«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

0 128

Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойына арнап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ханасының ұйытқы болуымен бірқатар шет мемлекеттерде «Қазақ әдебиетінің орталығы» ашылды.

20161029151944

Халқымыз сөз өнеріне Құла­гердей жүйрік екені мәлім. Әсіресе, әлемдік руханияттан өз орнын ойып алған қазақ әдебиетінің де жұртшылық сүйсініп оқитын інжу-мар­жандары жетерлік. Әріге бар­май-ақ, өткен жиырмасын­шы ғасырда ғұмыр кешкен алы­бымыз Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романымен халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен даналығын, мәде­ниеті мен парасаттылығын, ғажайып сұлу сазға өрілген тілі мен танымын жер-жаһанға жарқыратып көрсеткен еді. Міне, осындай саф алтын секілді ешқашан тот баспайтын асыл қазыналарымызды әлемдік деңгейде насихаттауға жаңа ашылған орталықтардың берері мол болмақ.
«Мұндай орталықты шетел­дерде ашудағы басты мақ­са­тымыз – елден жырақта жүр­ген қандастарымыз бен Қазақстан жайлы көбірек білгісі келетін шетелдік азаматтарға еліміздің тарихы, әдебиеті, өнері және ғылымның әр саласында жеткен жетістігіміз жайлы мәлімет­терді жеткізу» дейді осы ізгі­лікті істі ұйымдастырушылар.
Бүгінде «Қазақ әдебиетінің орталығы» Армения, Венгрия, Германия, Иран, Қырғызстан, Малайзия, Ресей және Оңтүс­тік Корея секілді мемлекет­терде ашылып, шетелдік оқыр­мандарға Отанымызды жақы­нырақ білуге мүмкіндік туды.
Таяуда ғана жаңа орталық Түркияның астанасы – Анкара қаласында ашылды. Оған Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қолдау көрсетті. Орта­лықтың ашылуына Түрік Ұлт­тық кітапханасының директоры Зүлфи Томан, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың директоры Жанат Сейдуманов және елордадағы Ұлттық акаде­мия­­лық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Әлия Қожабекова секілді азаматтар қатысып, тұсауы кесілген орталықтың екі ел арасындағы мәдени, рухани дамуды жоғарғы деңгейге көтеретіні жайында салмақты сөз қозғалды.
Алдағы таңда осындай ор­талықтарды тағы басқа шет елдерде ашу жобаланып отырған көрінеді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды