-->

ҚАЗАҚ ОПЕРАСЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ – ҚЫЗ ЖІБЕК

Газетіміздің алдыңғы санында «Астана Опера» төріндегі «Қыз Жібек» операсының тұсаукесерін сүйіншілеп, қойылымның сценографиясы мен  кейіпкерлердің костюмдеріне кеңінен тоқталған болатынбыз. 

_dsc7413

ҚАЗАҚ ОПЕРАСЫНЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Енді композитор Евгений Брусиловский мен драматург Ғабит Мүсірепов жазған клас­сикалық туындының тарихына көз жүгіртіп, бүгін қо­йы­ла­тын операның музыкалық жаңа­шыл­дығын жария етеміз.
Жас композитор Евгений Брусиловский Ленинград консерваториясын бітірісімен Ал­матыға жолдама алады. Сол жылы қалаға Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықұлова және Шара Жиенқұлова сынды шет-шетінен талантты жас­тар қоныс тепті. Елімізде опера театрын ашуға атсалысқан шы­ғармашылық топ алғашқы болып «Қыз Жібек» операсын қоюға бел буады. Осылайша, 1934 жылы қазіргі Абай атындағы мемлекеттiк академиялық опера және балет театрында қазақ опе­расының қарлығашы қойы­лады. Композитор «Қыз Жібекте» халқымыздың отыздан астам әнi мен күйiн пайдаланған, шағын оркестрге оркестровкасын жасаған. Е.Брусиловский өз естеліктерінде туындының сәтті шығуына қазақтың дарынды әнші-күйшілері зор үлес қосқандығын атап өткен.
Міне, 83 жылдан кейін «Ас­тана опера» театры музыкасын өңдеп, декорациясын өзгертіп «Қыз Жібекті» жаңалап ұсынып отыр. Опе­раның оркестрі қа­зақтың ұлттық аспаптарын барынша қолданады. Көрермен домбы­раның дауысын, жеті­геннің жүректі арбайтын әуенін, қобыздың қоңыр үнін тыңдайды. Бұл – аталған операда бұрын болмаған құбылыс.
Қоюшы режиссері – Түркі­менстанда дүниеге келіп, Беларуста шыңдалған маман Михаил Панджавидзе. Ал музыкалық жетекші және қоюшы дирижер ретінде Абзал Мұхитдинов төбе көрсетті.

_dsc7299

Жібектің рөліне арнайы кас­тинг ұйымдастырылып, нәти­жесінде Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің студенті Назым Сағынтай, «Астана опера» театрының жетекші әртістері Жаннат Бақтай және Салтанат Ахметова бекітілді. Ал Төлеген партиясын театрдың көрнекті өкілдері – Медет Шотабаев, Мейір Бәйнешов, сондай-ақ, Жан Тәпин сомдайды. Бекежан рөлін Сүндет Байғожин және Талғат Ғалеев орындайды.

ЖІБЕКТІ ЖАҢАША ЖАҢҒЫРТТЫ

Премьераға арналған баспа­сөз мәслихатында режиссер Михаил Панджавидзе «Қыз Жібек» эпосын кино арқылы танитынын мәлімдеді.
– Бұл опера әлем мемле­кет­­терінің мұрасына айналды.
Шығарманың түпнұс­қа­сы­мен танысқанда, фильм мен эпостың жер мен көктей айыр­машылығы барын сезін­дім. Қандай да бір көркем туынды эпостың ау­қым­ды­лығын қамти алмайды. «Қыз Жібек» – драмалық шығар­малардың көрнекті үлгі­лерінің бірі. Ар­хивтегі қойы­лымдарды, киноны, эпостың өзін зерттей келе, бұл опера жаңа бір ин­тер­претацияға зәру екенін аңғардым, – деді Михаил.

_dsc6926

Михаил Панджавидзенің пікірінше, музыкалық жетек­шісі Абзал Мұхитдинов жаңа авторлық туындыны жасап шығарды. «Бұл ойым қанша­лықты орынды білмеймін. Алайда жаңа аранжировка, жаңа оркестр операға жаңа тыныс сыйлап, барынша түрлендірді. Егер Абзал ұзын-сонар диалогтарды музыкалық речитативке айналдырмаса, опера операттаға айналып кететін еді. Сонымен қатар, либреттоны түбегейлі түрде өзгертпесек те, басты кейіпкерлердің образын басқа қырмен аша алдық деп есептеймін. Біз көрермен үшін жұмыс істейміз, сол себепті жалпақ жұртқа түсінікті етуді көздедік» деді ол.

_dsc6837

Әрине, қойылымның әр жылдары әрқилы нұсқасы таныс­тырылады. Абзал Мұхитдинов шығармашылық жолында бұл операны төрт рет қойып үлгерді. Мамандардың айтуынша, алғашында халықтың санасында опера деген ұғым әлі қалыптаспаған еді. Сол себепті, партиялар ария-дуэт болып шырқалған, қара сөздер көп болған. Бұл туралы ком­позитордың өзі былай дейді:
– Ән шырқап үйренген әртіс, қара сөзбен айтуға келгенде өзін-өзі жоғалтып алады. Сахнада тұрған әртістің ойыны шынайы емес болып шығады. Сондықтан, қара сөзді речитативке өңдеп жаздық. Басында бірнеше речитативті жазып, байқап көрдім. Солистер әуен құлаққа жағымды, ноталарды алып тастасаң, бірден жатталынып қалады деді. Бұл сөздерге қанаттанған мен әрі қарай жұ­мысымды жалғастырдым. Нә­тижесінде, опера өз жанры­ның шынайы келбетін тапты. Бұрын «Қыз Жібек» музыкалық-драмалық қойылым болып, отыз пайызын қара сөздер құрады. Бүгінде көрермен музыканы бастан-аяқ тыңдайды. Дегенмен, сөздердің ырғағы мен интонациясы сақталған. Спектакльдегі кейіпкерлердің сөздерін компьютерге енгізіп, барлығын ғылыми түрде зерттеп шықтым. Метроритм мен интонацияның шифрын ажыратып, музыканың негізі пайда болғанда, гармонияны жасай бастадым. Композитор ретінде музыканың үндесуін жіті бақыладым. Сол кезде, жаңа әуеннің пайда болғанын түсіндім.

_dsc7429

Көбінесе, шығармашылық күтпеген жерде, күтпеген кезде пайда болады. Таңғы бесте операның соңын жазуға отыр­ғанда Жібек пен Төлегеннің реминисценциясы болуы ке­ректігін түсіндім. Керуен кө­шінің бейнесінде Төлегеннің өлімі де, Жібектің жоқтауы да үйлесім тапты. Осының бәрін компьютерге енгізіп, өңдей бастаған кезде төбе шашым тік тұрды. Бастапқыдан опера осылай шырқалуы керек деген ой келді. Орнымнан тұра сала режиссердің ассистенті Еренбақ Тойкеновке барып, сөзін жаздыртқыздым. Бұрын-соңды осы операда болмаған жоқтауды 15 минуттың ішінде аяқтадық. Осылайша, операға музыкалық катарсис, яғни, эмоционалды нүкте қойылды, – деп сөзін аяқтады Абзал Мұхитдинов.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*