«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ жеріне бауыр басқан

0 15

Менің кейіпкерім, Нұр-Сұлтан қаласының қадірменді тұрғыны Қазбек Ахметжановтың әкесі Фатих татар ұлтынан, ал тегі Ахметжанов болып қазақша айтылады. Бұл жерде татардың әкесі қазақ қалай болған деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Ол былай болған екен.

Он тоғызыншы ғасырда Атбасар қаласы қазақ елінің солтүстігіндегі ірі сауда орталығы болған. Мұндағы жәрмеңкеге қазақ елінен басқа Ресейдің, Татарстанның, Башқұртстанның, басқа да елдердің саудагерлері, көпестері, іскер адамдары келіп тұрған. Сол Уфадан бір келгендерінде Қазбектің арғы атасы 12-13 жастағы Фатихты ала келеді. Ал Фатих осы жасында арабша оқып, жаза білген. Құранды жақсы оқыған, намазға жығылған, былайша айтқанда жәрмеңкеге келгендердің арасында зор беделге ие болған. Олар оны кезек-кезек өз киіз үйлеріне алып кетіп, баладан құран сүрелерін үйреніп, намаз оқуға дағдыланып, үйлеріне қондырып жүрген. Бірде елдеріне қайтуға жиналғанда Фатих бала оралмайды. Баланы бірнеше күн іздейді, таба алмаған соң елдеріне қайтады. Қандай себептерден екені белгісіз Фатих бала Атбасар қаласынан алыс орналасқан Қарағайын деген елді мекенде қалып қояды. Бұл жерде атақты революционер Әділбек Майкөтовтың отбасы, ағайындары Қоғаш, Ғазиз тұрып жатыпты. Фатихты осы рудың белгілі азаматы Ахметжан асырап алып, балаға Ахметжанов деген тегін береді. Содан бүгінгі күнгі ұрпақтарына дейін осы текті арқалап жүр.
Бала он алты жасқа толғанда Ахметжан ақсақал жол қаражатын, азық-түлігін, ата-анасына сыйлықтар беріп, қимас­тықтан өз еліне жібереді. Бала ата-анасын қуантып, біраз болғаннан кейін ол жерді жерсінбей өзінің біраз тұрған елді мекені Қарағайынға екінші әкесі Ахметжанға қайта оралады. Содан Фатихты Петропавлдағы мұғалімдік курсты оқытып, жергілікті мектепке жұмысқа орналастырады. Бұл кезде жігіт болып қалған Фатих сол елде беделді ұстаз, әрі молда болып жүріп жатады. Біраз жылдардан кейін Ахметжан ақсақал қайтыс болып, Фатих Әділбек Майкөтовтың зайыбы Жәми шешейдің қамқорлығында болады. Әжептәуір азамат болып қалған Фатихты достары мен Жәми анасы Фатима атты татар қызына үйлендіреді. Бұл уақытта Майкөтовті «колчакшылар» атып тастағаннан кейін зайыбы Жақсы елді мекенінде тұрып, көшіп кеткен. Келін болып түскен Фатима қазақшаны жақсы үйреніп, Жәми енесін қатты сыйлап, өзі дүниеден өткенше есінен шығармапты. Фатима да білім алып, ерімен бірге ұстаздықпен айналысады. Жерлестері Фатихты Батық – деп, Фатиманы Бәтима – деп атап кетеді. Әділбек Майкөтов тірі кезінде еліне келіп жүргенде Фатих пен Фатиманы коммунис­тік партияның қатарына өткізеді. Ауылдастарының айтуына Қарағанда Фатих 1930 жылдардан басталған ашаршылықта жерлестерінің аман-есен қалуларына көп септігін тигізіпті. Колхоздастыру, байлардың малдарын тартып алып жатқан кезде тұрғындардың біразы басқа жақтарға көшіп жатқанда Фатих та Қимаға қоныс аударады. Осында кітапханашы қыз­метін атқарады. Осы елді мекенде менің кейіпкерім Қазбек Фатихұлы 1935 жылдың 7 маусымында дүние есігін ашады. Ол бүгінде 85 жасқа қараған ел ақсақалы. Соғыстың қарсаңында отбасы Көкшетау қаласына көшеді. Соғыс басталғанда мосқалданып қалған Фатихты алдында соғысқа алмайды, артынан өзі сұранып қан майданға қатысады. Жаумен соғысып жүріп, Эстон жерінде жер жастанады. Әкелерінен айырылған отбасы анасы мен ағасы үшеуі қайтадан өз елдеріне қоныс аударады. Осы жерде қиыншылық жағдайда жүргенде қазақтардың қандай халық екенін сезіндім. Бізге барынша көмек көрсетіп, дұрыс өмір сүруімізге жағдай жасады, – дейді Қазбек ақсақал өткен күндерді есіне түсіріп.
Қазекең осындай ауыр жылдарды басынан кешіре жүріп есейеді. Мектепті бітіріп, Отан алдындағы міндетін атқарғаннан кейін, өздерінің әкелерінің жоқтығын білдірмей, біреу­ден ілгері, біреуден кейін өсіріп жеткізген анасының қолын жылы суға салатын уақыттың жеткенін сезінеді. Алғашқыда мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасады. Осы кезеңде анасымен Целиноград қаласына қоныс аударады. Отбасын құрғандығы туралы Қазбек Фатихұлы былай деп әңгімелейді: біз қалада бір кішкентай жер үйде тұратынбыз. Бұрын бізбен бір елді мекенде тұрған жас қазақтың қыз баласы бізге жиі келіп, шешеме көмектесіп жүрді. Мен онша көңіл бөлгенім жоқ. Бірде анам маған ұрысты қыздың атын атап, сен неге оған көңіл аудармайсың. Ол маған емес, саған келіп жүр деп.
Ауылда тұрғанда менен екі – үш сынып төмен оқыған. Менде көңілі болса керек, мен оны байқамаппын. Содан жақындасып бірге жүре бастадық. Тәрбиелі, адамгершілігі бар екендігін байқадым. Анама жақсы келін болатындығын сезіп, үйлену туралы ойлана бастадым. Бірде түскі ас ішіп отырғанымызда үш жігіт кіріп келіп, бірден әлгі қызға сені жетім қаңғырған татар баласына бермейміз деп күштеп, барғысы келмей тұрған қыз баланы алып кетеді. Енді не істеу керек? Сөйтіп, қазақ қызына қолым жетпеді. Содан жылдар өтіп жатты. Бірде татар қызын кездестердім. Бір-екі жұмадай кездесіп жүрдік. Мені жұмыс істеп жүрген жерім алыс ауылға, телефон жоқ жерге астық жинауға жіберді. Қызыма хабарласа алмадым. Біраз уақыттан кейін оралсам маған өкпелі екендігін байқатты. Оның үстіне екі ағасы келіп, сен біздің қарындасымызды мазақ қылып жүрсің деп айбат көрсетті. Сөйтіп татар қызына да үйлене алмадым. Бірде жастық шағым өткен Атбасардағы досыма барғанда бір орыс қызын кездестіріп, жақын танысып, біраз уақыт кездесіп жүріп, ақыры сол қызбен отбасын құрдым. Міне, сол зайыбым дүниеге екі бала әкеліп, алпыс жылға тарта бірге өмір сүріп жатырмыз,– дейді өмірінің өзегіне айналған зайыбына ризалық пейілін білдіріп.
Қазбек Фатихұлының қаны татар болғанымен, жүрегі қазақ деп соғып тұрған азамат. Барлық еңбек жолы осы Ақмола облысымен, жаңа астанамызбен байланысты болды. Бұрынғы Ақмола қаласында денешынықтыру пәнінің мұғалімінен бастаған еңбек жолы облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, Жақсы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Целиноград аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Новоишим» кеңшарының партком хатшысы. Ақмола облыс­тық атқару комитетінің дін істері жөніндегі өкілі, тағы басқа да жауапты қызметтер атқарды. Кеңес одағы ыдырағанша Ақмола қаласында партия – кеңес жұмыстарында жауапты қызметкер болды.
Қазір жасының сексен беске аяқ басуына қарамастан әлі қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Орталық ардагерлер кеңесінің ревизиялық комиссиясының мүшесі. Онымен қоса осы республика астанасында тұратын Ақмола облысына еңбегі сіңген ардагерлер ұйымының жетекшісі. Солармен әртүрлі мейрамдарды бірге өткізуді ұйымдас­тырып, дүниеден өткен замандастарын ақтық сапарға өз дәрежесінде шығарып салуға ұйытқы болып жүрген қадірменді ақсақалымыз.
Сөзімнің тобықтай түйі­нін айтсам, Қазбек Фатихұлы Ахметжанов татар мен қазақ халқына, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласына ортақ сыйлы азамат. Қазекеңе бәйбішесімен әлі де бақытты өмір сүре беруіне тілектестігімді білдіремін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналис­тер
одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды