«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қазақ рухы» көрмесі

0 35

Жуырда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) «Қазақ рухы» атауымен монументалды көркем өнер туындыларының көрмесі ашылды. Тарихы мен мәдениеті сонау Сақ дәуірінен бастау алатын халқымыздың болмысын бейнелейтін көрмеге 12 тақырыпқа бөлінген топтамалық еңбек қойылған. Әрбір картина бір-бірімен өзара байланысқан монументалды көркем туынды. Ең бастысы, мұндай бірегей көрме ұйымдастыру АХҚО-ның мәдени-рухани құндылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Топтамадағы бірінші туындыда суретші қазақтың ұлан-байтақ даласын суреттейді. Ежелгі Тамғалы петроглифтерін профиль стилінде бейнелеген. Ал екінші картинадан аңшы әйелдің, яғни, қазақ әйелінің батыл болмысын байқаймыз. Үшінші суреттен Алтын Орда батырының бейнесін көрсек, төртінші картина Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керей хандардың бейнесін суреттейді. Осылайша топтамадағы туындылар өзара сюжеттік бірізділікпен байланыса келе Қазақстанның алыс-жақын елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын көрсететін «Мәңгі көршілер» атты туындымен түйінделеді.
12 тақырыпқа бөлінген топтамалық коллекцияны қазақстандық суретшіге шетелдік танымал инвестор әрі коллекционер Гэйвин Критчмар (Gavin Kretzmar) және Алпер Акдениз (Alper Akdeniz) арнайы тапсырыспен жаздырған. 12 монументалды көркем туындыларда көне дәуірден бастап Қазақ хандығының Ресей және Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына дейін суреттелген.
«АХҚО инвестиция, қаржы саласымен қатар тың тенденцияларға ерекше көңіл бөледі. Қазір жаңашыл экономика деген жаңа түсінік қалыптасуда. Бұл – заманауи формат пен ұлттық құндылықтардың қатар жүруі. Көптеген халықаралық қаржы орталықтарынан осындай галереяларды көреміз. Мысалы, Дубай мен Шанхайдағы орталықтарда бірнеше қабатқа жайғасқан көрме залдары бар. Бұл сол елдің, халықтың мәдениетімен, тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Біздің де мақсатымыз – өнеріміз арқылы еліміздің мыңжылдық тарихы мен мәдениетін көрсету» дейді АХҚО-ның басқарушы директоры Айдар Қазыбаев. Басқарушы директор АХҚО-ның аумағында 100-ден аса экспат қызмет ететінін, олардың бос уақытында қазақтың салт-дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен танысқысы келетінін, «Қазақ рухы» көрмесі сол қажеттілікті толық қанағаттандыратынын айтады.
АХҚО-ның алаңында бұған дейін де бірнеше көрме өткізілді. Биыл шілде айында AIFC Art Week аясында коллекционер-суретшілердің көрмесі болды. Онда қазақстандық суретшілер Ләйлә Махат пен Бақытнұр ­Бүрдесбековтің, сондай-ақ ресейлік суретшілердің туындылары қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды