«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ тілінен баюға бола ма?

Ойтүрткі

0 51

Әбден.
Әйтеуір мен білетін N. мырза әбден байыды. Көз алдымда. Интернеттен алынған клипарттарды өзі шығара ма екен – тақпақтармен «көмкеріп», балаларға арналған делінетін кітаптар шығаратын. Оны кім оқып жатқанын білмеймін, есесіне жылдар бойы тапсырыс үзілмейді өзінен.
Кеше соған хабарласқам. Қазақ тіліне байланысты жобамның серверақысын төлесеңіз, логотипіңді маңдайыма жапсырып алып жүрейін деп. Сосын енді, жоба жүргізіп отырған маған да қаламақы беріп қойсаңыз деп. Бекер хабарласыппын. Жобамен танысқан ол бірден кесіп айтты:
– Маған не пайда? – деді (тілге пайданы сұрамады сол).

Осы жерден шегініс. Жоқ, ол азаматтың атымтай жомарт емесін, әрі, жалпы бұ дүниеде тегін нәрсе жоқ екенін білемін. Бірақ көмегінің есесіне «бәленбайдың қаржысына жүріп жатқан жоба» дегенім жеткілікті болады деп ойлаппын. Сосын. Алдымен өзі, «тілім-ай, тілім!», «дым ұсыныс жоқ, әйтпесе…» деп сайрап жүрген. Шын жанашырлығы мен итесебі үйлесіп, көмектесер деп ойладым.
Қайран қазақ тілі, бізге қырсыққаннан ба, өмір сүріп келесің. Түрлі күңгірт схемаға былғанбай, дамытудың мүмкіндігі көрінетін емес. Онжылдық сагаға ұласты бұл құрыған жоба.
Жарандар, цифр заманында қазақ тілінің қандай мүшкіл халде екенін білмейсіздер. Қазақша сөздердің таксономиясы, яғни сөздердің өзара мағыналық байланысы жоқ. Классификация жасалып, сұрыпталған кестелері жоқ. Көп заттың бекітілген кескіндері де жоқ. Бұларсыз, қазір сәнге айналған «жасанды санада» қазақ тіліне орын жоқ. Басқа тілді білмегендіктен, «қазақ тілі – бай тіл!» демей-ақ қояйын, бірақ жасалуы тиіс жұмыс­тардың көлемінен кедейдің қатарында емесін көруге әбден болады.
Бір іздеу жүйесінде екі айдай асессор болып жұмыс істедім. Сондағы көргенімді айтсам – қазақ тілі креолизация болып жатыр. «Құрманғазы в MP3 минусовка», «галстук байлау мужчина» деген сұраулар – үйреншікті іс.
Басты мессежім. Қырыққа келгенше, бір студенттен бес жүз теңге пара алып, сосын бір ЖШС-тің тауыса алмай, онсыз да далаға шашып жатқан ақшасын достарыма ұттырып бергенім болмаса, бәлендей бүлінбеппін. Енді әрі қарай былғанудың жөнін көрмей тұрмын. Секірген-қышқырған баннерлер қойып па, виртуал қайыр сұрап па, крауд­фандинг пе, әйтеуір сонымен жасармын. Енді көрмегенім – тілді күйттеп байығандар болсын. Бетің әрмен, тіл «жанашыры». Иди к черту.

Ерлан ОСПАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды