«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қазақ антологиясы алты тілде жарық көрді

0 88

 

Кеше Астанада «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысына арналған отырыс өтті. Отырыста аталмыш жоба шеңберінде қазақ прозасы мен поэзиясын ағылшын, испан, француз, қытай, орыс және араб тілдеріне аудару үдерісі туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Бұл жоба Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы болып отыр. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.

Аталмыш қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, алдында үйлестірушілер БҰҰ-ға мүше әлемнің алты елінің астаналарын аралап, тиісті келісімдерді жасаған. Қазір алты тілге аударылатын қазақ антологияларының жолма-жол аудармаларының алғашқы үлгілері дайын болып қалды.

Қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асуда. Қазақтың әдеби шығармаларын испан тілінде сөйлетуге Испанияның Мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысады. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.

Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тіліндегі аударма мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей жазушылар одағы­ның мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің баспасы атсалысады.

Қазақ әдебиеті жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады.

Жоғарыда аталған серіктес ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 50-ден аса маман тартты. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр.

Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікір алысты.

Жобаға Қазақстан Жазушылар одағы қолдау көрсетіп отыр. Аталмыш ұйымның басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақ әдебиетін әлем тілдеріне аударудың артықшылықтары туралы сөз сөйледі. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегерлері, белгілі ақындар Марфуға Айтхожина мен Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы бұл жоба ұлтқа, қазақ ақын-жазушыларына не беретіні жайлы ойларын айтты.

Жобаны талқылау 16 қаңтар күні Алматы қаласында жалғасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ       

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды