«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақша сеансқа билет алу да – бір мұң

Айтпайын-ақ деп едім...

0 19

Жақында Аслан есімді астаналық танысым алты жасар қызы Айшанұрды мультфильмдердің қазақша сеансына апару кәдімгідей проблема екенін айтты. Олар Англияда бірнеше жыл бойы тұрып келгендіктен, әлгі бүлдіршін тек қана қазақша және ағылшынша сөйлейді. Орысша мүлде түсінбейді. «Қас қылғанда, кинотеатрларда мультфильмдердің қазақша сеансы күніне бір-екеу ғана. Оның өзі ыңғайсыз уақыттарда: таңертең немесе түсте» дейді әкесі.

Әлеуметтік желіні қолданушыларда қазақша сеанстардың сирек көрсетілетінімен қатар, оларға билетті онлайн сатып алудың қолжетімді еместігін айтуда. Мысалы, Белла есімді Facebook қолданушысы былай деп жазады:
– «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісі, дәлірек айтсақ, «Chaplin Mega Silk Way» кинотеатры «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің бір күнге 17 сеансын ұсынған. Бірақ соның біреуі ғана қазақша. Оның өзінде, басқа орысша сеанстарға билетті онлайн сатып алудың мүмкіндігі бар да, әлгі қазақша сеанс үшін ондай мүмкіндік жоқ. Жарайды деп, «Kinopark 7 IMAX Keruen» кино­театрын қарадық. Мұнда қазақша сеансқа билет алу мүмкіндігі болғанмен, сатып алу түймесін басқаныңда, экраннан басқа, яғни, орысша сеанс­ты таңдау туралы сыпайы ұсыныс шығады.
Біз де тексеріп көрмек болып, «Kinopark» мобильді қосымшасын ашсақ, «Ральф интернет қарсы» мультфильмінің 26 қараша күнгі бірде-бір қазақша сеансы тізімде жоқ болып шықты. Қызығы, kino.kz порталы бізге «Kinopark 8 IMAX Saryarka» кинотеатрында сағат 10.20 және 12.30 кездерінде қазақша сеанс көрсетілетіні туралы ақпарат бергенімен, «Kinopark» мобильді қосымшасында ол уақытқа бірде-бір сеансты таппадық.
Бұл мәселенің себебін аталған сеанстарға билеттің түгелдей сатылып кетуімен түсіндірер болсақ, онда кинотеатр әкімшілігі қазақша сеанстарға сұраныстың жоғары екенін ескеріп, олардың санын өсіру керек емес пе қайта? Бұл сұрақты біз «Kinopark Theatres» компаниясының өңірлік директоры Бақытжан Апизовқа жолдадық. Жауап келген күні өздеріңізбен бөлісетін боламыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды