«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қазақстан энциклопедиясы» – тарих қазынасы

0 194

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орай елімізде электронды энциклопедиясы жасалу үстінде. Бұл «Менің елім» ұлттық жобасы деп аталады. Осы жобаны жүзеге асыру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші бағытында жан-жақты айтылған. Бұл жоба аясында бірнеше технологиялық шараны іске асыру қарастырылып отыр. Соның ең көлемдісі де, маңыздысы да – «Қазақстан энциклопедиясы» кең ауқымды интернет жобасын құру. Мұндағы мақсат – еліміздегі әрбір азаматқа және шетелдік туриске ел туралы көбірек білуге көмектесу. Бір сайттан Қазақстанның тарихы мен болашағы туралы барлық дүниелерді табуға болады.

0-0

– Ұлт жоспарының 87-ші қадамында электронды «Қазақстан энциклопедия­сын» жасап шығару жоспарланған. Он­да елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалар және қарапайым қазақ­стандықтардың өмірі туралы ақ­параттар біріктіріледі. Бұған қоса, Қазақстан астанасы мен өзге де қалаларының географиялық және стратегиялық мәліметтерін ұсыну көзделген. Портал бір есептен елдің «сапарнама картасы» болады. Ұлттық жол көрсетуші және виртуалды ха­бар­ласу тұғырнамасына айналады. Жо­­ба­­ны іске асыру «Астана ЭКСПО-2017» ха­лықаралық көрмесін өт­кізу уақытына жоспарланған. Виртуалды энциклопедияның басты мақсаты – Қазақстанның әрбір азаматына және шетелдік туриске ел туралы көбірек білу­ге көмектесу болғандықтан, порталға Қазақстан бойынша 3D бейне турлары орналастырылады. Сондай-ақ, онда Ұлттық құрмет тақтасы қойылады, – дейді жоба жайында Қазақстан халқы ассамб­леясы жанындағы «Қоғамдық келісім» РМК директорының орынбасары Ғазиз Телебаев.
Болжам бойынша анықтамалық портал екі ақпараттық деңгейге бөлінеді екен. Бірінші деңгей, негізінен, бір-бірімен ортақ навигациялық жүйе арқылы байланысқан Қазақстан туралы мәліметтерден құ­ралмақ. Онда сандық мәліметтер, суреттер, карта және тағы басқа деректер қамтылады. Ал екінші деңгейде республикалық маңызы бар 14 облыс пен 2 қаланың әрқайсысы туралы негізгі анықтамалық мәліметтер жинақталады. Өңірдің тыныс-тіршілігін түгел қамтитын 16 кластерде әкімшілік территориялық бөлінуі, табиғи жағдайлары мен ресурс­тары, халқы, экономикасы, мәдениеті, көрнекті қайраткерлері және тағы басқа да мәліметтер жинақталады. Осы айтылғандардан бөлек, түрлі бағыттар бойынша нақты ақпараттық көмектер ұсынатын кешендер орналастыру жос­парланған. Оның өзі биографиялық, библиографикалық, тарихи-географиялық, картографиялық, гердальдикалық, нумизматикалық, генеалогиялық сияқты жеті саланы қамтиды.
Қазіргі уақытта көмекші ақпараттық кешендерді құру жұмыстарын Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлері мен өзге де мекемелер, ұйымдардың мамандары қолға алған. Мысалы, тарих бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты, әдебиет бағытында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, мәдениет саласындағы жұмыстарға Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты қызметкерлері тартылған.
«Қазақстан энциклопедиясы» интернет жобасын басқару үшін Бас ғылыми-редакциялық кеңес пен Біріккен ғылыми-редакциялық алқа құрылған. Кеңестің құрамында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жетекшісі мен қызметкерлері, ғылыми институттардың жетекшілері, сондай-ақ еліміздің белгілі ғалымдары кірген. Редакциялық алқа құрамында тақырыптық және аймақтық энциклопедист, библиографика, биографика, картографика, геральдика, нумизматика мен генеалогия саласының жетекші мамандары жұмыс істейді.
Мамандар жаңа қазақстандық ақпа­рат­тық ресурстың техникалық көрсеткіштері жөнінде нақты мәлімет бере қоймаған сыңайлы. Әзірге белгілісі – интернет-энциклопедияны Қазақстан ұлттық энциклопедиясы порталына орналас­тыру мәселесін қарастырып жатса керек. Электронды анықтамалықтың негізін осы контент құрайтын болады. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық аймағы, дәлірек айтқанда облыстардың, аудандардың, қалалар мен ауылдардың дамуы жөнінде ақпараттарды жинап, ұсыну да жоспарланған. Жарияланған материалдарды кем дегенде жылына бір рет толықтырып, жаңартып отыруы үшін кез келген жерден интернетке қосылу және толықтыруды жүргізу қолжетімділігін жасау да ұмыт қалмаған. Жаңа интернет жоба іске қосылғанда, еліміздің қай саласына, тұлғасына қатысты болмасын, барлық ақпаратқа қол жеткізу тіптен оңайға түседі.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды