бейбітшілік пен келісімді сақтай білгенін айтты.
Мемлекет басшысы Алматының Қазақ­стан тарихындағы маңызды рөліне назар аударып, осы қалада мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғанына тоқталды.
Қазақстан Президенті әртүрлі этникалық топ өкілдерінің өзара сыйластығының, ауызбіршілігі мен жасампаз еңбегінің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, экономикада табыстарға жеткенімізді атап өтті.
– Бүгінде әрбір қазақстандық қай этникалық топқа жататынына қарамастан өздерін біртұтас үлкен отбасының мүшесі сезінеді. Бірлік пен келісім – халқымыздың қиын-қыстау жылдарда да сақтай білген құндылықтары. «Әралуандықтан бірлікке» – біздің саясатымыздың мәні. Бәріміз бірге өзіміздің еңбексүйгіштігімізбен, табандылығымызбен ғана қуатты әрі дамыған мемлекет құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушы­лардың бәрін Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт, амандық және жаңа табыстар тіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды