«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан халқының этносаралық келісім мәселесі

0 47

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына «Сындары қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында Жолдауын жолдады.

Осы аталған Жолдаудың бірінші тарауында «Қоғамдық келісімді нығайту» деген мәселе бар. Президент Қ.К. Тоқаев: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үдерістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек», – деп әділ атап өтті.

Бұл өте орынды аталған өзекті тақырып екендігі анық. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 18 миллон адам тұратын болса, олар 140 этнос өкілдерінен құралған. Ал, республикада мемлекет құраушы ұлт, ол – қазақтар болып табылады.

Республикамызда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлтаралық қатынас және келісім мәселесі бірден жолға қойылған жоқ. Өйткені, жаңадан егемендік алған мемлекет өзінің даму жолын таңдауы қажет болды. Осы уақытта шетелдік Збигнев Бежзинский сияқты кейбір саясаткерлер өзінің «Влеликая шахматная доска» атты еңбегінде «Еуразия Балқаны» деген атаумен бірқатар елдердің өз алдына тәуелсіз ел болып тұра алмайды деген болжамын атап өткен болатын. Ондағы елдердің қатарына өзге мемлекетермен қатар Қазақстан мен Түркия кірген. Дәл сол тұста еліміздің кейбір облыстарында әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында толқулар да байқалған. Яғни, жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет қай бағытта дамиды деген сұрақ туындады. Бұл заңды құбылыс еді.

Қазақстан Республикасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, ұлтаралық татулықты сақтауға бағытталған саясатты негіздеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Н.Ә. Назарбаев болатын. Мемлекет басшысы алғашқы сайлау алды бағдарламасында 1991 жылы және 1992 жылы «Қазақстан халықтарының форумында» этносаралық келісімді үйлестіретін орган қажет екендігін атаған.

Міне, осы ойды Президент Н.Ә. Назарбаев 1995 жылы жүзеге асырып, «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құрды. Бұл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативті-кеңесші орган қазіргі уақытта 20 жылдан астам уақыт көп жұмыстар атқарып келеді. Оның облыстарда Кіші Ассамблеялар мен «Достық үйлері» бар. Олардың қарамағында әртүрлі этнос өкілдерінің мәдени орталықтары жұмыс жасап келеді. Атап айтқанда, қоғамдық бірлестік ретінде құрылған әр этномәдени орталықтардың рухани жаңғыру мен халықтың дамуына қосып келе жатқан үлестері зор.

Мысалы, республика бойынша кәріс және неміс ұлтының өкілдерінің этномәдени орталықтарының басын біріктіріп, ортақ жұмысты реттеп отыратын «Республикалық Ассоциацялары» бар. Ал, шағын этномәдени орталықтарының өзі жексенбілік мектептер ұйымдастырып, жастарға тіл және салт-дәстүрді үйретумен қатар, мәдени іс-шараларды өткізуге көп қатысады. Әсіресе, олар мерекелік шараларда бас қосып, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап келеді.

Республикамызда тұратын әртүрлі этнос өкілдері тағдырдың жазуымен келіп қоныстанған. Мысалы, сонау Патшалық Ресей империясы кезіндегі қоныс аударту, кеңестік кезеңдегі депортация мен тың игеру және тағы басқа науқандарда келді. Қазіргі уақытта олардың ұрпақтарының шетелдегі тарихи Отандарына қайтқандары да бар. Осында тұрақтап қалғандары қазақ халқымен этносаралық келісім мен татулықта өмір сүріп келеді.

Жалпы, қоғамдық келісім мәселесі әрқашан да өзекті мәселе болып келеді. Болашақта да еліміздің тәуелсіз ел ретінде өсіп, өркендеуі мен дамуы үшін бірлік, татулық және этносаралық келісім сақталып, қазақ халқы өзге жұртпен бірлікте өмір сүруі қажет. Ол үшін бірлескен ортақ мақсат пен мүдде, болашақ жоспарлар аясында өзара түсіністікте жұмыстар атқарылуы тиіс.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы
институтының жетекші ғылыми
қызметкері,тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды