«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ әуені қалықтады

0 64

Иорданиядағы Хусейн королінің мәдениет орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, әлем әртісі Айман Мұсақожаева өзі басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды студенттерімен бірге өнер көрсетті.

Бұл айтулы шара Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатия­лық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Кеш барысында ұлтымыздың музыка әлеміндегі асыл қазынаға айналған шығармалары орындалды. Маэстро Айдар Торыбаев жетекшілік ететін Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Е.Рахмадиевтің «Құдаша думан», «Күй шашуы», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» көрермендердің делебесін қоздырды. Әлемдік классикадан П.Чайковский мен Дж.Россинидің туындылары ойналды. Айман Мұсақожаеваның өзі де жұртшылық алдында өнер көрсетіп, скрипкадан төгілген сырлы әуезімен тыңдармандарды ғажайып әсерге бөледі.
«Біздің концертіміз өте қызықты өтті. Себебі оған тек студенттер ғана емес, сонымен бірге Иорданияның музыканттары да қатысты. Ұлттық музыкалық консерваториясының ректоры Мұхаммед Сидик мырзаның осы концертке арнап шығарма жазғаны және дирижер ретінде өнер көрсеткені де ерекше болды. Бұл ұмытылмас сәтке айналды. Студенттер Шығыстың ғажайып әлемі мен араб музыкасының сиқырын сезінді. Ол жастарға ерекше рух берді» деді А.Мұсақожаева.
Мәдени шарада сөз алған Амман қаласы әкімінің орынбасары Ибрахим Хрейс мырза «Биыл елордамыз Амман қаласында «Астана» атты көшенің ресми ашылуы жоспарланып отыр. Амман қаласының басқармасы атынан екі бауырлас халықты дипломатиялық қарым-қатынас­тардың 25 жылдығымен құттықтаймыз. Мәдени ынтымақтастық тұрғысынан бүгін музыкалық ұжымдар бірлесіп өнер көрсетіп жатыр. Бұл екі ел арасындағы достықтың нығаюына зор септігін тигізеді» деп ізгі лебізін білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды