Понедельник, 26 Июнь 2017
-->

ҚАЗАҒЫМНЫҢ ТУЫН КӨТЕРСЕМ ДЕП ТАЛПЫНДЫМ    

194e64bbfb2c3ace3bf4b68253de8aa7

Газетіміздің дәстүрлі «Оқырманнан – он сұрақ» айдарының бұл жолғы қонағы Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған дзюдошы Елдос Сметов болды.

    Елдос Сметов – 1992 жылы туған, дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы (2010), халықаралық Гран-при турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының жеңімпазы (2014), әлем чемпионы (2015).
– Елдос аға, әлем чемпионы болғаныңыз құтты болсын! Сіз күресті қашан және қайда бастадыңыз? Менің де дзюдошы болғым келеді…
Данияр Омаров, мектеп оқушысы, Астана қаласы.
Талабыңа нұр жаусын! Мен күрес залына бес жасымда келдім. Тараз қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Ахмет Жұмағұлов деген бапкерден дзюдоның қыр-сырын үйренуді бастаған едім.

  –  Әлем чемпионы болғаныңды теледидардан көрдім. Өз елімізде бірінші рет өтіп отырған әлем чемпионатында бірінші болып татамиге шығып, бірден жеңімпаз атанғаның қандай абырой болды?! Сұрағым – біздің елімізде дзюдо күресі қаншалықты дамып отыр деп ойлайсың?

Бейбіт Молдияров, Щучинск қаласы.
      – Сұрағыңыз ауырлау екен, мен қарапайым спортшымын ғой, сонда да жауап берейін. Дзюдо күресі елімізде соңғы жылдары өте жақсы қарқын ала бастады. Ресми жарыстардың көрсеткіштерімен бағаласақ, осыған дейін әлем біріншіліктерінде бір ғана алтын, екі күміс медаль, үш қола медаль ғана еншілеген екенбіз. Бұл аз ба, көп пе, білмеймін… Олимпиада ойындарынан тек Асхат Житкеевтің жалғыз күмісі бар. Ал Азия жарыстарында табыстарымыз баршылық. Енді, міне, осы өтіп жатқан әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс медаль алып отырмыз. Әлі де бірнеше жүлде алсақ деп үміттеніп жүрміз. Құдайға шүкір, ел намысын қорғауға келгенде аянбайтын қыз-жігіттеріміз бар. Жалпы, біздің елімізде дзюдоға қазір жақсы көзқарас қалыптасып отыр. Бұл ретте алдымен Мәдениет және спорт министрлігі, Спорттық жекпе-жектер мен күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, республикалық дзюдо федерациялары спортшылар үшін, сондай-ақ, спорттық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Демеушілік көрсететін «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компанияларына да алғыс айтамыз.
    – Елдос аға, «Осындай чемпион болғым келеді» деп еліктеген спортшыңыз болды ма? Сіздің чемпион болғаныңызға қатты қуандық…
                   Бибинұр Дидар, Ерейментау қаласы, Ақмола облысы.
 – Шынымды айтсам, жалғыз бір адамға ұқсайын деп ойламаппын. Елімізде Олимпиада ойындары мен әлем чемпиондары болған ағаларымыз көп қой. Спортшы болған соң бәріне де қызығып қарайтынмын. Солар секілді чемпион болсам деп армандайтынымды жасырмаймын. Қазағымның туын көтерсем деп талпына бердім, осы мақсатта еңбектенуден қашпадым.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші. Сіз чемпион болғанда олар қалай қуанды екен?

        Көшербай Смағұлов, Төңкеріс ауылы, Целиноград ауданы, Ақмола облысы.
– Құдайға шүкір, әкем мен шешем бар. Екі ағам өз алдарына үй болып, бала-шағасын өсіріп отыр. Енді, олардың қалай қуанғанын айтып жеткізе алмаспын. Олардың бәрі – мен спортқа келгелі ең басты тілеуқорларым және жанкүйерлерім.
– Сіз үйленгенсіз бе? Жоқ болса, сүйген қызыңыз бар ма? Қайда тұрасыз?
     Салтанат, студент, Астана қаласы.
– Екеуі де жоқ. Таразда тұрамын.
         – Спорттан басқа, көңіліңіз қалайтын кәсіп-ермегіңіз бар ма?
       Айнагүл Әбілова, Астана қаласы.
    – Шынымды айтсам, менің бар уақытым жаттығу мен жарыстарға қатысуға кетеді. Бос уақытым аз десем болады. Бірақ, қолым тигенде ән салуды ұнатамын. Анда-санда караокеге барып тұрамын.

– Әлем чемпионы болғанызбен құттықтаймын. Сіз дзюдо күресінен бұл атаққа қазақ жастарынан бірінші болып қол жеткіздіңіз, бұл да үлкен абырой болды. Енді Рио-де-Жанейроға барасыз ғой, Олимпиада ойындарынан алтын алуыңа тілектеспін.

         Болат Балжанов, зейнеткер, Астана қаласы.
   – Тілегіңізге көп рахмет аға. Әрине, ендігі мақсатым – Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету. Дайындаламыз.
– Бапкеріңіз кім? Елдос, әлем чемпионы болу тікелей бапкерге қатысты болады деп ойлайсыз ба?
    Жақсыкелді Әбдірахманов, жеке кәсіпкер, Астана қаласы.
 –  Мені әлемдік деңгейге көтерген бапкерім – Ғалымжан Жылгелдиев. Бұл кісі менің туған ағамдай болып кеткен ғой. Ұлттық құрамада Ермек Иманбеков ағаның қол астында жаттығамыз. Ал екінші сауалыңыз жайында айтарым, өз басым бапкерсіз жеңіске жету мүмкін емес деп ойлаймын.

– Жеңісіңізді кімге арнадыңыз?

                       Фарида Каримова, Астана қаласы.
     Еліме, халқыма, ата-анама, бапкерлеріме және өзіме!

        Дайындаған: Ғалым ҚОЖАБЕКОВ   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*