«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ киносының анасы

0 62

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ұлттық кино және театр өнерінің бірегей тұлғасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақ киносының анасы» атты тағылымға толы кеш өтті.

Биыл актрисаның ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО-ның көлемінде атап өтіледі. Хакім Абай өмірге келген топырақта туған ол Санкт-Петербургтегі театр, музыка және кинематография институтын бітіріп, 1938 жылы Шымкент қаласындағы облыстық драма театрға жолдамамен келіп, алғашқы еңбек жолын бастайды. Оның сахнадағы тұңғыш ойнаған рөлі – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» қойылымындағы Мөржан образы. Осылай өнердегі жолы сәтті басталған Әмина апамыз ұлттық театр өнерінің айтулы шеберіне айналды.
Әмина Өмірзақова 1949 жылдан 2006 жылға, яғни өмірінің соңына дейін Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп, осы жылдар ішінде сахнада 150-ден астам рөлдерді сомдап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Театрға келген қаншама жас буынға өнердегі жолы үлгі болды.
Өмірзақованың кино саласына сіңірген еңбегі де – бір төбе. Оны киносүйер қауымға танымал еткен бейне – 1945 жылы түсірілген «Абай әндері» киносындағы «Ажардың» рөлі. Сондай-ақ жұртшылық оны атақты режиссер Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» комедиялық фильміндегі Тайлақ атты ұлына қалыңдық іздеген «Тана» атты ананың рөлін тамаша ойнаған образымен жақсы көреді. Биыл бұл туындының жарыққа шыққанына елу жыл толып отыр.
Кеш барысында Қазақ ұлттық өнер университетіндегі «Өнер тарихы» кафедра­сының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Нәзира Мұқышева мен кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі Камила Әлімжанқызы қатысып, талантты тұлға туралы парасатты ой өрбітті. Актрисаны көзі көргендер ол туралы естеліктер айтты.
«Елімізде Әмина апайдың өнерін білмейтін көрермен жоқ деп ойлаймын. Қазақ киносындағы «ана» бейнесі дегенде Әмина Өмірзақова есімізге түседі. Себебі бұл кісі «қазақ киносының анасы» деген аяулы атқа ие болған жан. Актрисаның жүз жылдық мерейтойы елімізде ғана емес, ЮНЕСКО ауқымында өтетіні де көңілімізге шуақ сыйлады. Осындай көрнекті тұлғалардың өнерін көпшілікке насихаттап, ұлықтау – ұлағатты іс деп ойлаймын» деді Нәзира Мұқышева.
Шара аясында әйгілі актрисаның өмірі мен өнерінен сыр шерткен кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды