«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ боксы – ұлттық брендіміз

0 302

Астанада Қазақстан боксының 85 жылдығы аталып өтілді. Бокс, біле білсек, қазақтың оң жамбасына қонған, ұлттық спортына баланған өнер десек те жарасады. Қазақстан былғары қолғап шеберлері әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерден құралақан қайтқан емес. Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко, Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сынды шаршы алаңның шеберлері шын мәнінде халқымыздың мақтанышы болып саналады.

Спорт әлемінің шыңы – Олим­пиада ойындарынан Қазақстан боксшыларының 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медаль алғаны, сонымен қатар үш қазақстандық былғары қолғап шеберінің «Баркер кубогының» иегері болғаны ел спортының мерейін үстем еткені айқын. Сондай-ақ әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктерінде де қазақ боксшылары көптеген жүлдеге қол созды. Әлемдік шаршы алаңда көк туымызды көкке көтерген боксшыларымыз халқымыздың мақтанышына айналып жүр. Мұндай көрсеткіш басқа спорт түрлерінен әзірге болған емес.
Ел спортының биік көрсеткішіне елордамыз Астана қаласының қосып жатқан үлесі де айтарлықтай. Кезінде КСРО біріншіліктері мен халықаралық жарыстарда олжа салған Роман Каспер, Василий Скуб, Тагир Айтбагинов, Николай Кумпан, Камиль Хабибрахманов, аға­йынды Берік, Ерік және Ермек Маржық­паев, Мәулен, Мұрат және Марат Мұстафиндер, Жанат, Қайрат және Марат Манашевтер, Абылай Искаков, Рамазан Түлкібаев, Еркін Бексейітов, Ақылбек Нұрмағанбетов, Бауыржан Таңжарықов, Болат Абдрахманов, Ислам Гойгов және басқа да жігіттер салған ақжолтай ізді кейінгі толқынмен келген жастар да сәтімен жалғас­тыра білді.
Қазақстан ұлттық құ­рамасы сапында ел намысын қорғаған елордалық Данияр Елеусінов, Геннадий Головкин, Василий Левит, Мерей Ақшалов, Марина Вольнова, Ләззат Күнгейбаева, Валентина Хальзова, Қанат Абуталипов, Жеңіс Нұрғожин, Нұржан Кәрімжанов, Ілияс Сүлейменов, Данияр Төлегенов, Азат Махметов, Рахат Маржықпаев, Садриддин Ахмедов, Нұрбек, Айбек Оралбайлар және басқа да боксшылар Олимпиада ойын­дарынан бастап, әлем чемпионаттары мен Азия додаларында топ жарды. Осы боксшылар арасынан Олимпиада ойындарының бір чемпионы, екі күміс және бір қола жүлдегері, сегіз әлем чемпионы шықты.
Әрине, спортшының жеңімпаз болуы көп ретте көзге көріне бермейтін бапкерлердің еңбегіне байланысты болатыны белгілі. Жақсы жаттықтырушы же­ңіске жол салатын негізді қалайды. Бұл ретте бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың боксын өрге сүйреген майталман бапкерлер де жеткілікті. Бұл ретте Қанбек Байғұлов, Сергей Турчак, Анатолий Тен, Жанат Манашев, Берік Маржық­паев, Марат Елеусінов, Мәулен Мұстафин, Владимир Камашов, Бейбіт Масабаев және басқа да бапкерлердің есімі үлкен құрметпен аталады.
Иә, әлемдегі үздік құрамалардың алдыңғы қатарынан көрініп жүрген Қазақстан боксының мерейі үстем бола беретініне қазақ жанкүйері сеніммен қарайтыны сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды