«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ киносын дәріптеді

0 29

Рухы бар нәрсе қашанда құнды. «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ғасырдан ғасырға жетер осы құндылықты оқушылар арасында дәріптеуді дәстүрге айналдырған. Биыл оныншы рет шымылдығын түрген сайыс Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, қазақ кино өнерін қамтыды.


Жыл сайын өткізілетін бұл байқау оқушыларды отансүйгіштікке, ұлт­тық құндылықтарымызды құрмет­теуге бағытталған. Қала бо­йынша барлық мектептердің 9-10 сынып оқушы­ларынан озып шыққан 15 команда ақтық сында бақтарын сынады.
Жарыстың шарты бойынша бірінші айналым «Тұсаукесер» деп аталады. Мұнда оқушылар қазақ киносынан үзінді келтіріп, сахналық көріністер қоюы тиіс. Екінші айналымда викториналық сұрақтарға жауап беріп, білім деңгейін сараптайды. Үшінші айналымдағы «Сиқырлы сандық» деп аталатын сын – ең қиын кезең. Мұнда оқушылар сипаттама арқылы жасырылған затты анықтауы тиіс. Бұл жерде оқушының суреткерлік қырымен тіл байлығы да таразыланады.
«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдас­тырып отырған бұл сынға елімізге есімі таныс актерлер мен опера және балет театрының режиссер мамандары баға беріп, қазылық етті. Қатысушыларға ұсынылған фильмдерден жастардың сан қырлы көркем образдарды сомдайтын эстетикалық құбылыс арқылы жалпы дүниетанымын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал ететін эпизодтарын таңдау талап етілді.
Оқушылар сахнада Шоқан болып толғанып, Абай болып ән шырқады. Мәншүк боп ерлік көрсетіп, Төлеген боп тебіренді. Қазақ киносына ерекше серпіліс әкелген мықты кинолардан үзінді көрсету олардың қолдарынан келді.
Сайыс қорытындысы бойынша №64 мектеп-лицейі жеңімпаз атанып, бас жүлдемен марапатталды. Жүлделі І орынды №76 мектеп-лицейі, ІІ орынды №82, №3, №73, №70, ІІІ орынды №75, №66, №52, №85, №48, №74 мектептер иеленді. Сонымен қатар №6 гимназия «Өнерлі команда», №81 «Astana English School» гимназиясы «Көрермен көзайымы», №30 мектеп-­гимназия «Сахналық шеберлік» номинацияларымен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды