«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ салмағындағы қақтығыс

0 36

Ақтау қаласында бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бұл ел біріншілігінде қатысушылар саны жөнінен рекорд жасалды. Чемпиондық атақ үшін 300-ге жуық боксшы шаршы алаңға көтерілді.


Бір аптаға жалғасқан жарыс қорытындысында Түркістан облысының құрамасы бірінші орыннан көрінді. Атап айтқанда, бұл аймақтың былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль алды. Командалық екінші орынға Маңғыстау облысы (1-3-4) ие болса, үздік үштікті Жамбыл облысы (1-2-3) боксшылары түйіндеді.
Бұл жарысқа ұлттық құраманың боксшылары түгелдей дерлік қатыс­ты. Қазақстан бокс федерациясының талабы сондай болды. Сондықтан да біріншіліктегі бәсеке де тартысты өтті. Дәл жарыс алдында ұзақ жылдар ел намысын қорғаған, екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Әділбек Ниязымбетов пен белгілі боксшы Антон Пинчук үлкен спортпен қоштасқанын жариялады.
Сонымен тәжірибелі шеберлермен қатар жас дарындылар қолғап түйіс­тірген байрақты біріншілікте шын жүйріктер топ жарды деуге негіз бар. Бұл ретте жастар арасынан жұлқынып шыққан ақмолалық Оразбек Асылқұлов пен түркістандық Сәкен Бибосыновтың өнері жанкүйер қауымның есінде сақталып қалғаны сөзсіз. Көпшіліктің күткені 69 келідегі Шымбергенов пен Жүсіповтың жекпе-жегі еді. Екеуі де – ұлттық құраманың негізгі боксшылары. Күткендей Асланбек пен Абылайхан финалда жолықты. Өте тартысты айқаста қарағандылық Жүсіпов таза жеңіске жетті. Ол белгілі қарсыласын бір рет нокдаунға жіберіп те үлгерді. Сөйтіп «қазақ салмағындағы» қақтығыста қарағандылық боксшының бағы жанды. Тағы бір қосарымыз, осы чемпионатта негізінен, бұрыннан ұлттық құраманың сапында талай сынға түскен жігіттер топ жарды.
Сонымен 2018 жылғы Қазақстан чемпиондары мына боксшылар алтын жүлдегер атанды:
49 келі – Теміртас Жүсіпов,
Ақмола облысы
52 келі – Әнуар Мұзапаров,
Алматы облысы
56 келі – Қайрат Ералиев,
Түркістан облысы
60 келі – Закир Сафиуллин,
Шымкент қаласы
64 келі – Санатәлі Толтаев,
Маңғыстау облысы
69 келі – Аблайхан Жүсіпов,
Қарағанды облысы
75 келі – Әбілхан Аманқұл,
Жамбыл облысы
81 келі – Бек Нұрмағанбет,
Түркістан облысы
91 келі – Василий Левит,
Астана қаласы
+91 келі Қамшыбек Қоңқабаев,
Қызылорда облысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды