-->

ҚАЗАНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

Бұрнағы күні өткен Үкімет отырысы әдеттегіге қарағанда айтарлықтай қатқыл ауанмен басталды. Бұған соңғы кездері пайда болған жанар-жағармайдың тапшылығы мен көмірдің жетімсіздігі себеп болды. Күн тәртібінен тыс қозғалған бұл мәселелерді талқылаудың қорытындысында осыған кінәлі саналған бірнеше лауазымды тұлғаның әкімшілік жауапқа тартылуларына тура келді.

Жанармайдың жағдайы «жарылуға» жақын

Үкімет басшысы отырыс басында оның күн тәртібіне алдын ала енгізілмеген тақырып – елде соңғы кездері орын алып отырған жанар-жағармайдың тапшылығы туралы сөз қозғап, бұл зәруліктің ешбір қисынға сай келмейтінін айтты. Осы ретте өңірлерде қазір бензиннің лимитпен, кей жерлерде тіпті талонмен ғана беріле бастағанын, мұның ақыры жер-жерде бағаның күрт көтеріліп кетуіне апарып соқтыр­ғанын тілге тиек етті.
Аталмыш мәселеге орай алдымен Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды. Ол өз сөзін қараша айының басында бензин құнына өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар екенінен бастады.
– Мен жұртты шыдамды болуға шақырамын, – деді министр. – Біз кезі келгенде бәрін орны-орнына қойып береміз. Бағаның жоғары екеніне де таңғалып керегі жоқ, себебі Ресейдің өнімі қымбат. Оның литрі Ресейде – 220-225, бізде 190 теңгеден сатылуда. Қарашада импорттың көлемі екі есеге азайып, біз бағаны төмендетудің тетігін табамыз.
Министрдің айтуынша, қыр­­күйекте бірқатар май құю стансаларында бензиннің ­литрі 147 теңгеден 155 теңгеге дейін көтерілген.
– Мысалы, «Синойлда» ол 148 теңгеден сатылды, сондықтан оның айналасында ұзын-сонар кезек қалыптасты, – деді Қ.Бозымбаев. – Басқа желілер мұнай базаларында қажетті көлемді ұстады. Мен елде бензин тапшылығы жоқ дер едім. Кеше кешке АИ-92 маркалы 138,5 мың тонна бензин болды.
Қ.Бозымбаев осыны баяндай келіп, елде бензиннің әлі 15 күндік қоры бар екенін айтуы сол еді, Премьер шарт кетті.
– Мен сіздің сөзіңізді бөле­йін, – деді Б.Сағынтаев сол бой­да. – Егер тапшылық жоқ бол­са, кезек қайдан шықты? Иә, бензин сатылып жатыр, бі­рақ ол шектеумен, кей жер­лерде тіпті талонмен бе­рі­луде. Нәтижесінде баға өсіп кетті. Алайда Қанат Алдабергенұлының Үкіметтің өткен отырысында бұған қатысты барлық проблеманың шешілетіні жөнінде уәде бергеніне қарамастан, жанар-жағармайдың жағ­дайы сол қалпында қалды, яғни ол тұрақтала қойған жоқ.
Министрдің екі мұнай өңдеу зауытының бір мезгілде жөн­деуге тұрғаны мен көрші Ресейде бағаның көтерілгені, сөйтіп, қазақстандық өндірушілер әкелетін бензиннің көлемі түсіп кеткені турасындағы уәждерін Үкімет басшысы ықыласты қабылдай қоймай, мұны жай «жалтарма жауап» деп атады.
– Сіздер бәрін алдын ала білдіңіздер, – деді ол, – мамыр айында-ақ Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тұратын уақыты көктемнен күзге көшірілетіні туралы хат берілді, сіздер екі зауыт бірінен соң бірі жұмыстарын тоқтататынын жақсы түсіндіңіздер. Сол себепті аймақтардағы бензинге сұраныс­ты қыркүйекте емес, алдын ала анықтауға тиісті едік. Сөйтіп, жоқ жерден дау таптыңыздар.
– Бұл үшін кінәлілер жауап­қа тартылулары керек, – деді Б.Сағын­таев. – Біріншіден, Үкімет мүшелеріне қатысты тәртіптік шараны Президент қабылдайтын болғандықтан, мен бүгін Мемлекет басшысының атына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс беремін. Екіншіден, вице-министрлерге қарсы шаралар қабылдау менің құзырыма жатады, сондықтан осыны пайдаланып, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босату жөнінде шешім шығарамын.
Бұдан кейін Премьер-министр «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтен қор құрамына кіретін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа «Өзіне тиісті міндеттерін орындамағаны үшін белгіленген тәртіп бойынша сөгіс жариялауды» ұсынды. Бұған қоса, қор басқармасының басшысына «өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежесінде атқара алмағаны үшін» ұлттық компанияның вице-президенті Данияр Берлібаевтың өкілеттігін тоқтату туралы тапсырма берді.

Көмір сатуда да кедергілер кезігіп тұр

Үкімет отырысында аймақтарды көмірмен қамтамасыз етудегі іркілістердің жайы да қаралды. Премьер-министр бұл ретте көп өңірлердің әлі күнге дейін керек көмір қорымен қамтамасыз етіліп үлгермегенін сынға алды.
Отырыста осы мәселеге байланысты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те есеп берді. Елорда басшысынан бөлшек сауда базарларында көмірдің неге тапшы болып отырғаны сұралды. Бұған Әсет Өрентайұлы жағдайдың қазір толық бақылауда тұрғанын және қалада көмірге деген зәруліктің жоқ екенін айтып жауап қатты.
– Ерекше айта қоятын бір нәрсе – Шұбаркөл көміріне деген сұраныстың өсіп кетіп тұрғаны ғана бар, – деді қала әкімі. – Бізде он күннің ішінде қазан айының нормасы сатылып кетті. Сұраныс үш есе өсіп тұр. Шынында да, елімізде күн күрт суытты, қазір Шұбаркөлден көмір әкелу артып барады, ертең оның 5 мың тоннасы келеді, осыдан кейін мәселе оң шешіледі деп ойлаймын.
– Сіздер күннің ерте суытатынын білмедіңіздер ме? – деп сұрады кенет Үкімет басшысы.
– Бақытжан Әбдірұлы, мұндағы мәселе мынада: шынында да, үлкен сұраныс қазан айының басынан басталды, – деп жауап берді бұған Ә.Исекешев. – Рынок субъектілері, осыған орай, көмір жеткізу кестесін шұғыл өзгертуге мәжбүр болды, бұл алғашқы күндерде бірден қарбаластық туғызып жіберді.
Премьер-министр осы мәселеге байланысты жасаған қорытындысында өткен жолы тиісті министрліктер мен әкімдіктердің жылыту маусымына толық дайындық сапында тұрғандарын баяндап шыққандарын еске салды. Бірақ нәтижесінде бәрі ондай дайын болмай шықты. Қыс басталмай жатып-ақ көмірдің жетімсіз екені байқалып қалды.
– Осының өзі жылыту кезеңі үшін жауап беретін басшылардың жауаптылығын немесе жауапсыздығын көрсетеді, – деп сөзін түйіндеді Бақытжан Сағынтаев. – Біз бұл мәселені ұдайы бақылау­да ұстап отыратын боламыз.
Үкімет басшысы отырыс барысында өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге Қарағанды облысы мен Астана тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне бақылау жасауды тапсырды.

Серік ПІРНАЗАР

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*