«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақстан–Беларусь: арнайы ұзақмерзімдік жоспар қабылданды

0 18

Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко елімізге ресми сапармен келді. Бейсенбі күні Беларусь басшысын елорда әуежайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Қалаға келген Александр Лукашенко алдымен «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды. Кеше екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Елшіліктің жаңа ғимараты ашылды

Беларусь басшысының ресми сапарына орай елордада Беларусь елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты рәсімге Беларусь Үкіметі жетекшісінің бірінші орынбасары Александр Турчин мен Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Роман Скляр қатысты. Р.Скляр бас қалада этникалық колоритпен салынған жаңа заманауи кешен шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қатарын толықтырып қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға үлес қосатынын мәлімдеді. Сәулет кешеніне әкімшілік, үш қабатты қызметкерлер үйі, Беларусь елшісінің екі қабатты резиденциясы кіреді. Ғимараттардың қасбеті травертинмен көмкерілген, ғимараттың кіреберісіне беларус ұлттық ою-өрнектері салынған. Жаңа ғимарат елшіліктер қалашығында, Тәуелсіздік сарайына жақын орналасқан.

Келіссөздер көп мәселені шешті

Ақордадағы шағын құрамдағы келіссөздер барысында ел басшылары сыртқы саясаты, интеграциялық бірлестіктердегі өзара ұстаным, Қазақстан–Беларусь ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Ең бастысы, Қазақстан мен Беларусь арнайы ұзақмерзімдік жоспар қабылдауға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер кезінде, негізінен, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге назар аударылғанын атап айтты. Ауыл шаруашылығы мен әскери-техникалық ынтымақтастық саласында 2-3 бірлес­кен жобаны іске асыруға мәміле жасалғанын жеткізді.
2018 жылдың қорытындысы бо­йынша өзара сауда-саттық көлемі 800 млн-нан аса АҚШ долларын құраған. «Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, біз екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық саладағы өзара қатынастарды ширатуға мүдделіміз. Бүгін қол қойылған келісім, бірлес­кен мәлімдеме ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген нақты қадам болып табылады» деді Қазақстан Президенті. Тараптар сондай-ақ келешегі зор компаниялар мен стартаптарды дамытатын бірлескен венчурлық қорды Беларусь елінен ашуға уағдаласты.

Лукашенконы Қазақстанда не қызықтырады?

Александр Лукашенко беларус­тарды Қазақстанда өндірілетін металдар, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері және т. б. қызықтыратынын ашық айтты. «Беларусь мұнай тасымалдауды әртараптандыруға ерекше көңіл бөледі. Сол себептен біз осы елден мұнай шикізатын импорттауға мүдделіміз. Егер мүмкіндік болса, Ресеймен келісіп, қазақ мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдаймыз» деді А.Лукашенко Ақордадағы бірлескен мәлімдемеде. Беларусь басшысы үш жылда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі екі есеге дейін ұлғайғанын айтты. «Яғни біз Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізе аламыз» деді ол.

Бірлескен жобалар іске асырылады

Екі мемлекет бұған дейін бірлесіп Қостанайда трактор шығаруға уағдаласқаны мәлім. Сонымен қатар, Беларусь Алматы облысында сүт-тауар фермасын ашады. Екі елдің Ауыл шаруашылығы министрлері ветеринарлық препараттар шығаратын зауыт салу жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұған қоса, лифті жабдықтарын шығаруға да мәміле жасады. Беларусь Үкіметі басшысының орынбасары А.Турчин: «Қазір Қазақстанда беларус техникасы мен жабдықтарын құрастыратын 7 өндіріс бар. Біз «Могилёвлифтмаш» лифті құрас­тыру және жабдықтарын шығару жөніндегі бірлескен кәсіпорын құруға мүдделіміз» деп мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел президенттері жоғары оқу орындарында оқитын сту­денттерге мемлекеттік грант бө­луді ұлғайту туралы келісім жасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды