«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

QAZAQ KU`RESI – ӘЛЕМНІҢ КҮРЕСІ

0 61

Астана төрінде қазақ күресінен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде 40 елдің балуаны бақ ­сынады.

«Барыс Арена» спорт кешенінде төселген бозкілемде белдескен балуандардың осалы болған жоқ. Осы жарыстың барысында тағы бір байқағанымыз, қазақ күресін шетелдік балуандар меңгеріп-ақ алыпты. Қай салмақта болмасын тартысты күреске көз жеткіздік. Жалпы қазақ күресінің қазіргі даму үрдісіне қарап келешекте ұлттық күресіміз Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламасына қабалданып қалар деп те үміттенеміз. Қазақ күресі әлем күресінің қатарынан көрініп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Ал енді күрестің өзіне келсек, байрақты бәсекеде 40 елден 167 балуан бағын сынады, әлем чемпионы атағы үшін 8 салмақта белдесулер өтсе, абсолютті салмақта, яғни өзімізше «Түйе балуан» атағы үшін де «жан алысып, жан беріскен» айқастар болды. Шетелдік балуандар арасында дзюдо, грек-рим, самбо, джиу-джитсу және басқа да күрес түрлерінен әлем және құрлық жеңімпаздары аз болған жоқ.
Ең жеңіл салмақта жерлесіміз Марат Нығматуллаев жарысқа жақсы дайындалып келгені бірден аңғарылды. Бірінші белдесуінен-ақ қарсыластарына оқ бойы озық көріне бастады. Ал оның финалда жолыққан қарсыласы армениялық Погос Багалян да осал болмай шықты. Дегенмен, қалың жанкүйердің қолдауын сезінген Марат жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 60 келі салмақта Түркия балуаны Ресул Сонмездің күресі көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Алайда ақтық белдесуге дейін қарсыластарының бәрінен басым түскен түркиялық балуанды қазақ жігіті Қуаныш Ысқақов тоқтатты. Өте тартысты өткен кездесуде төрешілердің шешімімен Қазақстан балуаны жеңіске жетті.
Осы жарыста Өзбекстан балуандары жақсы қырынан көрінді деуге негіз бар. Солардың бірі Аброр Жабборов 66 келі салмақта финалға шықты. Оның қарсыласы жерлесіміз Қасымхан Төленбай да ақтық сынға дейін аптықпай жеткендердің бірі болды. Ал шешуші белдесуде өзбек балуаны жарақат алғанына қарамастан бас жүлде үшін барын салмақ болған. Алайда Қасымханның шеберлігіне ешкім шүбә келтірмеді. 74 келі салмақта алтын үшін өте тартысты белдесу өтті. Куба қабыланы Сотеро Карлос пен қазақ балуаны Ғалымжан Абдрахманов бір-біріне сай болды. Дегенмен, өз жанкүйерлері алдында намысты қолдан бермеуге барын салған Ғалымжанның бағы жанып, әлем чемпионы атанды. Қазақстан намысын қорғаған Ерсұлтан Мұзафаров та 82 келіде үздік шықты.
Алтын үшін ең ұзақ өткен белдесу күрестен әлем және Азия чемпионы тәжікстандық Хуршед Шарипов пен біздің Әділжан Ыстыбаев арасында өтті. Тоқсан келіден тартатын қос мықты бірін-бірі ала алмай көп аңдысты. Нағыз итжығыс күрес көрдік. Көрерменнің қошеметіне бөленген бұл жекпе-жекте төрешілер шешімімен Әділжан жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, ауыр салмақтағы балуандарымыз үмітті ақтай алмады. 100 келіде сынға түскен Александр Касачев бірінші кездесуінде-ақ жеңілістің ащы дәмін татып, жарыс жолынан шығып қалды. Ал ең ауыр, яғни 100 келіден жоғары салмақта Руслан Әбдіразақов бірінші белдесуде кубалық Эрнандес Мельгарехомен кездесіп, ұпай санымен ұтылып қалды. Дегенмен, Руслан басқа қарсыластарымен жақсы күресіп, қола жүлдеге қол созды. Бұл салмақта алтын медаль үшін өзбек балуаны Мухсин Хисомиддинов пен кубалық Эрнандес кездесті. Тартысты күресте Өзбекстан балуаны басым түсті.
Ал абсолютті салмақта, яғни «түйе балуандар» бәсекесінде үкілеп қосқан үмітіміз Айбат Сейтен бірінші кездесуін Болгария балуаны Веселин Ивановқа қарсы өткізіп, жарысты жеңіспен бастаған еді. Алайда оның жолын екінші белдесуде тәжік балуаны Дадахон Құрбанәлиев кесті. Сөйтіп, Айбатты жеңген Құрбанәлиев финалға біра-ақ шықты. Ал оны ақтық сында Грузия балуаны Гуга Кибордзайдзе күтіп тұрған еді. Ал абсолютті салмақта әлем чемпионы атағы үшін таласқан екі алыптың алысы да өте тартысты өтті. Күрестің негізгі уақыты аяқталар сәтте грузин балуаны сәтті әдіс қолданып кетті. Осылайша, грузиялық балуан қазақ күресінен абсолютті салмақта жеңіске жетіп, «түйе балуан» атағына ие болды. Қанжығасына 5 мың АҚШ доллар байлады.
Сонымен, ұлттық өнеріміз қазақ күресінен өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты жарыстың жеңімпаздары 2000 АҚШ доллардан, күміс жүлдегерлері – 1000 доллардан, қола жүлдегерлер 500 доллардан сыйақы алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы, Халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев және атақты спортшылар марапаттады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды