ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚҰДІРЕТІ

Астанада қазақ күресінен «Әлем барысы» атағы үшін түйе балуандар арасында әлем чемпионаты өтті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған дүбірлі додаға 40 елден келген таңдаулы балуандар бақ сынады. Халықаралық қазақ күресі федерациясының бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен әлемдік сайыста қазақстандық Айбек Нұғымаров жеңімпаз атанды.

«Барыс Арена» алаңында төселген боз кілемде күні бойы белдескен балуандар бәсекесінің жүлде қоры 30 миллион теңге болды. Сондай-ақ, алтын, күміс және қола белбеулер сыйлықтары тағайындалды. Ең бастысы, қазақ күресінің құдіреті төрткүл дүниеге танылды. Астанадағы чемпионат бірнеше халықаралық телеарналар арқылы көрсетілді.

Екінші рет ұйымдастырылып отырған әлем чемпионатына шет елдерден күрес түрлерінен атақтары дардай балуандар да қатысқан еді. Алайда негізгі айқастар қазақ балуандары арасында өтті деуге болады. Мәселен, биылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ералиев пен бұрынғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров ширек финалда бір-бірімен кездесіп қалды. Ал оның алдында Еламан батыр корей балуанын екі секундта-ақ жер жастандырған болатын. Айбек болса бірінші айналымда астаналық жас балуан Дәурен Нұралиновті тізе бүктірген өзбек балуаны Мухсин Хисамутдиновты жеңген еді. Ал ақтық белдесуге татитын екі мықтының жекпе-жегінде Айбектің асығы алшысынан түсті.

Турнир кестесінің екінші жағынан Ержан Шынкеев қарсыластарының бәрін ұтып, шешуші белдесуде Грузия балуаны Гурам Тушишвилимен кездесті. Тушишвили тегін болмай шықты, Шынкеевтен айласын асырып кетті. Ал бірінші алаңнан жартылай финалға осы жарыста жарқырап көрінген Серік Бердімұрат пен Айбек Нұғымаров өтті. Моңғолиядан келген қандасымыз Айбекке кәдімгідей қарсылық көрсетті. Нағыз итжығыс күрес болды десе де болады. Дегенмен бұл жекпе-жекте Айбек басым түсті.

Сөйтіп, кіл мықтылар анықталып, үшінші орын үшін Серік пен Ержан кездесіп, қарағандылық Шынкеевтің бағы жанды. Ал финалдық белдесуде Айбек Нұғымаров грузин балуанын айқын басымдылықпен жеңді. Осылайша, «Әлем барысы» атағы үшін қазақ күресінен өткен екінші әлем біріншілігінде қазақ балуаны топ жарып, әлемнің абсолютті чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Оған алтын белбеу беріліп, қанжығасына 15 миллион теңге байланды.
Осыған дейін 2014 жылы Павлодар қаласында өткен тұңғыш әлем біріншілігінде Куба қабыланы Оскар Бро­йанс жеңімпаз болған еді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Сонымен қатар

ЕЛ ЕЛОРДАСЫМЕН ЕҢСЕЛІ

Елбасының астананы Алматыдан Арқа төсіне көшіру туралы шешімі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы ұлы мақсаттардан туындаған көрегендік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған