ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясының премьерасы үш күн бойы аншлагпен өтті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахналаған спектакльді көруге үлгермегендер оны 10 желтоқсан күні аталмыш театрдан және 14 желтоқсанда «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағындағы Энергия Холлдан тамашалай алады.

«Шәмші мұхит сияқты. Оның қыры да, жыры да, сыры да мол. Біз тек бетін қалқып, ән әлемінің азғантай шоғырын ұсындық. Мұны Шәмші туралы таусылмайтын драманың басы деп түсініңіздер. Жалпы композитор жөнінде бұрын да жазылған, әлі де жазыла береді деп ойлаймын. Әркімнің жүрегінде өз Шәмшісі бар екені анық» деді Серік Тұрғынбекұлы.
Шәмші бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов сомдап шықты. Премьерадан кейін «Мен ағамды сағынып келдім.Үйдің кенжесі болдым. Ағамның қолында өстім. Келгенде маңдайымнан сүюші еді» деген композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова сахнадан тірі Шәмшіні көргендей болғанын жеткізді. Бұл кісі премьераны көруге арнайы Шымкенттен келді.
«Менің маңдайы­ма осындай ұлы тұлғаның образын саxнаға шығару бұйырыпты. Шама-шарқым жеткенше xалықтың жүрегіне жеткізуге тырыстым. Бәріне сүйікті көрермендерім, xалық төреші» дейді Нұркен Өтеуілов.
Спектакльге театр әртіс­терінен құралған тұтас ансамбль тартылды. Олар қойы­лымды басынан аяғына дейін Шәмшінің әндерімен көркемдеді. Осы тұрғыдан алғанда театрдың бас хормейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев пен бас балетмейстер Салтанат Жолымбаеваның еңбегін атап өтуге тиістіміз.
Естайдың «Қорлан» әніне тамсанатын Шәмші осындай туындыны жазуды армандағанын білеміз. Муза кейпінде сахнадан алғашқы мәрте актриса ретінде театрдың камералық оркестрінің мүшесі Маржаннұр Мәкібаева көрінді. Ал Шәмші бейнесінен өнер адамының өз-өзімен арпалысын көреміз. Кезінде Шәмшіні оратория, кантата сияқты классикалық жанрда музыка жазбайсың деген сылтаумен консерваториядан шығарғаны мәлім. Спектакльде осы оқиға да көрініс береді. Анасы дүниеден озғанда «Тірі күнінде саған еш қызық көрсете алмадым» деп, «Ана туралы жыр» әнін жазған композитордың жан күйзелісі де берілген.
Дегенмен, Шәмші соншама бақытсыз емес еді. Мұхтар Әуезовтің өзі оның әндеріне тамсанған. Шәмші туралы «Шәмші», «Шәмші әлемі» және «Шәмшінің әндері мен әзілдері» атты үш кітап жазған белгілі сатирик Көпен Әмірбек өз сөзінде осы жағдайды жаңғыртты.


«Шәмшінің әндері – ХХ ғасырдағы қазақ эстрадасының паспорты. «Шәмші жұпыны өмір сүрді, күнін көре алмады, ешкім өнеріне назар аудармады» деген пікірге мен қарсымын. 1959 жылы Мұхтар Әуезов Қаратауға барды. Қасында жазушы Еркінбек Тұрысов болды. Олар көлікте келе жатқанда Роза Бағланованың орындауында «Ақ маңдайлым» әнін тыңдайды. Сонда әннің «Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші, Жадырашы, назданшы, еркелеші» жолдары айтылғанда Әуезов: «Пәлі, мынау ХХ ғасырдың басынан тамшылап тұрған лирика ғой» деген» деді сатирик.
Оның сөзін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов жалғастыр­ды. «Шәмші көзінің тірісінде мойындалып, танылған. Кезінде Дінмұхамед Қонаевтың мені шақырып: «Мен Нұрғиса Тілендиевті Композиторлар одағына қабылдау туралы қанша тапсырма бердім. Ақыры Нұрғиса да композиторлық дип­ломның жоқтығы сылтау болып, ол орындалмады» деген әңгімесі есіме түсіп отыр. Дінмұхамед Ахметұлы Тілендиев арқылы Шәмшімен де танысып, пәтер берді» деді депутат.
Спектакльге келсек, автор өзінің «Мұқағали» драмасы сияқты «Шәмшіні» де монолог негізінде жазып шыққан. Оның көркемдік қиялға ерік бергенін байқадық. Композитор қандай қарапайым болса, сахна да соған сай безендірілген. Мұны режиссерлік шешім деп ұқтық. Ал жаңа спектакльдің театрдың репертуарына берік енуі мәселесі алдағы күндердің еншісінде.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

АКАДЕМИК БАЙЗАҚОВ

Журналистика мамандығының басқа кәсіпке қарағанда бір ерекшелігі бар, ол – редакция тапсырмасымен, кейде жеке өзінің …

One comment

  1. Спектакльдің балетмейстері Адыл Эркинбаев деген азамат! Бұндай өрескел қатені сол кісінің үлкен еңбегі үшін түзеткендеріңіз дұрыс деп өтінеміз… рахмет!!!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған